Астанада 2025 жылға дейін 44 мектеп салынбақ
Астанада 2025 жылға дейін 44 мектеп салынбақ
657
оқылды
Астанада 2025 жылға дейін тағы 120 мың оқушы орны құрылады (2 ауысымда). 44 мектеп салу жоспарланып отыр. Егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарына (ЕТЖ) әр ауданда (шағынаудандарда) оқу орындары болуы үшін бағыттар бекітілді. Бұл туралы қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында Алтай Көлгінов айтты. "Елордамыз қарқынды дамып келеді. Халық саны жыл сайын артуда. Мысалы, мамыр айында 8 мыңнан астам бала шығарсақ, қыркүйек айында бірінші сыныпқа 25 мыңнан астам бала қабылдаймыз. Үш ауысымда оқытатын мектептердің пайда болуын жоспарлы түрде азайту және болдырмау үшін жыл сайын кемінде 10 мектеп салу қажет. Мысалы, 3 жыл ішінде 70 мың оқушы орнына 34 мектеп салынды. Тек биыл   23 мыңнан астам оқушы орны құрылуда. Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес, біз жайлы, ірі габаритті мектептер салуға кірістік. Қазір біз 80 мың оқушы орнына (2 ауысымда) 20 ірі мектеп жобалап жатырмыз. Егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарына (ЕТЖ) әрбір ауданда (шағынаудандарда) оқу орындары болуы үшін бағыттар бекітілді", – деді Алтай Көлгінов. Сондай-ақ Астана әкімі елордада мектеп салу үшін 70-тен астам учаске анықталғанын атап өтті. Аталған жер учаскелерінің ауданы 240 мың оқушы орнына (2 ауысымда) оқу орындарын салуға мүмкіндік береді. Әлеуметтік нысандарды салу үшін бөлінетін жер учаскелерінің саны жыл сайын ұлғаяды. Білім беру сапасын арттыру үшін жыл сайын педагогикалық мамандықтарға гранттар бөлінеді: егер үш жыл ішінде 1 400 грант бөлінсе, биыл тағы 1 мың грант бөлінді. Сондай-ақ  жеке инвестордың есебінен педагогикалық институт құру жоспарланып отыр.