Ескі шаһар тұрғындары қапалы
Ескі шаһар тұрғындары қапалы
460
оқылды
Шымкент қаласында соңғы 5-10 жылдың ішінде жол жөн­деу жұмыстары қарқын алған. Әсі­ресе, республи­калық маңызы бар үшінші мегаполис атанғалы тіпті күшейген. Бар күш жол жөндеуге жұмсалып жатыр ма дерсіз. Се­бебі құрылыс жұмыстарына ке­дергі келтірілмес үшін кейбір кө­шелерде көлік қозғалысына ты­йым са­лынып, қайта-қайта жа­былып қалып жатыр. Есесіне, қалада жиі кептеліс бола­ды. Бұл келеңсіздіктер көп­шіліктің на­разылығын туғызып та жатыр. Түсі­ніс­тікпен қарайтындар да, құқының тап­талып жатқанына ренішін білдіретін­дер де көп. Соның бірі – қа­ланың қақ ортасындағы Қонаев даң­ғылына қатысты.
Дінмұхамед Қонаев даңғылын әрі қарай ұзарту жұмыстары осыдан 5 жыл бұрын басталған. Қонаев даңғылы Шым­кент–Ташкент тасжолына дейін жал­ғаспақ. Аталған даңғылдың Түркістан көшесімен қиылысқан тұсындағы «Түр­кістан» моншасы 2018 жылы бұзылған еді. Бас жоспарға сәйкес, Қонаев даң­ғылын ары қарай созу тура осы жерден басталған. Шаһардағы көлік нөпірін азайту үшін басталған бұл жоба аясында «Ескі қала» аумағында орналасқан 74 тұрғын үй мемлекет есебінен сатып алын­ғанына да осынша уақыт болды. Бүгінде осынау аумақта мемлекет меншігіне қа­жетті деген үйлердің барлығы да бұзылып біткен. Қазір даңғылды ары қарай созу жұмысы әлі де жалғасып келеді. Ең әуелі бұрынғы «Түркістан» моншасы орналас­қан жерден қазіргі «Ескі қаладағы» «Маг­нолия» дүкеніне дейін созылып, Таш­тракт көшесін қақ жарып өтетін даңғыл бойында жерасты туннелі де салынатын болған. Осылайша, Бадам өзеніне дейін созылатын даңғыл қаладан шыға берістегі Ақтас ауылынан бір-ақ шығады. Сөйтіп, одан ары Шымкент–Ташкент тасжолына қосылады. Бастапқыда 2018 жылы бас­талған құрылыс үш жылға жоспарланған. Алайда Шымкент қаласының Жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы берген мәліметтерге сү­йен­сек, Қонаев даңғылында жүріп жатқан жол құрылысы жұмыстарын 2023 жылы аяқтау жоспарлануда. «Құрылыс жобасы бойынша Д.Қонаев даңғылы 2 кезеңнің ұзындығы – 1,71 шақырым, жолдың ені 42 метрді құрайды. 6 қозғалыс жолағы бар. Әйтеке би көшесі мен Тәуелсіздік көшесінің қиылысында көпір арқалығы орнатылады. 2 кезеңнің жұмыс шеңберін­де жол негізін әзірлеу және құрылыс бел­деуіндегі инженерлік желілерін ауыс­тыру жұмыстары жүргізілуде» делінген басқарманың баспасөз хатшылығы берген ақпаратта.
Алайда бүгінде осынау «ғасыр жобасына» айналып кеткен даңғылдың құрылысы тұрғындарды әбден мезі еткенге ұқсайды. 3 жылдан бері орталыққа жету үшін май топыраққа батып, шаңға көмілетін «ескі шаһар» тұрғындары құрылыс және тұрмыстық қалдықтардың да әр жерде төбе-төбе болып үйіліп жататынына әбден ашынған. Кешке қарай көшеде жарық болмай үлкен кісілерден бөлек, сабақтан қайтқан жас жеткіншектер үшін қауіпті болатынын да айтады. Себебі, алқам-салқамы шыққан көшедегі төбе-төбе құрылыс материалдары есірткі ошағына да айналып бара жатқан сияқты. Себебі әр жерден оларға тән белгі байқауға болады. Қаңғыбас ит пен мысық та осы аумақты торуылдайды. Шымкент Қала орталығындағы бұл көрініс бізді де бей-жай қалдырмады. Мұнда қызып жатқан ешқандай құрылыс жұмыстары байқалмады. Тек жоғарыда айтып өткен­дей, үйілген қоқыстардың иісі қолқаны қабады. Тіпті, әлі бұзылуды күтіп тұрған үйлер де бар болып шықты. Бағалау құ­нына келісе алмай отырған 4 үй, одан бөлек, құрылыс жұмыстарына кедергі кел­тіріп отырған тағы бір үлкен жеке­меншік нысан да тұр. Құрылыс материал­дарын көздің қарашығындай бақылап жүрген күзетші Асылбек Нұрсейітов жұмыстың кешеуілдеуіне үй иелері кедергі келтіріп отыр дейді. Сондықтан жер астымен өтетін жылу қазандықтары мен құбырларын қисық орнатыпты. Жоспарға сай жолдың астында қалып кетпеуі үшін құбырлар шетке жылжы­тылуы керек болған.
Ал осы маңдағы Свабода көшесінің тұрғыны Мұхадас Ташанова 3 шақырым қашықтықтағы жұмысынан шаңға батып келе жатыр екен. Қала ішіндегі бағыттағы көлік те, тіпті жеңіл көлік те жүре алмай­тын мына жерде осылай өмір сүріп келе жатқанына жылдан асыпты. «Күнде таңертең кешке жұмысқа 3 аялдамадан аса жаяу жүремін. Тегіс, таза жол болса мейлі. Ойлы-қырлы жолдағы майлы то­пырақ аяғымызға жабысып, үсті-басы­мыз да шаң болып барамыз. Құ­ры­лыс жұмыстары бірнеше жылға жоспар­ланғаннан кейін тұрғындар үшін уақытша аяқ жол салып қойса да болады ғой. Жұмыстың қашан бітетінін де білмейміз. Бізге нақты ешнәрсе айтылмайды», – дейді ол. Одан бөлек, кәріз жүйесінің мәселесі тұрғындарды мазалап жүр. Қош­қар ата өзеніне жақын орналасқаннан болуы керек, мұндағылар кәріз жүйесі үшін арнайы құдықтар қаза алмай әуреге түседі. Кез келген жерді қазса, су шығып кете береді. «Мұнда ешкім жертөле қаз­дырмайды. Тұрғын үйдің де іргетасын қалың, биік етіп қалағанбыз. Әйтпесе, су шығып кете береді. Сондықтан осы маңай тұрғындары 2-3 күн сайын 8000 теңгеден қалдық суды тартқызып отыра­мыз. Оны көбіміздің қалтамыз көтер­мейді. Әкімдік бұл мәселемізді біледі, талай мәрте айтқанбыз. Бірақ ешқандай әрекет жоқ. Бізге кәріз жүйесін реттеп берсе», – дейді қала тұрғыны.
Сонымен қатар әр жерде шашылып жатқан, төбе-төбе болып үйілген қоқыс қалдықтары да тұрғындардың наразы­лы­ғын туғызуда. Өздері қапшыққа салып, бір бұрышқа жинап кетуден шаршаған. Бұл туралы Әл-Фараби ауданы әкімдігі Ескі қалашық аумағындағы жеке сек­тор­ларда қоқыс «Шымкент­Спец­комплекс» мекемесі тарапынан кестеге сай аптасына бір рет алынып жатқанын айтады. Ал жолайрық құрылыс жұмыстары бойынша жер телімдерін мемлекеттің мұқтаж­ды­ғына алу процесі жүріп жатыр. Ендеше мына қарқынмен әзір біте қоймайтын құрылыс жұмыстарының әурешілігіне тұрғындар әлі де шыдай беретін сияқты. Дегенмен қала халқының жайлы өмірі үшін мұндай «ғасыр жоба­лары» кезінде халыққа да тиімді нұсқалар қаралуы тиіс. Шыдамның да шегі бар...