Қонаев шаһарын «ақылды» қала ретінде дамыту қажет – Президент
Қонаев шаһарын «ақылды» қала ретінде дамыту қажет – Президент
Фото: t.me/bort_01
503
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жұмыс сапарымен барды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. «Біз бірлесе отырып, Қонаев қаласын маңызды әрі тартымды облыс орталығына айналдырамыз. Үкіметке осы мәселелерді шешуде әкімдікке қолдау көрсетуді тапсырамын. Облыс орталығын Қонаевқа көшіру жұмыс орындарын ашу, тұрғын үй қорын ұлғайту, инфрақұрылымды дамыту, көшелерді абаттандыру жоспарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Өңірде әкімшілік ғимараттар, тұрғын үйлер, ауруханалар, мектептер, балабақшалар, мәдениет және спорт нысандары жаппай салынады. Санаториялық және курорттық аймақтар пайда болады. Облыс орталығын экологиясы таза, өмір сүруге қолайлы «ақылды» қала ретінде дамыту қажет. Жаңа облыс орталығына жаңа бас жоспар керек. Бұр ретте қаланың жаңа мәртебесін ескеру маңызды. Қонаев қаласы ғылым-білім орталығына және студент жастардың қаласына айналуы керек. Қазір жоғары оқу орындарының көбі Алматыда орналасқан. Бұл халық онсыз да тығыз қоныстанған қаланың ахуалына өз әсерін тигізеді. Онда көлік кептелісі көп. Жатақхана және қолжетімді баспана тапшылығы бар. Шаһардың ауасы да ластанып барады. Осының бәрін ескере отырып, Қонаевта «академиялық қалашық» құру мәселесін қарастырған жөн деп санаймын. Ірі қалалардың жанынан инновациялық орталық құрған елдер аз емес. Үкімет бұл мәселе бойынша жаңа жылға дейін нақты ұсыныс беруі керек», – деді Президент. Бұған дейін Мемлекет басшысы Алматы облысы – еліміз үшін айрықша орны бар аймақ екенін ерекше атап өткен болатын.