Бүгінде Әулиеата жерінде әдебиет тойы. Қазақ әдебиетінің қызыл жебесі атанған Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойы өтуде. Таңертең Шер-ағаның еңселі ескерткішінің ашылу салтанаты өтсе, сондай-ақ ғылыми-практикалық конференция да ұйымдастырылды.
Бұдан бөлек, тағы бір жеткен үлкен қуаныш халықаралық Тараз инновациялық институтына ресми түрде Шерхан Мұртаза есімі берілді.
Жалпы аталған білім ордасы Шер-аға шығармашылығын көзі тірісінде дәріптеген бірден-бір оқу орны. Шерхантану орталығын ашып, қаламгердің «Бір кем дүние» көптомдығын да басып шығарды. Одан бөлек Шерхан Мұртаза оқуларын ұйымдастырып, жазушы мен жастарды жақындастыра түсті.
Енді міне дәл осы институтқа Шерхан Мұртаза есімінің берілуі заңды дүние екенін көпшілік айтуда. Сондай-ақ Шер-ағаның еңселі ескерткіші білім ордасының «Студенттер үйінің» дәл алдына орнатылуы да оң шешім екені даусыз. Ендеше Шер-ағаның есімін иеленген оқу орнының студенттерге берері мол, беделі биік болсын деп тілейміз.