Қаратаудың қорғандарын қорғай аламыз ба?
Қаратаудың қорғандарын қорғай аламыз ба?
922
оқылды
«AMANAT»-тың кезектен тыс XXIV сьезінде партияның жаңа саяси тұғырнамасы қабылданған болатын. Тұғырнаманың Азаматтық қоғам-дамудың кепілі екінші бөлімінде «AMANAT» партиясы тарихымызды дәріптеу, руханиятымызды жаңғырту бағытындағы бастамаларды ары қарай да жалғастыра береді. Бұл – біздің ұлтымыздың, халқымыздың алдындағы перзенттік парызымыз. Қазақ тарихындағы барлық «ақтаңдақтардың» бетін ашып, ұлт өміріндегі тағдыршешті кезеңдер мен оқиғаларға тиісті, лайықты баға беретін уақыт жетті деп айқындалған. Шынында да, саяси тұғырнамада айтылғандай, Руханият – ұлттың мәйегі.    width= «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Асхат Ораловтың Түркістан облысына келген іс-сапарындағы зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде Түркістан облыстық партиясы жанындағы «Miras» азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі, белгілі журналист, тарихшы Тельман Бейсенов қилы замандарда қазақтың қалқаны-қорғаны болған қарт Қаратаудың тарихи құндылықтары және сондағы көптеген тарихи жерлер мен есткерткіштер мемлекеттік қорғау тізіміне алынбағандықтан қараусыз салдарынан жойылып кету қаупі бар екені туралы айта келе, аталған таудың күнгей бөктерінде орналасқан бекіністер – тарихы ХІ-ХІІ ғасырлардан бастау алып, ХV-ХVІІІ ғасырларға дейін тіршілігі болған Қызқорған мен Балақорған тарихи ескерткіштерін қорғау, мемлекеттік тізімге алу мәселесін көтерген болатын. Асхат Раздықұлы бақылауға алып, Түркістан облыстық партиясы жанындағы Miras азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы ретінде және облыстық мәслихат депутаты ретінде облыстық Мәдениет басқармасына депутаттық сауал жолдадым. Сонымен қатар, облыстық «Miras» кеңесінің мүшелері аталған тарихи ескерткіштерді өз көзімізбен көру үшін көшпелі жиындар өткізуді жоспарлаған еді. Бүгін қоғамдық кеңестің көшпелі отырысы Созақ жеріндегі Баба түкті Шашты Әзіз кесенесінен басталып, көшпелі жиынды Қызқорған мен Балақорған қамалдары басында аяқтадық.    width= Қасымыздағы жол көрсетуші орман шауаруашылығының ардагері, қорықшы Оразбеков Темірхан Бимаханұлы сампылдап бұл жердегі әр жотаның тарихы бар деп қызықтыра түсуде. Браконьерлерлер туралы да қызық естеліктерін ара-арасында еске алып қояды. «Жоңғар шапқыншылығы кезінде пайда болған төрт бұлақ бар, қазір соны басып өтеміз» деді. Жоңғарлар бір батырдың жүйрік атын қолға түсірмекші болып қуалап келе жатқанда жүйрік ат жаудың қолына түспеу үшін таудан секіріпті, төрт тұяғы тиген жерден төрт бұлақ атылып шығып, сол жер «Айғыр ұшқан» аталып кетіпті деді. Аттың иесіне адал болған қасиеттілігіне таңқалдық. Қиялап жүріп келеміз. Көп болса сағатына 20 шақырым жылдамдықпен жүріп келеміз. Жолай келе жатып қорықшы Қызқорған туралы сан түрлі аңыздарды қозғады. Қорықшының көлігі жартастың төменгі жағына тоқтады: «Енді жаяу тартамыз, соңымнан ілесіңдер» деді. Терлеп-тепшіп ілесіп келеміз. Кім күнде тауға шығып жүр дейсіз... Балақорған және Қызқорған тарихи ескерткіштері Сауран ауданына қарасты Серт ауылынан 34 шақырым солтүстік-шығыста, Қаратаудың Қызыл ата өзені (Қызыл сай) шатқалында орналасқан. Бекіністер (қамал, қорған депте айтылады) ХІ-ХІІ ғасырларда пайда болып, ХV-ХVІІІ ғасырларға дейін қызмет еткен деп саналады. Екі ескерткіштің арасы 500 метрдей, қасында жағалай өзен ағып жатыр. Ежелгі Созақ-Түркістан қалаларын жалғайтын көне керуен жолының бойында тұр.  width= Қызқорған бекінісі Қаратаудың тақтатастарынан (плитняк) тұрғызылған. Қорғанның пішіні 85х80 м болатын қисық шеңберге ұқсайды. Қалыңдығы 1,5-2 м болатын бекініс қабырғасына тақтатастар айырықсыз қаланған. Оңтүстік және оңтүстік-батыс жағындағы қабырғасы 1 метрдей болса, батыс жағындағы қабырға толығымен жойылған. Қабырғаларында атыс ойығы бар. Тастан үйілген обалардың аумағы 4-15 м. Олар тізбектеліп оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай созылып жатыр. Олардың қазіргі сақталған биіктігі 2,5-3 метр. Қамал ішінде көптеген бөлме орындары болғаны байқалады. Қызқорған қамалын 1980 жылы К.А.Ақышев бастаған археологтар анықтаса, 2005 жылы Ахмет Ясуаи атындағы ХҚТУ ТАЭ (архелогиялық экспедиция) жетекшісі архелог ғалым М.Елеуов басқарған экспедиция ашып, зерттеген. Бекініске арнайы кіріп-шығуға арналған есікке орын қалдырып, қақпа тәрізді тастармен өрген. Оған кіретін, екі жағы таспен қаланған есік шығыс қабырғада орналасқан. Батыс қабырғаның ішкі жағында бұлақ бар. Қорған ішіндегі үйлердің жазық шатыры бекіністі жаудан қорғағанда атыс галереясы ретінде қызмет еткен. Аршылған бөлмелердің мәдени қабаты шағын, онда саздан жасалған құмыра ыдыс, құм, құмыраның кесінділері табылған. Уақытын белгілейтін және бекіністің қызмет атқаруының негізгі кезеңін анықтайтын ХV-ХVІ ғасырларға жататын 2 тиын табылған. Балақорған бекінісінің құрылысы да тақтатастан (плитняк) салынған. Пішіні кескіндемесі жағынан тау мүйісінен шығыңқы, трапецияға ұқсас, оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай бағдарланған. Солтүстік-батыс қабырғасы тік жартас жарқабағына салынса, солтүстік-шығыс жағы таулармен қоршалған. Бекіністің оңтсүтік-шығыс және оңтүстік-батыс жағы едәуір қорғалмаған, әлсіз қыры болған. Сондықтан, оңтүстік-батыс қабырғасында екі деңгейлі тікбұрышты мұнара салынған. Бекіністің өлшемі – 75х37 м, қабырғасының биіктігі – 3-3,5 м. Бекіністің солтүстік бөлігінде бір типтес алты тұрғын бөлме қазылып алынған.  Бұлар – гарнизон үшін қарауыл бөлмесі ретінде қызмет атқарған казармаға ұқсас бөлмелер. Бір бөлменің қабырғасы Қызылсай шатқалына кіреберісіне қараған, ені 1м дейін атыс ойығы бар. Ол күзетуге, не бақылауға арналған. Аршылған бөлмеден құмыра мен құмыраның кесінділері бар аздаған мәдени қабаты табылған. Қамал-қорған туралы ел аузында түрлі аңыз-әңгімелер көп. Оның ішінде Түркістанда билік құрған хандардың жазғы ордасы болуы әбден мүмкін деген де деректер кездеседі. Негізінде қазақ үшін қыздарының ар-ұяты, тазалығы жоғары болған. Қыздың арын таптатаймын деп талай қазақ жаудың қолында жан тәсілім еткен. Балақорғанға келсек, жоңғарлар әрбір жорығы алдында бір кішкене баланы құрбандыққа шалып отырған. «Артымда ұрпақ қалсын» деген бабаларымыз балаларын осында, ауылдан аулақ көз таса етіп қорған ішінде жасыруға мәжбүр болған. Дегенмен, қос ескерткіштің де Түркістан шұратындағы Қаратаудың теріскей бөктерінен (Дешті Қыпшақ) Қызыл ата шатқалымен керуен жолын күзететін және бақылайтын әскери тірек ордасы болғанын археологиялық материалдар растайды.    width= Бүгінгі көшпелі жиын – тау қойнауында жатқан көне ескерткіштерді келешекке мұра етіп жалғастырудың бастамасы. Ұлдары мен қыздарын қорғаштап, жаудан таса жерге жасырғанының куәсі осы тастардан қаланған Қызқамал-Қызқорған мен Балақорған қамалдары.    width= Бүгін кеңес мүшелері, ғалымдар құлағымызбен естіп жүрген тарихи ескерткіштерді қолымызбен ұстап, көзімізбен көріп қайттық. Елдің тарихы мен өткенінен сыр шертер халықтың ұлттық, тарихи, рухани байлығын, елдің өткені мен бүгінін саралайтын, сол арқылы келешек ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде маңызы зор, қазіргі заманғы жаһандық және интеграциялық үдеріс жағдайында қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз ету бағытындағы маңызы мен рөлін насихаттаудың жүйелі жоспарын жасауды қажет етеді. Ел экономикасын дамыту үшін елді мекендердің орналасу, тарихи жағрафиясына сәйкес облыс өңірінде туризмді қолға алу қажет. Алда қоғамдық кеңестің жоспарын кеңейтіп, ел мен жер тарихын дәріптеу, тарихи жер-су атауларын қайта қалпына келтіру мәселесін көтеріп, ономастикалық комиссияға ұсыныстар беруді қолға алу күн тәртібінен түспейтіндігін топшыладық. Орындау – бізге парыз! Қалыйма ЖАНТӨРЕЕВА, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, Түркістан облысының Құрметті азаматы