Биыл елімізде алғаш рет 24 қазан – Кітапханашылар күні атап өтіледі. Бұл мерекені рухани әлемнің дамуына үлес қосып жүрген кітапханашылар ғана емес, оқырмандар да асыға күткен еді. Себебі соңғы жылдары кітапханашылардың еңбегі ескерусіз қалды. Енді мерекемен бірге мамандықтың мәртебесі де қайта түлегендей.
Адам жанының рухани азығы саналатын кітаптың күтімімен айналысатын мамандық иелерінің мәртебесін көтеру дамыған елдерде бұрыннан жолға қойылған. Мысалы, Голливуд «Кітапханашы» (The Librarian) атты фильмдер сериясын түсірді. Режиссерлер Джонатан Фрейкс пен Питер Винтер әр жылдары түсірген кинотуындыларында кітапханашыларды «әлем құтқарушылары» ретінде көрсеткен. Осылайша, дамыған елдер кітап пен кітапханашылардың қоғам үшін маңызын айшықтап берді. Ал біздегі жағдай керісінше. Кітапханашылардың жалақысы төмен, мәртебесі техникалық персоналға тең. Сонымен бірге олар жүк түсіруші, сұрыптаушы, курьер, сан алуан бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырушы, баспасөз хатшысы секілді ақысы төленбейтін қызметтерді қоса атқаруға мәжбүр. Тек былтыр Мемлекет басшысы Жолдауында «кітапханашы, музей қызметкерлерінің жалақысы 2022-2025 аралығында жыл сайын 20 пайызға өседі» деп атап өтті. Дегенмен қазіргідей қымбатшылықта бұл қаржының кітапханашылар үшін аса көп емес екені анық.
– Кітапханашылар күнінің белгіленуі мамандардың мәртебесін көтеруге тікелей әсер етеді. Біз бұл күнді ұзақ күттік. Үкіметтің қаулысы шыққан кезде кітапханашылардың қуанышында шек болмады. Бұл мереке алдымыздағы ұлттық мереке Республика күнімен тұспа-тұс келіп тұр. Кітапханашылардың мәртебесін әлі де көтеруіміз керек. Әсіресе, еңбекақылары мен әлеуметтік жағдайына мән берсе. Кітапханада техникалық мамандар да, бағдарламашылар да жұмыс істейді. Олардың алатын табыстары күн көріске әрең жетеді. Тіпті, мемлекеттік бағдарламаға қатысып, баспана ала алмай жүргендері қаншама, – дейді Ұлттық академиялық кітапхананың басшысы Ғазиза Құдайберген.
Оның айтуынша, еңбек өтілі жоқ кітапханашылар қай кітапханада жұмыс істесе де 80-100 мың теңге ғана алады. Дегенмен бұл салаға қызығатын жастар да баршылық. Бірақ «кітапханашы» мамандығына жыл өткен сайын мемлекеттік грант аз бөлінуде. Ендеше үкімет тарапынан қолға алынған мереке келешекте осы олқылықтардың орнын толтыруы бек мүмкін.
Халқымыз артық білім кітапта дейді. Бізге ең бірінші сапалы ұрпақ керек. Осы орайда мемлекеттің кітапханашыларға ерекше көңіл бөліп жатқаны – болашаққа жасалған игілік.