Бүгін Республика күні қарсаңында Астанада 100 отбасы баспаналы болды. Пәтер кілттерін иелеріне тапсырған қала әкімі Алтай Көлгінов аталған бағдарламаның жүзеге асуы тікелей Президенттің бақылауында екенін айтты.
«Жергілікті атқарушы органдар үйлерді уақытылы салып, тұрғындарға кілтін уақытылы табыстасақ, біздің мақсатымыз орындалады. Осыдан екі жыл бұрын осы жерге келіп, үйлердің құрылысы басталған кезде бұл жер ен дала болатын. Жоспардың бәрі бірте-бірте орындалып келеді. Бір-бірімізді қолдап, бірлікте жұмыс істесек, алынбайтын қамал болмайды. Сіздер де бұл баспананы қанша уақыт күттіңіздер. Қуаныштарыңыз құтты болсын», - деді А.Көлгінов пәтер кілтін табыстау рәсімінде.
Жағалау ауданында орналасқан тұрғын үйдің жанында BINOM мектебі бар. Әкімнің айтуынша, мұнда тағы бір мектеп салынады. Ауданда арнайы инженерлік желілер тартылып, автокөлік жолы салынып жатыр. Көлгінов әлеуметтік нысандардың да ашылатынын айтты.
«Кіші Талдыкөл бар, оның орнына саябақ жасап жатырмыз. 70 гектар жерді алатын көлі бар саябақ болады. Ол жұмыс басталып кетті. Шетте қалып қойдық деп ойламаңыздар. Қала тез дамып жатыр. Халық саны да жыл санап артып келеді. Келесі жылы 1,5 млн тұрғын болады. Тұрғындардың барлығына баспана керек. Қазір 50 мыңға жуық азамат кезекте тұр. Көшіп келген уақытта бірқатар сұрақ болуы мүмкін, сондықтан аудан әкімі сіздермен байланыста болады», - деді Алтай Көлгінов.
Өз кезегінде «Отбасы банкі» АҚ төрағасы Ләззат Ибрагимова тұрғындарды қоныс тойымен құттықтады.
«Жыл басынан бері Отбасы банк арқылы 67 мыңнан астам отбасы қоныс тойын тойлады. Оның ішінде барлық қазақстандықтың басын қосатын Астанада 19 мың отбасы баспаналы болды. Оның 25 пайызы біздің бағдарламалар бойынша пәтер алған адамдар. Ұлттық мереке күні баспанаға ие болу екі есе қуанышты арттырып отыр. Бұл жер де 2-3 жылдан кейін жаңа қалашыққа айналады», - деді Ибрагимова.
Пәтер кілтін алғандардың арасында Қарлығаш Ахметова да бар. Ол бұл пәтерді 10 жыл күткен.
«Осыдан 10 жыл бұрын жолдасым қайтыс болды. Сол кездері біз пәтерге кезекке тұрдық. Бұл пәтерді 10 жыл күттік. Осы уақыт аралығында ата-әжеміздің қолында тұрдық. Менің екі балам бар. Бұл – баспана елордадағы алғашқы пәтеріміз. Міне, бүгін баспанамыздың кілтін алдық. 10 жылдан бері күткен қуанышымыз, балалардың несібесі. Өзім қалағандай, екінші қабаттан екі бөлмелі пәтерге қол жеткіздік. Барша қазақстандықты Республика күнімен құттықтаймын. Әр қазақ баспаналы болып, еліміз тыныш болсын. Алып жатқан қонысымыз тек қуанышқа толса екен дейміз», - деді Қарлығаш Ахметова.
Бүгін әкімнің қолынан 25 отбасы баспана кілтін алды. Ал барлығы 100 отбасы баспаналы болып отыр. Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған тұрғын үйдің тағы 92 пәтері жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.