Желіні шулатқан аттракцион
Желіні шулатқан аттракцион
935
оқылды
Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған ауданындағы жаңа­дан ашылған саябақтан шу шықты. Нақты айтқанда, сәні мен сал­танаты келіскен саябақтағы әлі де пайдалануға беріліп үлгермеген кару­сельден ақау шыққаны жайындағы видео әлеуметтік желіні шулатты. Біз осы мәселенің ақ-қарасын анықтап көруге тырыс­қан едік. Соңғы күндері аудан орталығында са­лына бастаған Prime Park саябағының жарнамасы жер жарған болатын. Облыс аумағында осындай теңдесі жоқ үлкен сая­бақты салуды қолға алған жаңақор­ған­дық кәсіпкердің игі бастамасына сүйсіне қара­ған жандардың қарасы аз болмады. Негізінен бұл заманауи саябақ сыр­бойы­лықтарға белгілі кәсіпкер Марлен Ыс­қақов жетекшілік ететін «Азимут-М» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігінің жеке қаржысы есебінен салынғаны көпке мә­лім. Жобаның құны 790 миллион тең­гені құрайды. Мұнда түрлі аттракциондар, субұрқақ, жазғы сахна, балалардың ойын алаңдары аудан тұрғындарына қызмет көр­сететіні айтылды. Жергілікті тұрғындардың отбасымен бір­ге серуен құрып, ой сергітіп, бой жа­зуы­на мүмкіндік беретін жаңа демалыс пар­кінде барлық жағдай қарастырылған. Ау­мағы ат шаптырым жерді алатын сая­бақ­та балақайлардың ойнайтын ойын құ­рылғылары орнатылып, жаңақор­ға­н­дық­тарға «Балалар жылы» аясында үлкен сый болды. Тіпті мереке қарсаңында об­лыс әкімінің өзі саябақты салтанатты түр­де ашып, жергілікті жамағатқа жылы ле­бізін арнаған болатын. Алайда көп ұзамай әлеуметтік желіде саябақтағы аттракционның бір орын­ды­ғы­ның салбырап, үзілуге шақ қалған видео­сы тарады. Артынша бұл Байқоңыр қа­ла­сында пайдалану мерзімі өткендіктен, іс­тен шығып тұрған ескі карусель екені ай­тылды. Көп жылдан бері пайдаланылмай тұр­ған жұлдызды қалашықтағы ескі ойын құ­рылғысын Жаңақорғандағы жаңа сая­бақ­қа орнатқаны жайында сөз де желдей есті. Желі қолданушылары әбден тозығы жет­кен карусель адам өміріне қауіпті еке­нін айтып, аудан тұрғындарын сақтыққа ша­қырып жатыр. Байқоңыр қаласындағы желі қол­дану­шысы қалдырған жазбаға сәйкес, бұл ат­тракцион көп жылдан бері жұлдызды қа­лашықтың саябағында жұмыс жасап тұр­ған. Соңғы 5 жылда апатты деп танылып, пай­­далануға тыйым салынған екен. Жуыр­­да ғана бұл аттракцион өз орнынан алы­­нып тасталыпты. Байқоңырдың байыр­ғы тұрғындары жұлдызды қалашық­тағы ескі аттракцион Жаңақорған кен­тін­дегі жаңа саябаққа көшірілгенін растап отыр. Сонымен қатар Байқоңыр тұрғын­да­рының айтуынша, ғарыш қалашығын­дағы аттракционсыз қалған саябақты келе­шек­те қайта жаңғырту, жаңа аттракцион ор­нату жұмыстары жүргізілетіні жайында ақпарат тарағанын алға тартады. Осыдан кейін «ескі дүниемен елді ал­да­ған кім?» деген күмәнді сұрақ көптің кө­­­кейінде жүр. Жұртшылық тарапынан ең болмағанда адам қауіпсіздігін қаперге ал­мағанына наразылық танытқандар қа­тары артып тұр. Осы мәселеге орай аудан әкім­дігіне хабарласып, мәселенің мән-жайын сұрадық.
«Негізінен аудан орталығына саябақ салу­ды қолға алған жергілікті кәсіпкер. Ту­ған жерімді өркендетсем деген баста­ма­сы бәрімізді қуантады. Бұған дейін бас­қа да кәсіпкерлерге ұсыныстар айтыл­ған. Алайда өз күшімен, қаржысымен осын­дай үлкен саябақты қолға алған аза­матқа алыстан басқа айтарымыз жоқ. Ал ойын жабдығынан шыққан ақауға тоқ­талар болсақ, видеодағы көрініс ашылу сал­танатынан бұрын болған жағдай. Яғни, бұл көрініс құрастыру, техникалық жөн­деу жұмыстары жүргізіліп жатқан уа­қыт­та болды. Ол уақытта карусель ха­лық­қа пайдалануға берілген жоқ. Ешкімнің өміріне қауіп төндіріп тұрған жоқ. Жалпы видеоны асыра сілтеп, жалған ақпарат не­гізінде жариялап жіберген. Бүгінде ойын құрылғысында ешқандай да ақау жоқ. Арнайы тексерістен өткізілді. Келесі жыл­дың наурыз айынан бастап халық игі­лігіне пайдалануға беретін боламыз», – деп түсіндірді Жаңақорған ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Бакиров.
Аудан әкімдігінің мәлімдеуінше, жер­гі­лікті кәсіпкердің бұған дейін жасаған игі іс­те­рі аз емес. Соның ішінде жомарт жү­рек­ті азаматтың ықпалымен ауданға жаңа мешіттің де іргесі қаланыпты. Бүгінде кә­сіп­кер аудан орталығындағы әк шыға­ра­тын зауыттың жұмысын жүргізіп отыр.
«Жалпы бұл саябақты келер жылы аша­мыз деп отырмыз. Биыл ашылу салта­на­тын өт­кіз­генімізбен, жұмыс істеп тұрған жоқ. Се­бебі, саябақ аумағынан мейрамха­на, неке са­райы сынды нысандар салу қол­ға алы­нады. Көркейту-көгалдандыру, абат­тан­дыру сынды көптеген жоспарлы жұ­мыстар да бар. Ал видеода жария бол­ғандай, бала­лар ойнап жатқанда ақау шық­қаны жайын­дағы ақпарат – бос дақ­пырт», – деп ойын толықтырды Н.Ба­киров.
Әкімдік тарапынан саябаққа қажетті құ­рал-жабдықтардың дені Шымкент қа­ласынан жеткізілгенін айтты. Алайда, әлем­желіні шулатқан аттракционның нақ­ты қай жақтан, қанша қаржыға жеткі­зіл­гені жайлы мәлімет айтылмады. Бай­қоңыр­лықтар ескі карусельдің қаупі жо­ғары екенін айтып дабыл қақса, жергілікті құ­зырлы орындар тарапынан мұның жұл­дызды қалашықтағы ескі ойын құрыл­ғысына ешқандай қатысы жоқ дегенді ал­ға тартады. Әзірге екі тараптан екі түрлі пікір қалыптасып отыр. Ал кәсіпкерлің өзі­мен іссапарда жүргендігіне орай бай­ланысу мүмкін болмады. Қорыта айтқанда, көптің көңіліне күдік ұялатқан карусельдің ақиқаты әзірге беймәлім күйде қалып тұр. 

Қызылорда облысы