Үкіметтің 2021 жылғы 5 қарашадағы Қаулысына сәйкес, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап шетелдіктерден туристік жарна алынады.
«Қалалар мен аудандардағы хостел, қонақжай, жалға берілетін тұрғын үйді қоспағанда, туристерді орналастыру орындарында болатын әрбір тәулік үшін шетелдіктерден туристік жарна алынады» делінген Үкімет қаулысында.
Алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап туристерден тұру құнының 5 пайыздан аспайтын мөлшері жарна есебінде алынады. Қаулыға сай, туристік жарна көлемін жергілікті атқарушы органдар белгілейді. Сәйкесінше, қаражат жергілікті бюджетке түседі. Бұл ретте туристік алым сомасы өмір сүру құнына қосылмайды. Шетелдіктер үшін қойылатын жарна мөлшерлемесі статистикалық деректерге немесе маусымға байланысты сараланады. Қонақүй қызметкерлері мен туроператорлар туристерге әр күн үшін туристік жарна алынатынын ескертуі тиіс. Жарна төлеген шетелдік азаматқа тиісті анықтама беріледі.