Аттестат пен диплом цифрлық форматта қолжетімді
Аттестат пен диплом цифрлық форматта қолжетімді
Қазақстандықтар Egov-тегі жеке кабинеті арқылы орта білім туралы аттестат пен ТжКБ дипломын цифрлы форматта ала алады. Сондай-ақ мектеп пен колледж түлектеріне QR-коды бар дәстүрлі қағаз түріндегі сертификат пен дипломдар беріледі. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қыз­меті түсіндіруінше, түлектер оқуға түсу, жұмысқа орналасу кезінде оларды ұсыну жеңілдей түсу үшін құжаттар цифрлы нұсқада қолжетімді болады. Цифрлы құжаттар Ұлттық білім беру деректер базасына орналастырылады. QR-код құжаттардың қағаз нұсқасында да болады. QR-код сертификат­тың немесе дипломның түпнұсқалығын тексеруге мүмкіндік береді. Ол құжаттың иесі мен деректер туралы ақпарат көрсетілетін мемлекеттік интернет-ресурсқа сілтеме береді. Мұндай тәжірибе жоғары оқу орнын бітіргені туралы диплом беру кезінде қолданылады.
«Оқу-ағарту министрлігі азаматтарға ыңғайлы болу үшін цифрлы шешімдерге көңіл бөліп отыр. Біздің міндетіміз – ашықтықты қамтамасыз ету, азаматтардың уақытын үнемдеу. Сондықтан біз мектеп немесе колледж бітіргені туралы құжат­тарды беру процесін де автоматтандырамыз. Енді түлекке өзімен бірге орта білім туралы аттестаты мен дипломын алып жүрудің қажеті жоқ. Оның барлығы Egov-та, соның ішінде банктердің мо­бильді қосымшаларында цифрлы форматта қолжетімді болады. Бірақ құжатты берудің қағаз форматын ешкім алып тастаған жоқ, мысалы, жеке куәлікті алсақ, қазір куәлікті өзіңізбен бірге алып жүрудің қажеті жоқ, бірақ электронды нұсқасын мобильді қосымшада пайдалануға болады», – деді Оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясов.