Мәжіліс еліміздегі өсімдіктер дүниесін қорғауды күшейтуді жоспарлап отыр
Мәжіліс еліміздегі өсімдіктер дүниесін қорғауды күшейтуді жоспарлап отыр
290
оқылды
Қазіргі таңда Парламент Мәжілісі «Өсімдіктер дүниесі туралы» Қазақстан Республикасының арнайы заң жобасымен жұмыс жүргізуде. Соңғы жылдары тиімсіз пайдаланумен және тиісті құқықтық өрістің болмауына байланысты бірқатар қолайсыз факторлар табиғи экологиялық жүйелердің тозуына және еліміздегі өсімдіктердің  әртүрлілігінің жоғалуына алып келді. Қолданыстағы заңнама елдегі өсімдіктер дүниесін қорғау, молықтыру және пайдалану мәселелерін реттеуді жеткілікті түрде қамтамасыз етпейді, сондықтан арнайы заң дайындау және қабылдау қажеттілігі туындады. Осы орайда Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі 2021 жылғы 20 қаңтарда Парламент Мәжілісінің жұмысына келіп түскен қажетті заң жобасын әзірледі. Осы сәттен бастап депутаттар мен жұмыс тобының мүшелері заң жобасы бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. Болашақта «Өсімдіктер дүниесі туралы» заңын реттеу саласы табиғи жағдайда өсетін өсімдіктер дүниесінің барлық дерлік объектілерін, сондай-ақ олардың генетикалық қорын молайту және сақтау мақсатында мәдениет жағдайында ұсталатын жабайы өсімдіктерді қамтиды. Заң жобасын қабылдаудың негізгі мақсаты ретінде бірнеше факторларды атауға болады, олар: - өсімдіктер дүниесі объектілерін олардың алуан түрлілігінде қорғау және пайдалану саласындағы қатынастарды реттеуді қамтамасыз ету; - табиғи өсімдік ресурстарын және өсімдіктер дүниесінің генетикалық қорын сақтау, молықтыру, ұтымды және теңгерімді пайдалану мәселелерін тиімді басқару үшін жағдайлар жасау; - өсімдік дүниесінің ресурстарына халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру; - жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен міндеттерін белгілеу, сондай-ақ өсімдіктер дүниесі ресурстарын пайдалану процесін ретке келтіру; - өсімдіктер дүниесі объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту. Аталған құжатты қабылдаудың нәтижесінде еліміз бойынша өсімдік биоалуантүрлілігін сақтау, осы табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін экономикалық, әлеуметтік, ұйымдастырушылық және өзге де жағдайлар жасалатын болады. Бұдан басқа, осы Заң жобасының жаңалықтарының бірі ретінде жасыл желектерді құру, күтіп ұстау және қорғау рәсімдерін ретке келтіру болып табылады. Мысалы, қалалардағы нүктелік құрылыстың салдарынан көптеген «жасыл қор» жоғалады, ағаштар варварлық түрде жойылады, нәтижесінде экология нашарлайды. Енді заң жобасында әкімдіктердің жасыл желектерді есепке алу және түгендеу, тиісті климаттық аймаққа ағаш сорттарын отырғызу жөніндегі тікелей міндеті айқындалатын болады. Сонымен қатар, 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында Мемлекет басшысы Үкіметке экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі тәжірибелік шараларды іске асыруға кірісуді және 5 жыл ішінде орман қорында                   2 миллиардтан астам ағаш отырғызуды, оның ішінде 15 млн-ын қалаларда отырғызуды тапсырды. Бүгінгі таңда жұмыс топтарында заң жобасын белсенді талқылау жүріп жатыр. Жалпы алғанда, негізгі нормалар өсімдіктер дүниесін, оның ішінде сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген өсімдік түрлерін қорғау, қалпына келтіру рәсімдерін нақты реттеуге бағытталған. Түгендеу, мемлекеттік мониторинг жүргізу тетіктерін енгізу және өсімдіктер дүниесінің кадастрын құру көзделіп отыр. Сондай-ақ, заң жобасына өсімдіктердің енгізілуін реттеу (өсімдік түрлерін олардың табиғи өсетін жерлерінен тыс әдейі немесе кездейсоқ тасымалдау), бейімделу (өсімдіктердің жаңа өсу жағдайларына бейімделуі) және будандастыру (будандардың пайда болу немесе алу процесі) мәселелері кіреді. Ең бастысы – өсімдіктер дүниесі объектілерін пайдалану рәсімдері мәселелері толығымен шешіледі. Тұтастай алғанда, заң жобасы елдің басты құжаты – Қазақстан Республикасының Конституциясымен толық үйлеседі. Осылайша, 2022 жылғы 8 маусымнан бастап референдум қорытындылары бойынша Конституцияға енгізілген түзетулер күшіне енгеннен кейін 6-баптың 3-тармағында: «Жер және оның жер қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады» делінген. Осы ретте ресурстардың кімге тиесілі екендігі туралы мәселеге нүкте қояды.