Конституциялық реформамен Қазақстан тарихында жаңа дәуір басталды – Мәулен Әшімбаев
Конституциялық реформамен Қазақстан тарихында жаңа дәуір басталды – Мәулен Әшімбаев
Фото: ru.egemen.kz
430
оқылды
Бүгін қол қойылған заңдар Әділетті Қазақстан құрудың берік құқықтық іргетасы екені сөзсіз. Мұндай пікірді Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев әлеуметтік желідегі парақшасында білдірді. 
«Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев маусым айында өткен республикалық референдумның нәтижесін іске асыру үшін қабылданған бірқатар заңға жария түрде қол қойды. Олардың қатарында «Конституциялық Сот туралы», «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы», «Прокуратура туралы» сияқты конституциялық заңдар бар. Осылайша, билік тармақтары арасындағы байланыстың жаңа үлгісін қалыптастыруға және мемлекет басқару ісіне азаматтардың қатысуына жол ашуға мүмкіндіктер туып отыр. Сондай-ақ адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесі нығая түсті. Президентіміз атап өткендей, конституциялық реформа Қазақстан тарихында жаңа дәуір басталғанын айқындайды. Бұл қадамдар соңғы үш жылдағы саяси өзгерістерді орнықтырып, мемлекетімізді одан әрі нығайту үшін мықты негіз қалады», - деп жазды Сенат Төрағасы желідегі парақшасында.
Оның айтуынша, шын мәнінде бүгін қол қойылған заңдар Әділетті Қазақстан құрудың берік құқықтық іргетасы екені сөзсіз.
«Алдағы уақытта Парламент Сенаты әділеттілік қағидатына табан тірей отырып, заңнамалық жұмыстарды жалғастыра береді», деді М.Әшімбаев.