Көпен Әмірбек қайтыс болды
Көпен Әмірбек қайтыс болды
© anatili.kazgazeta.kz
2,908
оқылды
Белгілі журналист, сықақшы Көпен Әмірбек қайтыс болды. Бұл туралы ақын Серік Сейітман Facebook-тағы парақшасында "Көпен ағамыз бізді тастап кетті", – деп жазды. Көпен Әмірбек 1950 жылы 29 наурызда Түркістан облысы Отырар ауданы Ешкіқора ауылында дүниеге келген. ҚазМУ-ді (1974) бітірген соң, Владивосток қаласында екі жылдық әскери-партия мектебінде оқыған. 1975 жылдан бері шығармашылықпен айналысты. "Қазақ әдебиеті", "Егемен Қазақстан" газеттерінде сатира, фельетон бөлімінің меңгерушісі, "Білім және еңбек", "Ара-Шмель" журналында жауапты хатшы, Бас прокуратура мен Жоғарғы сотта баспасөз хатшысы болып ұзақ жылдар қызмет істеген. "Ара" журналының бас редакторы, Қазақ радиосы директорының орынбасары болған. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы сатира кеңесінің төрағасы. Мәскеу (1980) мен Ташкентте (1980) өткен Бүкілодақтық жас сатириктер конкурсының лауреаты. Әр жылдары жарық көрген "Аты жоқ кітап", "Алып", "Тілім қышып барады", "Қысыр әңгіме", "Ауызбастырық", "Мың бір мысал", "Неменеңе жетісіп күлесің?", "Өзіңді танисың ба?", "Сайдағы қойшыдан сарайдағы патшаға дейін" атты әзіл-сықақ, пародия кітабы арқылы оқырмандарға кеңінен танымал болған. "Тамаша" ойын-сауық отауының белсенді авторы. Өзі құрған "Көпен келе жатыр!.." әзіл-сықақ, пародия театрымен де көрермендердің көзіне түскен. "Айқын" республикалық қоғамдық-саяси газетінде "Ара" қосымшасында редактор болды. "Айқын-Литер" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымы журналист Көпен Әмірбектің отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтады.