Түркістан облысы әкімінің орынбасары Арман Сабитовтың қатысуымен өткен облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының кеңейтілген алқа отырысында өңірдегі осынау салада жеткен жетістіктер сөз болды. Бұл туралы Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов өз баяндамасында айтып өтті.
Кеңейтілген алқа отырысында одан бөлек, Түркістан облысының санитариялық эпидемиологиялық бақылау департаментінің, ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті қызметтерінің атқарған жұмыстары да тыңдалды. Жиналыста халықтың денсаулығын нығайту, өмір сүру ұзақтығын ұлғайту, денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бағдарламалар индикаторларының орындалу барысы, инфекциялық аурулардың алдын алу, өлім-жітімді азайту мәселелері қаралды. Ауылдық жерлерде және шалғай елді мекендерде тұратын халыққа консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсету үшін барлық қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған 13 жылжымалы медициналық кешен арқылы дәрігерлік көмек көрсетілуде.
Мемлекет басшысының 2022 жылғы 14 шілдедегі ҚР Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына сәйкес, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы әзірленіп бекітілді. Ұлттық жобаға сәйкес, Түркістан облысы бойынша ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға 49 нысан салу ұсынылып, қолдау тапты. Одан бөлек, 2023 жылға жоспарланған 4 аудандық аурухананы (Сайрам, Ордабасы, Сарыағаш, Жетісай) қайта көпбейінді ауданаралық аурухана етіп қайта құру үшін денсаулық сақтау желісіне өзгерістер енгізіліп жатыр. Сондай-ақ Сарыағаш ауданында ІІІ деңгейлі босандыру қызметін ұйымдастыру мақсатында 240 төсек-орынға арналған перинаталдық орталық үшін жобалық-сметалық құжат дайындалып жатыр.
Алқа отырысы соңында облыс әкімінің орынбасары Арман Сабитов басқарманың қызметіне оң баға беріп, денсаулық сақтау бағытындағы жұмыстарды одан әрі күшейтуді тапсырды.