Ұлт ұлағатты ұстаздарға зәру
Ұлт ұлағатты ұстаздарға зәру
643
оқылды
Мәртебе биік болуы үшін егелері соған лайық болғаны жөн. Тек бір жыл ішінде 3 мыңнан астам педагогтің үстінен шағым түскен. Мұғалімдердің әбес қылығына оқушылар мен ата-аналардың наразылығы артқан. Көптеген білім ордасының қызметкерлері өзіне ұнамаған ұл-қыздардың қыр соңына түседі, былапыт сөзбен намысына тиіп, қорлауға тырысады. Буллинг ұйымдастырып, сотқар балаларға ұрғызады. Бойжеткендерге қырындайды. Тіпті, зорлау оқиғалары тіркелген. Бұл кесапаттарға қазірден тосқауыл қоймаса, саланың абыройы төгілмек. Шәкірттің «екінші үйі» қандай күйде? Оқу-ағарту министрлігі рефор­ма жүргізу және жаңа заң қабылдау аясында қордаланған кеселдерден арылу жолдарын қарастыруда. Ал проблема көп көрінеді. Оларды шешу үшін кешенді көзқарас, жан-жақты шаралар, тегеурінді тетіктер қажет.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жаңажылдық үндеуінде балаларға ерекше назар аудару керектігін нық­тады: «Олардың әл-ауқаты – мем­лекетіміздің табысты болашағының сенімді кепілі. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты ба­лалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз», – деген ел Президенті балаларды қорғау мақсатында ден­саулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру саласына жауапты органдарға нақты шаралар қа­был­дауды жүктеді.
6-дан 18 жасқа дейін балалар өмі­рінің үлкен бөлігін мектепте өт­кізеді. Сондықтан білім ордаларын «оқушының екінші үйі» деп дәріп­тейді. Ал ол «үйде» қаншама былық болып жатады, оның көбі жабулы қазан күйінде қалады. Мысалы, 2022 жылғы тамызда Өскеменде алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі мектепте азғындыққа бе­рілгені үшін жұмысынан қуылды. Жартылай жалаңаш әрі удай мас педагог білім ордасының аумағында оқушы қызбен жыныстық қатынас жасауға талаптанған. Мұғалімнің ұятсыз, ардан безген тірлігі бейне­ленген видеоролик әлеуметтік же­ліде тарап, қоғамдық пікірдің дүм­пуін туғызды. Қалалық білім бөлімі тексеру жүргізді. Бейнекамералар түсірілімінен анықталғандай, мек­тепте еңбек пәнінің мұғалімі де мас күйде болғаны әшкереленді. Кә­мелетке толмаған қыз солардың ор­тасына түсіпті.
«Педагог ештеңе түсіндіре ал­мады. Есінде ештеңе қалмапты. Қос педагогпен бірге күзетші де жұ­мысынан босатылды. Зорлық бол­маған. Қыз ол мектепте бұрын оқып, ауысып кеткен екен», – деді қалалық білім бөлімінің басшысы Сәуле Алакөзова.
Бойжеткеннің ата-анасынан шағым түспегендіктен, полиция тек ұсақ бұзақылық туралы іс қозғады. Ол айыппұлды қарастырады. Білім бөлімі қалалық мектептердің бар­лық педагогімен және күзетшілері­мен профилактикалық әңгіме жүр­гізді. Сонымен, іс бітті. Бұл оқиға білім беру нысандарында күзет пен бақылауды күшейту қажеттігін көр­сетті. Себебі ұқсас оқиғалар бас­қаларында да тіркелген. Мысалы, биылғы маусымда журналист Саида Турсуметова Facebook арқылы жантүршігерлік мә­ліметті хабарлады: Түркістан об­лысының Сарыағаш ауданындағы мектептердің бірінде информатика мұғалімі 9-сыныпта оқитын қыз баланы мектепте зорлаған. Оқиға орнында полиция болып, суретке түсірген. Бірақ артынша педагог Facebook арқылы видеосын жа­риялап, 16 жасар сол қызға үйленге­нін жариялады. Полиция тергеуді бастағанымен, іс ақырына жеткізіл­мегенге ұқсайды. Кейін Түркістан облысының Адами әлеуетті дамыту басқармасы шетін оқиғаға байла­нысты информатика пәнінің мұға­лімі А.Хасанов, сондай-ақ дирек­тордың тәрбие жұмысы жөніндегі екі орынбасары, екі педагог-пси­холог лауазымдарынан босатыл­ғанын хабарлады. Директордың тағы бір орынбасарына, 4 кезекші мұғалімге қатаң сөгіс жарияланған. Мектеп азғындық ұясына ай­налып кетпеуі үшін осындай әрбір оқиғаға құзырлы органдардың ла­йықты ден қойғаны маңызды. Азулы орган дегені әлжуаз екен «Бала – біздің болашағымыз» деген пафосты сөзді қайталаудан бұрынғы билік жалықпайтын. Де­мек, осы салада балаларды қорғауға қажетті барлық жағдай жасалса керек еді. Мысалы, балалар омбудс­мені деген жеке институт құрылды. Қазір Аружан Саинның немен айналысып жүргені белгісіз. Хайп жасауға болатын тақырыптары түгесілді ме, кім білсін, тым-тырыс болып, тыншып қалды. Мұның сыртында Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құ­қық­тарын қорғау комитеті деп аталатын мүйізі қарағайдай тұтас құрылымы бар. Алайда шынында ол азулы бол­май шықты. Тіпті, аумақтық білім басқармалары мен бөлімдеріне сө­зін көп өткізе алмайтын көрінеді. Министрліктің түсіндіруінше, осы уәкілетті органда азаматтардың ша­ғымы негізінде, солардың атынан сотқа жүгіну, айыпты адамдарды және ұйымдарды сотқа сүйреу өкі­леттігі жоқ. Тиісінше, «балалардың құқығын бұзу фактілері анықтал­ғанда соған жол берген ұйымдарға ықпал ету құралдары да жоқ». Ми­нистрлік бақылау іс-шараларының, тексерулердің қорытындысында бұл комитеттің нұсқама, акт толтыра алатынына, бірақ анықталған бұзу­шылықтар үшін кінәлілерді әкім­шілік жазаға тарту құқығы жоқ­тығына назар аудартты.
«Қолдан келетін жалғыз шара-шешім – жергілікті атқарушы ор­гандарға анықталған бұзушылық­тарды жою бойынша ұсынымдардан тұратын хат жіберу. Дегенмен ол ұсынымдық сипатта болғандықтан, орындалуға міндетті емес. Салда­рынан, көпшілік жағдайда бұл хат­тарды жергілікті атқарушы органдар да, сондай-ақ айыпты ұйымдардың өздері де елемейді. Бұзушылық жо­йылмайды, балалардың құқығы ары қарай бұзыла береді. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті 2021 жы­лы – 25, 2022 жылы – 1 жосп­ар­дан тыс тексеру жүргізді. Сондай-ақ жеке немесе заңды тұлғалар ба­лалардың құқығы тапталған фак­тілерді хабарлап жүгініп, тиісті шара қабылдауды сұрап жатады. Соңғы 2 жылда 120-дан астам өтініш түсті. Алайда жоғарыда көрсетілгендей, уәкілетті орган нақты жағдайларды анықтаған кезде тек нәтиже бер­мейтін ұсыныс хаттарды жіберумен шектеледі», – деп мәлім етті Оқу-ағарту министрлігі.
Ведомствоның мәлімдеуінше, мектептерде білім алушылардың құ­қықтары мен заңды мүдделерінің негізгі кепілдіктерінің сақталуын қамтамасыз ететін жауапты тұлғалар жоқ. Соның кесірінен қорғансыз оқу­шының күні қараң. 2021 жылы кәмелетке толмағандар арасындағы 1 529 құқықбұзушылық тіркелді. Ал балаларға қарсы бағытталған қыл­мыс саны 2 088-ге жетті. Ресми де­рек бойынша, оқушылардың 12%-дан астамы немесе 300 мыңнан аса оқушы әлімжеттікке, буллингке ұшырады. ұстаз Өмірден түңілген балалар өзіне өзі қол салады: суицид және суицид әрекеттерінің өсуі байқалады. Егер 2020 жылы 144 суицид фактісі тір­келсе, 2021 жылы бұл сан – 175-ті құрады. Ішкі істер органдары бөлген мек­теп полицейлері жағдайды түзей алмады. Олар көбіне оқиға салдарын жоюға, яғни болары болып кеткен соң шақырылатыны мәлім. Сондықтан Оқу-ағарту ми­нистрлігі Грузияның тәжірибесін Қазақстанда енгізуге ниетті. Осы мақсатта білім заңнамасына өзге­рістер енгізетін заң жобасы әзірле­ніп жатыр. Грузияда Білім беру инс­пекторлары институты жұмыс іс­тейді. Соның үлгісінде Қазақстан­дағы толық жинақты, ірі мектеп­терде білім инспекторларын енгізу көзделіп отыр. Ол инспектор жал­ғыз бір мектеппен шектелмейді, оның қарауына ұсақ білім ордалары, «магниттік мектептер» де бекітіліп берілмек. Бұл тұлға жергілікті жер­лерде білім беру жүйесінің пробле­маларын толыққанды үйлестіруге, қылмыс пен буллингтің алдын алуға жәрдемдеседі деп күтілуде. Білім омбудсмені құрылуы мүмкін Министрлік салаға талдау жүр­гізе келе, тағы бір түйткілді мәселені анықтады: Қазақстанда педаго­ги­калық этиканың сақталуына ба­қы­лау жүргізілмейтін болып шықты. Негізі, «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғанда министр Асхат Аймағамбетов мұғалімдердің стату­сы ғана емес, жауапкершілігі де артатынына сендіріп баққан еді. Осы мақсатта ведомство білім беру ұйымдарында педагогтердің эти­каны сақтауы мәселелерін қарайтын алқалы органды – Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестерді құруды ұсынды. Ол заңның 1-бабының 3) тармақшасында бекітілді. Енді ми­нистрлік өзі түзген тетіктің пәрменді болмай шыққанын мойындауға мәжбүр.
«Соңғы 2 жылдағы тәжірибе көр­сеткендей, Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестер өз функция­ларын тиісті деңгейде атқармайды. Мұны көптеген шағым мен өтініш­тер куәландырады. Тек 2021 жылы мемлекеттік органдарға 3 мыңға жуық шағым келіп түсті. Соның ішінде 773 факті расталды. Оның көп­шілігі Түркістан, Алматы, Жам­был облыстарына, Алматыға, ШҚО мен Астанаға тиесілі. Бұзушылыққа жол берген барлық тұлға әкімшілік және тәртіптік жазаға тартылды. Оның ішінде 470-і ескерту алды. 295-іне сөгіс және қатаң сөгіс жа­рияланды. 8-іне – әкімшілік айып­пұл салынды», – деп мәлім етті Оқу-ағарту министрлігі.
Ал бір жыл ішінде Педаго­ги­калық әдеп жөніндегі кеңестер отырысында 118 факті ғана қара­лыпты. Бірақ бұл кеңестер Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттері жанынан кон­сультативтік-кеңесші орган ретінде құрылған. Яғни, кеңестің шешімдері ұсынымдық сипатта болады және оларды мектеп директорлары әрдайым орындай бермейді. Сондықтан Оқу-ағарту ми­нистр­лігі Үкіметке жеке омбудсмен –педагогикалық әдеп мәселелері жөніндегі уәкіл институтын енгізу ұсынысымен шықты. Оған интер­нет, әлеуметтік желілер, түскен ша­ғымдар, басқасы негізінде педа­гогтардың әдеп нормаларын сақ­тауын қадағалау және қамтамасыз ету, педагог мәртебесі заңнама­сы­ның бұзылуының алдын алу, сон­дай-ақ өз функциялары шегінде педагогтерге ақыл-кеңес беру жүктелмек. Салаға еңбегі сіңген педагог, төл жеке мектебінің тәлімгері, менеджері Күләш Ибраева болашақ педагогтерді жоғарғы оқу орнында әдептілікке, сыйласымдыққа, мейірімділікке үйрететін жеке пән болғаны жөн дейді.
«Кеңес заманын мақтағым кел­мейді, бірақ ол кездегі мұғалім­дер педагог ретінде Ахмет Байтұр­сын­ұлы, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы сияқты ұлтымыздың ұлы ұстаздарының жолын жалғас­тыратынын, ұрпақ пен ұлт алдын­дағы ұлық миссиясын түсінетін. Оқушылар да білікті ұстаздарынан ұлағат, тәлім алып, үлгі-өнеге тұта­тын. Бүгінде жас ұрпақ бұзылды деп босқа кінәлайды. Шәкірттерім көре қалса, ізет көрсетіп, елпілдей сә­лемдесіп, көмек ұсынып жатады. Қынжылтатыны сол, қазір әсіресе, жас педагогтер сабағын тезірек өткізіп тастауға асығып тұрады. Сабақ үстінде ойын ойнап, теле­фонмен әлдекімді сөз етіп немесе басқа да педагог әдебіне жат қылық көрсетіп отыратын мұғалімдер бар. Пәннің, білімнің мұғалімге қы­зық­ты еместігін, зеріктіретінін көрген оқушының да ынта-ықыласы бол­майды», – деді педагог.
Ол педагогика мамандықтарына ҰБТ тестілеумен шектелмей, әңгі­мелесу түрінде емтиханды енгізуді ұсынады. Сонда білікті ұстаздар, психологтер талапкердің мұғалімге лайықты қасиеттерінің бар-жоғын анықтар еді. Әйтпесе, бұл маман­дықты басқа тар салаларға қыры жоқ түлектер таңдауын жалғас­ты­руда екен. Қазіргі уақытта мұғалімдердің үлкен бөлігі «Баланы тәрбиелеу ата-ананың жауапкершілігі» деп түсі­неді, тіпті тереңірек білім беруге де тырыспай, қаптатып үй тапсыр­ма­сын бере салады. Ендеше Оқу-ағар­ту министрлігі педагогтердің жа­ла­қысын жыл сайын 25 пайызға кө­тергеніне мәз болмай, ұлт тәрбие­сімен айналысатын, әр шәкіртке білім қайнарына жолбастаушы, қамқоршы әрі қорған болатын педагогтерді даярлауға да баса мән берсе жөн. Мұның мысалын алыс­тен іздеудің қажеті жоқ. Оның үлгі­сін Қазақстанда фин, швед, аме­ри­калық білім беру әдістемесіне не­гізделіп ашылған жекелеген жеке­меншік мектептерден табуға бола­ды. Бала тұлғасының қалыптасуына мектеп те жауап беретінін педагог­тер, салалық министрліктегі ше­неуніктер түсінбей, іс оңбайды.