Шымкент әуежайында рейс тоқтатылып, 700-ден астам адам тұрып қалды.
Шымкентте қою тұман салдарынан бірнеше рейс тоқтатылып, кейінге қалдырылды. Үшінші мегаполистің әуе айлағында 700-ден астам адам тұрып қалды, деп хабарлайды Otyrar.kz басылымы.
Басылымның Шымкент әуежайының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, барлығы 5 рейс кейінге шегеріліп, елордаға ұшатын тағы екі рейс тоқтатылған. Барлығы 724 адам әуежайда қалды. Шымкенттен Алматыға ұшуды жоспарлаған жолаушылар әуежайда ұзақ қонатын болды.
134 адам сағат 10.00-ден әуежайда өз рейсін күтіп отыр, рейс 12 сағатқа шегерілді. Осы уақыт ішінде Шымкент әуежайының ғимараты жолаушыларға лық толы. Жағдайға "Эйр Астана" әуе компаниясының баспасөз қызметі түсініктеме берді.
"Әуежайдың ұшу-қону жолағында тұман. Қою тұманнан айнала мүлде көрінбейді. Таңертең "Эйр Астана" рейсі Алматыға 10:15-те ұшуы керек еді, бірақ уақыты 00:25 шегерілді, бірақ бұл әлі анық емес, ауа-райы жақсармай тұр. Егер кешігу 6 сағаттан артық болса, онда жолаушылар айыппұлсыз билеттерді толық қайтаруға құқылы, көптеген жолаушы билетін қайтарды. Ауа райы болжамы көңіл көншітпейді. Ыстық тамақ берілді, бірақ қонақүй берілмеді, себебі, бұл әуе компаниясының кінәсінен емес, ауа райы құбылыстарынан. Біз билеттерді толық қайтарып береміз", — деп хабарлайды әуетасымалдаушының баспасөз қызметі.