Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Семейдің орта арнаулы оқу орындарының жұмысымен танысты.
Бірінші болып өңір басшысы Геологиялық барлау колледжіне барды. Колледждің материалдық-техникалық базасына 47 оқу кабинеті, 22 зертхана, оқу-өндірістік шеберхана, оқу полигоны, спорт залы, оқу залы бар кітапхана, 800 адамға арналған акт залы, 160 орынға арналған екі асхана, медициналық пункт және 352 төсек-орындық жатақхана кіреді.
Одан соң Геодезия және картография жоғары колледжін аралады. Аталмыш оқу орнының материалдық-техникалық базасын оқу корпусы мен жатақханасы бар оқу корпусы, шеберхана, спорт залы, 50 орынға арналған асхана, акт залы кітапхана және медициналық пункт құрайды. Бұл ұйым – геодезия және картография саласындағы мамандарды даярлайтын Қазақстандағы жалғыз колледж.
Аймақ әкімі бұдан өзге, Электротехникалық колледжі мен Бизнес және сервис колледжінде болды.
Ол оқу орындарының жұмысына оң баға беріп, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары бүгінде сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқытуға бағытталғанын атап өтті.
Облыс әкіміне «Жас маман» бағдарламасы бойынша жабдықталған шеберханалар, зертханалар, оқу кабинеттері таныстырылды. Сондай-ақ Нұрлан Ұранхаев студенттер және оқытушылармен әңгімелесіп, қазір осы салада қандай мәселелер бар екенін сұрады.
Сонымен қатар алдағы WorldSkills республикалық және әлемдік турнирлердің қатысушыларымен кездесіп, оларға сәттілік тіледі.
Сапарды қорытындылай келе, Нұрлан Уранхаев өңірге түрлі салада жоғары білікті мамандар қажет екеніне назар аударды.
«Біздің қала – студенттердің қаласы. Арнайы орта білім беру біздің өңірде әрқашан үздік болатын. Ең алдымен олар жұмысшы мамандықтары бойынша түлектерді дайындайтын. Сонымен қатар жоғары білім алу үшін де мүмкіндік беретін. Біздің облыс жаңадан құрылды, осы себептен бізге жұмысшы мамандықтар қажет, сондықтан біз орта арнаулы мекемелермен бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Біздің колледждер жақсы дамуда. Заманауи жабдықтар бар», – деді аймақ басшысы.