Халықтың да еркіндігі мен мүмкіндігін көрсетті
Халықтың да еркіндігі мен мүмкіндігін көрсетті
© фото: Радмир Фахрутдинов
431
оқылды
Ақан Ақан ӘБДУАЛИЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:Сайлау әділ өтті. Бұл – ең бірін­ші, халықтың бола­шақ­қа деген сенімі мен үміті. Сайлауға қатысқан барлық кандидатқа мүмкіндік пен еркіндік берілді. Бір қызығы, биылғы сайлауға 6 кандидаттан бөлек, «барлығына қарсымын» деген пункт енгізілді. Сайлауда барлығына қарсымын де­ген­дердің көрсеткіші 5 пайызды құрады. Бұл ха­лықтың да еркіндігі мен мүмкіндігін көрсетті. Халық арасында жүргендіктен, биылғы сайлауға азамат­тар­дың жаппай атсалысқанын айтпау мүмкін емес. Еш­кім «Сайлауға қатыс» деп міндеттемесе де, халық өз таңдауын жасау үшін таңғы 7-ден бастап сайлау учас­келеріне барды. Өзін-өзі басқара алмаған елде, сырт­тан да, іштен де жау көп болады. Оны біздің хал­қымыз жақсы түсінеді. Сол белсенділіктерін осы сайлауда көрсетті. 11 миллион сайлаушының 8 мил­лионнан астамы келіп дауыс берген. Кешегі өткен сайлау – алдағы 7 жылдықтың бастамасы. Осы уа­қыт­қа дейін бұл басталып та кеткен. Халық сол саяси ре­формалардың жалғасқанын қалап дауыс берді. Пре­зидентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев респуб­ли­калық штабында: «Халықтың сенімінен үлкен нәрсе жоқ» деді. Көп дауысқа ие болған Қасым-Жомарт Кемелұлының осы сенімді арқалайды деген үлкен үмітіміз бар. Айтылған сөз – атылған оқ. Халық та сол сенімнің ақталғанын күтеді. Президентіміз мық­ты мемлекет құру үшін әділеттілікпен күресу жайлы да айтты. Әділетті қоғам орнаған жерде үлкен жеңіс­тер болады. Президентіміздің сайлауалды бағдарла­ма­сы­ның 90 пайызы орындалса, біз барлық мақсатқа же­теміз. Алуа Алуа ЖОЛДЫБАЛИНА, Президент жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары:

БОЛАШАҚҚА ҮҢІЛУГЕ ЖОЛ АШТЫ

– Қазақстанда сайлау процесі белсенді өтуде. 2021 жылдың 25 шілдесінен бастап ауылдық елді мекендерде ауыл әкімдерін сайлау жүргізілуде. Ол 2022 жылы да жалғасын тапты, себебі өкілеттік әр­түрлі мерзімде аяқталады. Жалпы, сайлау саяси процесс ретінде бірнеше маңыз­ды қызметті атқарады. Біріншіден, сайлау би­лік органдарын демократиялық қалыптастыру тә­сілі ретінде саяси режимді легимитизациялау мен сенім арттырудың құралы ғана емес, сол сияқты азаматтарды саяси белсендірудің, олардың өз сұра­ныстарын, қызығушылықтарын ой елегінен өт­кізу­дің, қоғамдық нығаюдың, биліктің азаматтармен кері байланысын қамтамасыз етудің, саяси мәде­ниет­ті қалыптастыру және дамытудың, саяси өмірге қа­тысу үшін дағдылар­ға ие болудың негізгі құралы. Екін­шіден, сайлау – жаңа мақсаттар мен бағдарла­ма­лардың, азаматтарды толғандыратын сұрақтар мен мәселелерді, жалпы әлеуметтік-экономикалық, сая­си курсты шешудің тәсілі. Сондықтан да сайлау ха­­лықты нығайтуға бағыт­тал­­ған. Жалпы, әлемдік тренд­­ті назарға ала отырып, аза­­маттар әрі қарайғы жолды және жоспарларды нақты түсінуі қажет. Сайлауды өткізу үнемі үлкен ұйымдастырушылық жұ­мысты талап етеді. Бұл процедура келесі саты­лар­дан тұратын сайлау процесі деп аталады: сайлауды белгілеу; сайлау округтерін құру; сайлау комиссиясын қалыптастыру; үміткерлерді ұсыну; сайлаушылар тізі­мін құру; сайлау алдындағы үгіт-насихат; сай­лауды өткізу; сайлау қорытындысын жасау; сайлау нәти­жесін халыққа жариялау. Осы кезеңдердің бар­лы­ғында сайлау комиссиясы жүйесінің, атап айт­қанда Орталық сайлау комиссиясының, аумақтық сай­лау комиссияларының, учаскелік сайлау комис­сияларының бірыңғай жөнге келтірілген жұмысы қажет. Жалпы, сайлау қоғамдық өмірге белгілі бір мерзімділікті, өткен жолдың қорытындысын жасап, болашаққа үңілуге мүмкіндік береді. Серікзат Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗЫ, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:

 КЕЛЕҢСІЗДІКТЕР БОЛҒАН ЖОҚ

– Кешегі сайлауға бақы­лау­шы ретінде қатыстым. Бұрын сайлау өтетін учас­ке­лерде жиі дау-дамай болатын еді. Биылғы сайлауда мұндай келеңсіздіктер болған жоқ. Азаматтар болашақтан үлкен үміт күтеді. Сон­дық­тан да олар ерекше бел­сенділікпен дауыс берді. Елімізде ендігі президенттер тек бір кезеңге, 7 жылға ғана сайланады. Одан соң үзіл­ді-кесілді сайлауға қа­тыса алмайды. Бұл – құп­тауға тұрарлық қадам. Өзінің билік мерзімі шек­теулі екенін білген басшы ар­тық әрекет істеп, кемшілік жібермеуге тырысады. Бұл сайлауда айқын басым­дықпен Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті. Бұған дейінгі 3 жыл ішінде мем­лекет басшысы билікке табанды түрде орнықты, оң-солын таныды, бағдарын нықтап белгіледі. Тура мақсатпен алға басып келеді. Елімізде жүзе­ге асып жатқан жаңа реформалардың нәтижелі бо­ларына сеніміміз үлкен. Бауыржан Бауыржан СЕРІКБАЕВ, саясаттанушы:

МЕМЛЕКЕТТІҢ ТІЗГІНІН ҰСТАУҒА ЛАЙЫҚТЫ ТҰЛҒА

– Президентіміз 1 қыркүйектегі Жолдауында сай­лаудың қашан, қалай өтетіні жайлы хабарлады. Осының барлығын негізге алсақ, саяси партияларға да, белсенді азаматтарға да сайлауға түсу үшін толық мүм­кіндік берілді. Сайлау процесі кезінде де барлық кан­дидатқа бірдей мүмкіндік жасалды. Әлеуметтік же­лідегі белсенділігіне, үгіт-насихат жұмыстарына, ай­мақтарды аралауына, халықпен жүздесулері мен сай­лауалды бағдарламаларына қарап әр сайлау­шы­ның таразыға салып таңдауына да уақыт жетті. Жал­пы, кешегі сайлау өз деңгейінде өтті. Халқымыздың 70 пайызы сайлауға барып дауыс берді. Бұл қазақ­стан­дықтардың белсенділігінің жоғары екенін көр­се­теді. Соның ішінде 81,3 пайыз дауыстың Пре­зи­ден­тіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа берілуі де заңды­лық. Өйткені халқымыздың ба­сым бөлігі жазда өткен Конс­­титуциялық референ­дум­­ды қолдаған еді. Елдегі сая­си реформалар мен шешімдерге де оң көзқараспен қа­рауда. Сайлау сол Конституциялық рефе­рендум­ның заңды жалғасы ретінде өтті. Президентіміз ха­лық­тың сенімін ақтау үшін бүгіннен бастап іске кірі­сетінін атап өтті. Ендігі мәселе – халықтың се­ні­мін ақтау, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді ше­шу. Жүзеге асып жатқан саяси реформалардың жал­ғасатынына сенемін. Геосаяси жағдайдың күр­де­лі кезеңінде мемлекеттің тізгінін ұстауға бірден-бір лайықты тұлға деп халқымыз Қасым-Жомарт Ке­мелұлының кандидатурасын қолдады. Еркін Еркін ӘБІЛ, Мемлекет тарихы институтының директоры:

БЕЛСЕНДІЛІК МӘЖІЛІС САЙЛАУЫНДА ДА ЖАЛҒАСАДЫ

– Сайлау жоғары деңгей­де өтті. Биылғы сайлауда ұйым­дастырушылар жағына айтылатын сын да азайған. Менің ойымша, шынайы, ашық, демократиялық түрде өтті. Екіншіден, халықтың белсенділігі жоғары болды. Сайлаушылар саяси жүйеге де, дауыс беру жүйесіне де сенім білдіріп жатыр. Үшіншіден, осы жол­ғы белсенділік келесі көктемде өтетін Мәжіліс сай­лауында да көрініс табары анық. Ол кезде саяси пар­тиялар бар жігерін салып күресетін болады. Елімізде саяси процесс өзгеріске ұшырап келеді. Пре­зидент сайлауында биыл алғаш рет 6 бірдей кан­дидат бақ сынады. Енді олар осы белсенділігін ары қарай жалғастырып, бағдарламасын жүзеге асыруға күш сала ма? Әлде науқаннан кейін жоғалып кете ме? Олар саяси өмірде осы қарқынымен көзге түсіп, сай­лауалды бағдарламаларын партия құруға жет­кіз­се, шынымен де қоғамымызда жаңа саяси ли­дер­лер пайда болады. Сайлауда «Барлығына қарсымын» деп дауыс бергендер 5 пайызбен, екінші орын алды. Бұл пунктті таңдағандар – біріншіден, белсенді аза­­маттар. Екіншіден, сайлау жүйесіне сенім біл­діріп жатқандар. Олар саясатта жаңашылдықты қа­лай­ды. Енді осы 5 пайыздың болашақта қай пар­тияның еншісіне бұйы­ратынын ойлануымыз керек. Ертең партиялар бір-бірімен күрескен кезде әр пайыз маңызды болады. Пре­зидентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айқын басым­дық­пен жеңіске жетті. Алдағы 7 жылда Президентіміз өзі айтқан реформаларды жал­ғастырып, жергілікті билікке біраз өзгеріс ен­гізетініне сенеміз.