Жыртық ауыз
Жыртық ауыз
704
оқылды
Қазақ айтады, қазақ қатырып айтады, қазақ таңды таңға атырып айтады. Қазақтың айтатыны: «Аузыңнан ақ ит кіріп, көк ит шықты ма?» – дейді. Сонда ойлайсың ғой, кейбір кеңкелес адамдардың аузына түрлі түсті иттер кіріп кетеді ғой деп... Ауызға абай болу керек. Ауыз деген – кейде жауыз. «Ауыздан «авария» болып қалды» деген заманауи пәлсафа да бар. Ойбуй, айтпақшы, «іріген ауыздан шіріген сөз шығады» деген дегбіріңді қашыратын қағытпа да бар екен ғой. Ауыз туралы айта берсең, жүдә көп. Сол ауыздың ішіне жасырынып жатқан тіліңе ие бола алмасаң, тағы пәле. Қазақ айтады, қазақ қатырып айтады, қазақ таңды таңға атырып айтады: «Басқа пәле тілден!» – дейді. Тіліңе еге болмасаң, тірідей өлесің, өзіңді-өзің тірідей көмесің. Қазақ жерінде байып, қазақ нанын тойғанша жеп, қазақтың суын ішіп жүрген қазақстандық кәсіпкер Рамил Мухоряповтың да, аузынан ақ ит кіріп, көкпеңбек ит шығады. Ашық айтсақ, аузы жыртық. Бір күні таңертең оянса, аузы жыртылып қалыпты. Сосын екен ғой, аузына не келсе, соны айтып, ие бола алмай қалатыны. Иегі дуылдап, жүрегі суылдап, дәрігерге барды зуылдап. – Дәрігер, менің аузым жыртық, – деді ол дегбірсізденіп. – Қалай жыртық? – Міне көріңізші? – деп сұ­рады ол өтініп. – Көріп тұрғаным жоқ. – А, аа, міне қараңыз, жыртық қой, – деді ол аузын апандай ашып. Дәрігер көз әйнегін киіп, оған үңіле қарады да: – Ия, болар-болмас жырты­лыпты, – деді. – Не істеймін? – деп сұрады ол. – Желім жағыңыз. – Қойыңғызшы? – Ия, «Жыртыққа желім» де­ген желім шыққан. Кәсіпкер ауыз желімін тапты­рып, жыртық аузына жақты. Бірақ, ауызы құлақ жағына қарай одан бетер жыртылып кетті. Сөйлеуден қалды. Сөздері ша­шырап, әр жерге түскендей. Сосын, ол аузын алақанымен басып, өңі қашып, қатты сасып, дәрігерге келді. – Дәрігер мырза, желіміңіз болмады ғой? – Тері жіппен тігу керек. – Тігіп беріңізші. Құдай үшін! – Қазақ ұлтына тіл тигізбейсің ғой? – Ант етемін! – Солай ма? – Орындамасам, басқа жаққа көшіп кетемін. – Сіз қазақ тілін қорладыңыз. Қазақ ұлтының намысын аяққа таптадыңыз. Сол үшін аузыңыз жыртылған. Сол аузыңызға ие бола алмағаныңыз үшін, жүре­гіңіз де жыртылған. Әуелі, жүрек­тің жыртығын жамау керек. Сон­да ауыз жыртығы өзінен-өзі жа­зылып кетеді! – деді дәрігер. – Тәңір жарылқасын, шипа беріңіз! Айтқаныңызды түсінем, айтып алып, айтқаныма күрсі­нем. Жыртық жүрегімді де жазып беріңіз! – Білесің бе, сендейлерге бір сатирик мынадай өлең шыға­рыпты, оқып берейін: Жамандыққа жоласаң, Мысалы, Банк тонасаң, Түскелі тұрып отқа, Былай дейсің, сотта: – Кешіріңіздер, Кешіріңіздер! Кешіре саламыз, Мына біздер. Сосын, Болмасын, тосын... Өзіңді-өзің көндірдің, Әдейі адам өлтірдің. Быттиып бетің ботқа, Былай дейсің, сотта: – Байқамай бес рет, Күн батқанда кешірек, Пышақтаппын, Сосын, құшақтаппын, Өлген соң, «кешір!» деп, Кешіріңіздер, Кешіріңіздер... – Кешіреміз, Кешірмесек, Қазақпыз несіне біз? – Елге келген қонақпын, Екі кемпір зорлаппын, Артынан өлтіріп, Құлағын кесіп, қорлаппын, Қысқасы, сорлаппын, Жүзімді торлап мұң. Кешіріңіздер, Кешіріңіздер, – Ойбай, кешіреміз, Кешірмесек, Тойға кешігеміз... Өзге ұлтты сыйламасақ, Қазақпыз, несіне біз? Мұның бәрі «Әдемі», Заңда кешірілмейді, Қылмыстылар әлемі. Ал, қайтесіз. Мынадай пәлені: Тілімізді қорлайды, Көргенсіз бе, ондайды? Туымызды тілгілеп, Қазақ байғұс сорлайды, Сосын желіде, Саламыз ойбайды. – «Кешіріңіздер!» – дейді де, Нанымызды жейді де, Тағы да тоймайды, Кешірім сұрап, қайтадан, «Қой!» дегенге қоймайды, Халықтар Ассамблеясы, Осы, нені ойлайды? – Дәрігер мырза, не істерімді білмеймін, айтарымды айтып алып, түнімен кірпік ілмеймін. Прокуратура да үстімнен іс қоз­ғапты... – деген Рамил Мухоряпов көз жасын бір сығып алды. Шын мәнінде, Рамил дәл осылай дәрігерге жүгірмесе де, жүрегінің жыртығын, көңілінің тыртығын, аузының тілінгенін, көп нәрсенің кейіннен білінгенін түсініп, халықтан кешірім сұ­ра­ды. Кешірім сұрай салу оңай екен. Ол не деп қойып еді? Бұл пақырың күні кеше ресейлік кә­сіп­керлер қатысқан жиында: – «Адам орыс тілін шынымен біл­месе, түсінуге болады, ал тек қазақ тілінде жауап беру ұлтшыл­дыққа жатады, ол мәдениет­тіліктің көрінісі емес», – деп айт­қан болатын. Сол екен, желі­дегі патриоттар оны талап. «жү­нін» жұлып, ту-талақайын шы­ғарып, тырдай, абыройдан жұр­дай етіп тастады. Сауап болыпты!

Мұхтар ШЕРІМ