Елдің наразылығын жиі тудыратын жеке сот орындаушылардың жүйесіздігі одан әрі жалғасып жатыр. Таяуда Бас прокуратура жеке сот орындаушылардың қылмыс-тық схемаларын анықтады. Ең сорақысы сол, олар борышкерлердің 1,1 млрд теңгесін жымқырған болып шықты. Былығы бітпейтін осы саланың жөнге келетін сыңайы бар ма?Бас пайда дегенде баланы елемейді
Сонымен, прокуратура органдары жеке сот орындаушыларының Республикалық палатасымен бірлесіп, 2021-2022 жылдары борышкерлерден өндіріп алған ақшалай қаражатты уақытылы және толық аударуына тексеру жүргізген. Ақыры Алматы қаласында, СҚО, Қарағанды, Павлодар, БҚО және Ақмола облыстарында жүргізілген тексерулер 1,1 миллиард теңге мөлшерінде ақша ұрлаудың 660 фактісін анықтапты.
Осындай бірнеше оқиғаның беті ашылған. Мәселен, елордалық жеке сот орындаушы алимент бойынша жоқ қарызды «әдейі» анықтап, сот үкімімен мемлекеттің пайдасына тәркіленуге жататын 289 миллион теңгені банктік шоттан шешіп алған. Ресми дерек бойынша, ол бұл қаражатты Астана қаласы Сот актілерін орындау департаментінің бұрынғы бастығына аударған. Осы қызметі үшін сот орындаушы 10 миллион теңге ұстап қалыпты. Тағы бір алматылық сот орындаушы жыл бойы борышкерлердің қаражаты есебінен өзінің банктік депозитін 18 рет толықтырып, 84 миллион теңге жинаған. Пайызынан 2 миллион теңге тапқан. Осыған ұқсас жағдайлар өте көп. Өз депозитіне 13,6 миллион теңге аударып, шамамен 5 миллион теңгеге жуық сыйақы алған сот орындаушы да кездескен. Бас прокуратура мәліметінше, қарағандылық 7 жеке сот орындаушы борышкерлердің 110 миллион теңгесін өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Тіпті балаларға тиесілі қаржыны жымқырғандар да табылыпты.
«Алматылық жеке сот орындаушы «Жанұя» балалар үйінің тәрбиеленушісі, кәмелетке толмаған Болғамбаеваға арналған 400 мың теңгені жеке мақсатында пайдаланған. Павлодарда ЖСО 3 жыл бойы 520 мың теңгеге екі баланың алимент қаражатын ұрлап отырған. Кейбір ЖСО-лар өндіріп алушылардың ақшаларын басшылардың шығындарын жабу үшін пайдаланған. Батыс Қазақстан облысында ЖСО өңірлік палатаның басшысына және оның орынбасарына 1 миллион теңге аударған. Олардың басқа әріптестері әйелдері мен туыстарына 4,7 миллион теңге бөлген», – деп мәлімдеді Бас прокуратура.
Әзірге ақша ұрлау мен ысырап етудің анықталған фактілері бойынша соталды 16 тергеу басталғаны айтылды. Сондай-ақ, қадағалау актісі бойынша 7 ЖСО лицензиясы алынған, 2 лицензия тоқтатылып, 55 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Дегенмен бұл жаза сот орындаушылардың айылын жыйдыра қоятынына сену қиын. 2010 жылы 2 сәуірде «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заң қабылданды. Оған сәйкес, атқарушылық құжаттарды орындатудың баламалы тетігі енгізілді, мемлекеттік приставтарға қоса, елде жеке сот орындаушылар пайда болды. Содан бері халық бұлардан қаншама теперіш көруде. Сот үкімі негізінде қарызды өндіріп алушы жеке сот орындаушыларының былық, лас істері туралы ақпарат құралдары көп жазды. Әлеуметтік желілерді де мыңғырған ақпарат тұр. Бірақ неге екені белгісіз, жауаптылар түйткілге көз жұмып қарап келгендей. Дегенмен заңгер Фархад Абдукадыровтың айтуынша, 2021 жылы қабылданған Азаматтық-рәсімдік процестік кодекс арқылы сот орындаушылардың заңсыздығына жол бермеуге болады екен.
«Жеке заңгерлік тәжірибемде өз ісін жақсы білетін, заң нормасын сақтайтын сауатты сот орындаушыларды көрдім. Алайда қазіргі кезде сот орындаушы болу мәртебесін кейбіреулер бизнес көзіне айналдырып, өрескел құқықбұзушылық жасап, борышкерге қатысты көптеген заңсыз іс-әрекеттер жасап жатқандарды да байқадым. Қазақстанда сот орындаушылардың іс-әрекетінің алгоритмі бекітілген. «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушылардың мәртебесі туралы» заң нормасы – тікелей жеке сот орындаушылардың борышкерге және басқа да тұлғаға қатысты жасалатын заңды әрекеттерін тізіп көрсетіп қойған. Күнделікті өмірде маған заңгерлік кеңеске қарапайым азаматтар жүгініп, жеке сот орындаушы өзінің алимент, мүгедектік және басқа да бұғатқа қоюға рұқсат етілмеген шоттарды жауып, ішіндегі ақшаны тартып алғаны жөнінде айтады. Былтыр «Азаматтық-рәсімдік процестік кодекс» заңды күшіне еніп, сот орындаушылардың іс-әрекетінің заңды немесе заңсыздығына тікелей шағымдану мүмкіндігі туды. Осы кодекс болашақта борышкерлердің хақын қорғауы тиіс», – дейді маман.
Заң неге солқылдақ?
Көктемде Павлодарда жеке сот орындаушылар кепілдікке қойылған 40 үйді бір адамға сатқаны анықталды. Әрі нарықтағы бағадан 5 есеге дейін арзанға өткізген. Осылайша, бұқара мен бизнестен берешегін өндіруден күреп табыс табатын, өз жұмысын индустрияға айналдырып алғандардың дәуірі жүрді. Сол кезде баспанасынан айырылып қалғандар мұның артында ұйымдасқан қылмыстық топ тұруы мүмкін деп жорамалдаған.
ЖСО-ның елге қандай қиындық жасап отырғанын келесі статистикадан аңғаруға болады. Жоғарғы Соттың мәліметінше, 2021 жылы 1 шілде мен 30 желтоқсан аралығында республиканың әкімшілік соттарына жалпы саны – 14 469 іс келіп түскен. Соның ішінде 34 пайызы – тек қана ЖСО-лардың іс-әрекетіне қатысты. Ал Әділет министрлігіне былтыр азаматтар мен заңды тұлғалардан осы мәселеге қатысты 7 мыңға жуық өтініш түскен.
Үкіметтің тапсырысымен «Сот төрелігі секторын институционалдық нығайту» жобасы аясында Жеке орындау жүйесін дамыту стратегиясын әзірлеген шетелдік сарапшылар бір мәселеге назар аудартыпты. «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңы қабылданғаннан кейінгі 12 жылда нормалар үнемі өзгерумен болған. Нақтылай кетсек, осы мерзімде түрлі 57 заңмен осы заңның 116 бабына 397 түзету енгізіліпті. Тағы 11 бап алып тасталып, 10 жаңа бап пайда болған. Жиі-жиі түзету енгізе беру, қолданыстағы нормаларды тосыннан алып тастау және жаңаларын қосып отыру адвокаттарды да, соттарды да, ЖСО-ларды да жаңылыстырып біткен.
Бұған қоса Әділет министрлігінің сарапшылары жүргізген талдау оның тиімсіздігін, құқықтық олқылықтары мен қайшылықтарын һәм себептерін анықтаған. Сарапшылар «бүгінде бұл заңдағы ережелер нақты жүйеленбеген» деген қорытындыға келіпті. Мысалы, ақшаны өндіріп алу мәселесі «Борышкердің мүлкінен өндіріп алу» және «Борышкердің ақшасынан өндіріп алу» деген екі тарауда көзделген, бірін-бірі қайталайды. Өйткені ақша да мүлікке жатады. Тағы бір ұқсас заңдардың бірінде өндіріп алуға тыйым салынатын ақша көзі екіншісіне енбей қалған. ЖСО-лар оны қалағанынша пайдаланады. Соның кесірінен заң нормаларын түсіну және дұрыс қолдану күрделенді. Енді не істемек керек? Ел арасында осы институтты мүлде жоюды сұрап жүргендер бар. Ал заңгер Фархад Абдукадыров сот орындаушыларға лицензия беруді қатаңдатып, институтты дамыта берген жөн деп санайды.
«Елімізде жыл сайын сот актілерін орындау институты дамуда. Азаматтық қоғамда теңдік және заңдылық орнауы барлық құқықтық институттардың бірлесе сапалы жұмыс істеуінде. Бастысы, институтты одан әрі дамыту қажет. Оған қоса сот орындаушылардың лицензия алу мүмкіндігі ережелерін қатаңдатып, әрі қарай атқарушылық іс-жүргізуде қатаң бақылауды күшейтуі тиіс. Халықтың құқықтық сауатты болуы да заңсыздықтың алдын алады», – деді ол.
Қазір елде 2 200-ден астам жеке сот орындаушысы бар. Әрине, олардың бәріне күйе жақпаймыз, әйтсе де заңсыздығы басым болып тұр. Келешекте сот орындаушылардың біліктілігін арттырып, лицензия алу жайын қатаңдатпаса – былық бітпесі анық.