Қазақстанда жаңа ипотекалық бағдарламаны іске қосу кейінге қалды
Қазақстанда жаңа ипотекалық бағдарламаны іске қосу кейінге қалды
516
оқылды
Мемлекет азаматтарға Екінші деңгейдегі банктердің пайыздық мөлшерлемесінің бір бөлігін төлеуді жоспарлап отырған жаңа ипотека 2023 жылдың екінші тоқсанына ауыстырылды. Қаржы министрлігі республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде берілген бюджеттік өтінімді қабылдамады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Krisha.kz сауалына берген жауабында хабарлады.
2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін өтеуге субсидиялар беру үшін Қаржы министрлігіне 24,5 миллиард теңге сомасына бюджеттік өтінім жіберілді. Алайда Қаржы министрлігі өтінімді қолдамады. Өтінім 2023 жылы республикалық бюджетті нақтылау кезінде қайта ұсынылады. Ведомство мәліметінше, егер өтінім қолдау тапса, субсидиялау механизмін іске қосу 2023 жылдың екінші тоқсанына жоспарланып жатыр. Естеріңізге сала кетейік, "жаңа ипотеканы" субсидиялау биыл көктемде 12 пайыздық төмендетілген мөлшерлемемен орта тапқа арналған бағдарлама ретінде ұсынылған болатын. Ипотеканың алғышарттары: Несиелеу мерзімі – 20 жылға дейін. Бастапқы жарна – сатып алынатын тұрғын үй құнының кемінде 20 пайызы. Мақсаты – "Қазақстан тұрғын үй компаниясы" АҚ кепілдігімен салынған немесе салынып жатқан тұрғын үйді сатып алу. Несиенің максимал сомасы: – Астана мен Алматыда – 35 миллион теңгеге дейін; – Ақтау, Атырау, Шымкент – 25 миллион теңгеге дейін; – Қарағанды – 20 миллион теңгеге дейін; – басқа өңірлерде –15 миллион теңгеге дейін.