Жамбыл облысында мал саны 4,5 миллионға жуықтады – Қанатбек Мәдібек
Жамбыл облысында мал саны 4,5 миллионға жуықтады – Қанатбек Мәдібек
435
оқылды
Бүгінде Жамбыл облысында аграрлық сектор экономиканың драйверіне айналып отыр. Биыл бұл салада 562,6 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 343,6 млрд теңге инвестиция тартылды. 756,2 мың гектарға дақылдар орналастырылып, жоспар өткен жылмен салыстырғанда 5,4 мың гектарға артық орындалды. Ал масақты дәнді дақылдардан жалпы өнімі 633,4 тоннаны құрады. Бұл туралы өңір басшысының орынбасары Қанатбек Мәдібек айтты. Оның мәліметінше, мемлекеттің қолдауының нәтижесінде алдағы жылы қант қызылшасы алқабын 10 мың гектарға дейін жеткізу жоспарлануда. Биыл мал саны 4,4 млн басқа артып, ет өндірісі де ұлғайды. Биыл бұл салада 10 инвестициялық жоба іске қосылып, 179 азамат жұмыспен қамтылды.
– Қазіргі таңда облыс аумағында 87 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істеуде. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 21,4 пайызға артық. Мұнда жұмыспен қамтылғандар 130 мыңнан асты. Осы жылы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 311,3 млрд теңгенің өнімін өндірді. Ал «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде 69 млрд теңгеге 188 жоба қаржыландырылды. 155 ірі сауда дүкеніне делдалсыз 3 мың тоннаға жуық 9 тауар (ұн, тауық еті, сүзбе, тұздалмаған сары май, макарон, жұмыртқа, тұз, қант және айран) түрі бойынша тікелей жеткізу ұйымдастырылды. 244 ірі сауда желілерімен 11 мың тонна көлемінде 10 (ұн, тауық еті, ет, тұздалмаған сары май, макарон, сүт, пияз, картоп, қырыққабат және сәбіз) тауар түрі бойынша күзгі форвардтық келісім жасалды. Тұрғындарға 32 әлеуметтік павильон қызмет көрсетуде. Биыл 532 жәрмеңке ұйымдастырылып, онда 17 мың тонна арзандатылған ауыл шаруашылығы өнімдері сатылды, – деді Қанатбек Қайшыбекұлы.
Ол Жамбыл облысында 368 жер қойнауын пайдалану объектілері тіркелгенін атап өтті. Оның ішінде барлау және өндіруге арналған келісімшарттар саны – 187. Ал жол құрылысын салуға арналған жеңілдетілген рұқсат саны – 19. Кен іздеушілікке арналған 5 лицензия берілді.  width=
– Биыл ветеринариялық іс-шараларға 1,94 млрд теңге бөлінді. Малдың саны 4,4 млн басты құрады. Бұл республика бойынша Түркістан облысынан кейінгі жоғары көрсеткіш. Мемлекеттік тапсырыспен малдың аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық-профилактикалық және диагностикалық іс-шаралар шеңберінде 20,7 млн вакцинациялау және 5,6 млн диагностикалық жұмыстар жүргізілді. Бруцеллез ауруына шалдыққан 406 бас ауыл шаруашылығы жануарлары қолданыстағы санитариялық талаптарға сай сойылып, қайта өңдеуге жіберілді. Жалпы, ауруға шалдығу өткен жылмен салыстырғанда 34 пайызға төмен. Ветеринариялық іс-шаралар нәтижесінде 5 ауру түрінен 10 ошақ анықталды. Оларда ветеринариялық талаптарға сай карантин және шектеу қабылданып, сауықтыру жүргізілді. Қазір эпизоотиялық ахуал тұрақты және қатаң бақылауда, – деді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары.
Өңірде туризм саласының дамуына ерекше көңіл бөлініп отыр. Ірі туристік аймақтардың ашылуы, туристік бизнес өкілдері ұсынып отырған қызмет түрлерінің кеңеюі, орналастыру орындары санының көбеюі, ішкі туристік ағындардың өсуіне өз септігін тигізуде. Жыл басынан облысқа 100 мыңға жуық турист келсе, оның ішінде 1,5 адам шетел азаматтары. Қанатбек Мәдібектің айтуынша, облыс аумағында 3 448 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Оның 25-і республикалық дәрежедегі нысандар. 5 археологиялық ескерткіш ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген. Сонымен қатар, облыс аумағында 200-ден астам ежелгі қалашықтар, 8 ерекше қорғалатын табиғи аумақ, ал, тау бөктерлерінде 30-дан астам шатқалдар орналасқан.
– Негізгі туристік нысандар саны 37 болған болса, қазір бұл нысандар саны 65-ке жетіп отыр. 45 жаңа туристік маршруттар әзірленіп, туристік өнімдердің саны 115-ті құрады. Қазіргі уақытта облыс бойынша 206 қонақүй, 434 тамақтану орны, 7 шипажай, 15 демалыс орны, 11 балаларды сауықтыру лагері, 24 туристік ұйым, 78 қолөнершілер мен 25 көлік субъектісі жұмыс атқарады. Биыл 1 қазанда көне Тараз қаласы Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне ресми түрде енгізіліп, Қазақстанның алғашқы қолөнершілер қаласы статусына ие болды, – деді Қанатбек Қайшыбекұлы.