«AMANAT» партиясының орталық аппаратында Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек күн тәртібіндегі екі тақырып бойынша баяндама жасады.
Парламент Мәжілісінің депутаты, Кеңес төрағасы Жұлдыз Сүлейменова ашып жүргізген жиынға жоғары білім мен ғылым саласының өкілдері, «Болашақ» бағдарламасының стипендианттары қатысып отырды. Отырыста жоғары білім берудің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету және әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өту үшін ғалымдарға грант бөлу мәселесі сөз болды. Министр Саясат Нұрбектің айтуынша, жоғары білім сапасын арттыру бойынша ведомство бірқатар шараны жүзеге асыруда. Мәселен, 2017 жылы халықаралық тәжірибені ескере отырып, ҰБТ өткізу форматы өзгертіліп, екі рәсімге бөлінген. Олар – мектептің бітіру емтиханы ретінде қорытынды аттестаттау және жоғары оқу орындарына түсу емтиханы ретінде ҰБТ тапсыру 2019 жылдан бастап ҰБТ жылына 4 рет өткізіліп келеді. Бұл шара, ең алдымен, жастардың шетелге кетуін қысқарту, эмоциялық жүктемені және жоғары оқу орындарына ақылы негізде ерте қабылдау мүмкіндігін азайту мақсатында енгізілді. Ол үшін оқуға түсушілер тек шекті балл жинап, ЖОО-ға ақылы негізде оқуға түсуі жеткілікті. Ал грантта оқығысы келетіндер мамыр-шілде айларында өткізілетін ҰБТ-ға қатысады, бұл ретте оқуға түсушілерге 2 мүмкіндік беріледі. Олар конкурсқа қатысу үшін ең жақсы нәтижені таңдайды. Бұл мүмкіндік 2021 жылдан бері беріліп келеді.
2021 жылы маусым айында 145 727 адам немесе өтініш берушілердің жалпы санының 94,7%-ы қатысты. Ал биылғы қаңтар айында – 101 600 (97,8%) адам, наурызда – 102 536 (98%) адам қатысты. Осылайша, түлектердің қатары артып келеді. Бұл талапкерлердің ҰБТ-ға, отандық жоғары оқу орындарында оқуға деген үлкен қызығушылығын білдіреді.
Сондай-ақ елімізде жыл сайын жоғары білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырыс көлемі ұлғайып келеді екен. Мәселен, 2019 жылы – 50 901, 2020 жылы – 51 071, 2021 жылы – 56 561 грант бөлінген. Ал 2022-2023 оқу жылында мемлекеттік тапсырыс көлемі 88 204 орынды құраған. Оның ішінде, бакалавриатта – 75 761, магистратурада – 13 253, докторантурада – 1 890 орын. Бакалавриатта өсім өткен жылмен салыстырғанда 16 500 грантқа немесе 19 пайызға артық. Саннан сапаға көшер болсақ, 2022 жылдың бірінші жарты жылдығында министрлік 24 ЖОО-да мемлекеттік бақылаудың 28 түрін жүргізген. Оның ішінде профилактикалық бақылау – 14, жоспардан тыс тексерулер – 14. Ал екінші жарты жылдығында 9 ЖОО-да жоспардан тыс 12 тексеру жүргізілді.
– Тексеру қорытындысы бойынша Қызылордадағы «Болашақ» университеті лицензиясынан айырылды. Министрлік ЖОО құрылтайшысымен бірлесіп білім алушыларды басқа ЖОО-ға ауыстыру және профессор-оқытушылар құрамын жұмысқа орналастыру мәселесін шешу бойынша жұмыстар жүргізуде. 7 ЖОО-ның лицензиясы тоқтатылды. Екі жоғары оқу орны бір университетке біріктірілді. Сот органдарының жоғары оқу орындарын жабу туралы шешімі қабылдануына қарай – Министрлік кадрлар даярлаудың тиісті бағыттары бойынша білім алушыларды басқа жоғары оқу орындарына ауыстыру, профессор-оқытушылар құрамын жұмысқа орналастыру мәселесін шешу бойынша жұмыс топтарын құратын болады», – деді Саясат Нұрбек.
Жоғары оқу орындарының білім беру сапасы үшін жауапкершілігін күшейту мақсатында «Білім туралы» және «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» заңдарға, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұдан былай ЖОО-лар үшін лицензиялар 5 жыл қолданылу мерзімімен берілетін болады, оларды қайта ресімдеу біліктілік талаптарына сәйкестігін тексергеннен кейін жүргізілмек. Одан бөлек, уәкілетті органға біліктілік талаптарын бұзғаны үшін ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын, ЖОО қызметінің үлгілік қағидаларын бұзғаны үшін де лицензиядан айыру жөніндегі функциялар берілді. Құрылтайшылар енді ЖОО жабылған жағдайда білім алушыларды ауыстыру жөніндегі міндеттемені орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мұндай талаптардың барлығы еліміздегі білімнің ғана емес, ғылымның да әлеуетін көтеру үшін жасалып отыр. Министр соның ішінде шетелдік тәжірибе мәселесіне тоқталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі Жолдауындағы жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 қазақстандық ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында биыл 5 қазан күні Үкіметтің қаулысымен үміткерлерді іріктеу тәртібін реттеу ережесі бекітілді. Ал 2021 жылдан бері ғалымдарды шетелге жіберу жұмыстарымен Халықаралық бағдарламалар орталығы айналысып келген болатын. Сол жылдың 15 сәуірінде Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі Республикалық комиссияның отырысында жаңадан «ғалымдар» деген санат мақұлданып, олардың шектік саны жылына 500 адамға және 5 жылға дейін көбейтілді. Ал 4 мамыр «ғылыми тағылымдама» санаты бойынша халықаралық стипендияны табыстауға конкурс жарияланып, ол 28 қазанға дейін созылды. Байқауға 786 өтінім келіп түсіп, Республикалық комиссия оның 416-сына, яки 53 пайызына стипендия табыс етті. Олар – еліміздегі 109 ұйымның өкілдері», – деді министр.
Министрдің айтуынша республикамызда бүгінгі таңда 119 ЖОО қызмет етіп тұр екен. Олар 2022-2023 оқу жылында 178 512 адамды оқуға қабылдаған. Оның ішінде 70 182 орын мемлекеттік тапсырысты құрайды.
Қазір еліміздегі профессорлық-оқытушылық құрам саны – 42 239 адамды құрайды.
Жиын барысында қатысушылар әр тақырып бойынша министрге сұрақтар қойып, тұшымды жауаптар алды. Олардың ұсыныстары да министр тарапынан қолдау тапты.