Жолдағы қателік қымбатқа түседі
Жолдағы қателік қымбатқа түседі
739
оқылды
Ел аумағындағы жолдардың жайы алаңдаушылық туғызады. Жуырда бұл мәселеге Үкіметтің кеңейтілген отырысында да баса назар аударылды. Әсіресе, Сол­түстік Қазақстан облысында жол апат­ы жиіледі. Соңғы кезде өңірде жол-көлік апаты да, одан зардап шеккен және қаза тапқан адамдардың саны да күрт көбейді. Жуырда ғана Тайынша ауданында қарама-қарсы келе жатқан екі көлік соқ­тығысып, соның салдарынан төрт бірдей адам тіл тартпай кетті. Бұған дейін облыс жол­дарында төрт жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан алты адам зар­дап шекті. Бұған қоса, 102 нөміріне жол апаты туралы жиырмаға жуық қоңырау келіп түскен. Абырой болғанда, зардап шеккен­дер жоқ. Тағы бір апат кезінде екі көлік соқт­ығысып, тротуарда тұрған 18 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кетті. Патрульдік полиция мен учаскелік инспекторлар демалыс күндерін әрдайым күшейтілген жұмыс режимінде өткізеді. Полицейлердің профилактикалық жұмы­сының нәтижесін жоққа шығаруға бол­майды. Мәселен, жыл басынан бері тәр­тіп сақшылары 56,9 мыңнан астам жолда жүру ережесін бұзу фактісінің алдын алды. Мас жүргізуші көп Жыл басынан бері облыста 1 121 мас жүргізуші құрықталды. 662 адам көлік жүр­гізу куәлігінен айырылды. 978 адам әкімшілік қамауға алынды. Мұндай деректер рейдтер мен жедел алдын алу іс-шаралары барысында анықталады. Облыста ара-тұра «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу шарасы өткізіліп тұрады. Шара кезінде тәртіп сақшылары жол жүру қағидаларын бұзушыларды анықтап, қала сыртындағы және ішіндегі жолдар мен елді мекендердің көшелерінде тәртіпті қамтамасыз етуге жұмылдырылады. Жуырда өткізілген осындай іс-шара кезінде бір апта ішінде 27 мас жүргізуші ұсталды. Солтүстік Қазақстан облыстық поли­ция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл қаласы сыртын­дағы айналма жолда тоқтатылған Mitsubishi автокөлігінің 47 жастағы жүргізушісі 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға көлік басқару құқығынан айырыл­ды. Түн жарымда М.Жұмабаев ауданының аумағында «КамАЗ» жүргізушісінің син­те­тикалық есірткі қолданғаны анық­та­лып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алын­ды және 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
«Жыл басынан облыста мас жүр­гізу­шілердің кінәсінен 26 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 6 адам қай­тыс болды, 27 адам жарақат алды. Бұ­дан бөлек, жедел-профилактикалық іс-шара барысында жылдамдықты асырудың – 174, бағдаршамның тыйым салынған түсіне өтудің – 18, апатты жағдай жасаудың 15 дерегі анықталды», – деді Сол­түстік Қазақстан облыстық полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байма­тов.
12 желтоқсанда басталған «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы бары­сында тағы 7 мас жүргізуші тоқтатылды. Облыс аумағында желтоқсанның 16-сы мен 25-і аралығында «Мас жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүр­гізіліп жатыр. Іс-шараның үш күнінде 9 мас жүргізуші ұсталды. Бұған дейін өт­кізілген осындай іс-шараның бір апта­сының өзінде ішімдік ішіп көлік тіз­гіндеген 38 жүргізуші анықталды.
«Мас күйде көлік тізгіндегені үшін 15 тәу­лікке әкімшілік қамауға алу және 7 жылға көлік басқару құқығынан айыру жазасы қарастырылған. Мас күйде көлік жүргізу – барлық жол қозғалысына қа­тысушылардың денсаулығы мен өмірі үшін аса қауіпті. Аталған фактілерге жол бермеуге бағытталған жұмыстар ұдайы жүргізілуде. Қаңтар айынан облыста жол қауіпсіздігі желісі бойынша 9 жедел-профилактикалық іс-шара ұйымдас­тырыл­ды», – дейді полиция полковнигі Айдын Байматов.
 Жаяу жүргінші де кінәлі Кейде жаяу жүргіншілер де жол-көлік апатына себепкер болып жатады. Сондай 5,3 мың жаяу жүргіншіге айыппұл салын­ды. Ең жиі кездесетіні – жаяу жүргін­шілердің жолды рұқсат етілмеген жерінен өтуі. «Қауіпсіз жол» шарасы өткізілген бір апта ішінде мұндай 345 ереже бұзушылық тіркелді. Сондай-ақ «Құқықтық тәртіп» жедел-ал­дын алу іс-шарасы барысында да жол қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге аса мән бері­леді. Осы іс-шара шеңберінде де жаяу жүр­гіншілер ереже көбірек бұзылған. По­лицияның мәліметінше, екі күн ішінде 180 заңбұзушылық тір­кел­ген. Көп жағдайда жолдардағы апаттардың себебі – қараусыз қалған мал. Иесінің жауапсыздығынан кейде жайылып жүр­ген мал да апатты жағдай туындатып жа­та­ды. Мәселен, Айыртау ауданына қарасты Лавровка ауылының маңында екі бірдей автокөлік жылқымен соқтығысты. 32 жастағы солтүстікқазақстандық мінген Lada Vesta және 56 жастағы қостанайлық жүргізіп келе жатқан Fiat Ducato авто­көліктері бір-біріне қарсы бағытта келе жатқан кезде олардың алдынан кенеттен бір үйір жылқы шыға келген. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Жүргізушілер автокөліктердің соқты­ғы­сып қалуына жол бермеді. Тек көліктерге механикалық зақым келді.
«Учаскелік полиция инспекторлары Ақмола облысының бақташысын анық­тады. Ол Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 408-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 11 айда ауданда малдарының қаңғып жүргені үшін 481 адам жауапкершілік арқалады. Қараусыз қалған жануарлар мал ұрыларын қызықтырып қана қоймай, ауыр жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін. Еркін жайылымға жол бермеу бойынша жұмыстар ұдайы жүргізіліп тұ­ра­ды», – дейді Айыртау аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін ат­қарушы полиция подполковнигі Тұрлыбек Жама­ли­денов.
Жыл басынан бері облыста малын қараусыз қалдырған 4 мыңнан адам жауапкершілікке тартылды. Тәртіп сақ­шылары мал иелеріне көлік көп жүретін жол­дар мен теміржолдардың жанында еркін жайылымға жол бермеуі қажеттігін үнемі еске салады. 11 айдың ішінде Солтүстік Қазақстан об­лысының жолдарында 319 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 46 адам қайтыс болды, 441 адам жарақат ал­ды. Бұл жайт алаңдаушылық туғызбай қой­майды. Алдын алу қажет
Жуырда Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының алдында есеп беру үшін келген Ішкі істер министрі Марат Ахмет­жанов осы мәселеге баса назар аударды. Министрдің айтуынша, жүргізушілердің тәртібін жақсарту үшін қолданылатын автоматты бейнекамералар өз тиімділігін көрсете білді. «Алайда Солтүстік Қазақ­стан облысы бойынша олардың саны – 43-ақ. Бұл, әрине, жеткіліксіз» деген сын айтты Марат Ахметжанов.
Сонымен қатар министр өңірде жол инфрақұрылымының жеткіліксіздігіне назар аударды. Бүгінде облыс бойынша 1,7 мың жол белгісін, 53 бағдаршам, 32 жаяу жүргінші өткелін орнату қажет. 4,8 мың шақырым қашықтыққа жол таңбасы, 56 шақырымға жасанды жарықтандыру қажет-ақ. Бұл ретте бар міндетті полиция­ның ғана мойнына артпай, жергілікті атқарушы органдарды да жұмылдырған жөн. Сондықтан министр облыстық әкімдікке осы мәселені шешуге атсалысу туралы өтініш білдірді. Сондай-ақ Қазақстанның алты қала­сы – Астана, Алматы, Шымкент, Өске­мен, Атырау және Түркістанда қолда­налатын «Қорғау» бағдарламасын Петро­павлға енгізудің еш артықтығы жоқ. Бұл бағдарлама жалған нөмірлі, сақтан­дырусыз, іздеуде жүрген көліктерді және жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілерді анықтауға мүмкіндік береді. Бұрын бар­лық көлікті тоқтатып, құжаттарын тек­серу қажет болса, қазір бұл жүйе көше­лердегі камералардың мәліметтерін са­рап­тай келе, жақын маңайдағы полиция қыз­меткерінің планшетіне қауіпті жүргі­зу­ші туралы хабарлама жібереді. Биыл ел бойынша осы жүйенің көмегімен жалған номер қолданудың 660-тан астам дерегі, арнайы куәліксіз жүрген екі мыңға жуық жүргізуші анықталыпты. 10 мыңнан ас­там көлік айып тұрағына қойылған. Жүйе жұмысының нәтижелілігін ескеріп, ми­нис­тр жергілікті әкімдікке осы бағдар­ламаны енгізуді жеделдетуге кеңес берді. Министрлік жүргізушілердің жауап­кер­шілігін арттыру туралы бастама кө­теріп келеді. Биыл жаздан бастап жалған мемлекеттік нөмірмен жүргендер 1 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылып, 5 тәулікке темір тордың арғы жағына тоғы­тылады. Жылына 5 реттен артық айыппұл төлеген жүргізушілерге 50 пайыздық жеңілдік жасамау туралы өзгеріс енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Ішкі істер министрі полиция мен жұртшылық өкіл­дерінің тиімді қарым-қатынасы туралы мысалдар келтіре отырып, солтүс­тік қа­зақ­стандықтарды полициямен бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Солтүстік Қазақстан облысы