Бетсіз қалдым
Бетсіз қалдым
291
оқылды
Тап қазір ыңғайсыз жағдайда,не іс­терімді білмей үйде жер шұқып отырмын.Сыртқа тек түн ортасында шығамын. Неге дейсіздер ғой? Оқиға осыдан алты ай бұрын былай өрбіген еді. Дүкенге нан алуға барсам сату­шы тілін шайнап орысша жауап береді. Сөзге келіп қалдым. Әбден зықымды шығарды. Сон­да, менің түрім орысқа ұқсай ма? Бұл бірін­ші рет емес, ауырып дәрігерге қарал­дым. Дүкендегі күйді кештім. Ешкім қазақ­ша сөйлемейді. Көшеге шықсам болды жұрт «привет» деп амандасады.Кеше бі­реу «түрің онша емес» дейді. Шар­шап кеттім. Намыстанып плас­тика­лық ота жасайтын хирургке бардым. Қазақша біледі екен. – Менің бет-пішінімді өзгертіп беріңіз­ші, өтінем-дедім. – Кімге ұқсағың келеді? – Ресей әншісі Николай Басковқа. – Неге? – Бәрі маған орысша сөйлейді. – Ау,сен қазақ емессің бе? – Білемін. – Ұлтыңды сатпа-деді. – Бір дұрыс адам болса дегенім ғой... – Суретін әкеліңіз-деді дәрігер.Содан үйге барып ойға кеттім.Әуелі қазақ эстра­да жұлдыздарынан бастадым.Әйелімнен кеңес сұрадым. – Қайрат Нұртас қалай болар екен? – Ол жас қой,Қайрат не теңің?-деп, қа­тын шар ете қалды.Білем,қызғанып тұр.Жас болғанымды қалмайды. – Енді кім? – Құдайберген Бекішев. – Қой,рахмет. – Ақжол Мейірбеков ше? – Сен қатын,жасы келгендерге жабы­сып қалдың ғой. Парвиз Назаров қалай бо­ла­ды? – Оның әндері қазір хит емес.Оданда Заттыбекті таңда-деді. – Заттыбек болғаннан Нұрлыбек болып жүргенім жақсы-деп қарсылық таныттым.Кешке дейін есімі әйгілі ақын,әнші, әртіс­терді,ортаға салдық.Әйеліме ешкім ұна­мады. – Қазір дені дұрыс танымал адам қал­мады-дейді. Біреулерді сат­қын, алаяқ, намыссыз-деді. – Елге белгілі депутат бар еді-деп едім. Ол қолын бір сілтеп былай айтты: – Әртіс пен депутатты не қыласың, екеуі­нің еш айырмасы жоқ.Оданда осы ауданға іскер әкім келді.Түрі әдемі-ақ. Сүйкімді.Сен сияқты қысық көз емес.Со­ған ұқсасаң жаман болмайсың-деді.Әйе­лім бастық көрсе есі кетеді. Амал жоқ суре­тін тауып алып дәрігерге бардым. Опе­рация сәтті шықты. Мені әкімнің «двойнигі» десе болады. Аумай қалдым. Көшеде бәрі «ел ағасы» деп танып аман­дасады. Қай есікті қақсам да шаруам тез шешіледі.Қатын мәз. Бақытты өмір енді басталды.Аудан басшысының туған ағасы сияқты болдым. Бір күні үйге келсем әйелім жылап отыр. – Амашылық па? – Біздің әкім үлкен көлемде мем­лекет­тің қаржысын жымқырып ұсталып кетті-деп төбеден түскендей қойып қалды. Де­нем дір ете қалды.Туған інім шаталғандай күй кештім. Біздің қатынның мақтап,сенім артып жүргені осындай болып шықты.Таңер­тең көшеде кетіп бара жатыр едім бір әйел айқайға басты: – Халайық,мына әкім ауданның барлық қаражатын жеп кетті-деп маған қарай сұқ саусағын шошайтты.Дауыс етті. Жұрт елең етіп жалт қарады. – Мен әкім емеспін-дедім. – Мынау мойындамай тұр. Кеше теледидардан айтты ғой. – Кешіріңіз, шатасып тұрсыз басқа адаммын -деп,бетімді қолыммен көлегейлеп едім,әлгі әйел жағама жабысты.Бір топ кісілер жұлмалай бастады.Тұра қаштым. Көшедегі барлық жүргіншілер соңымнан қуып келеді. Бір жас жігіт жүгіріп жетіп алды. Теуіп-теуіп тезегімді шығарды.Содан еңгерзедей үш жігіт күректің сабымен тура «Қыз Жібек» киносындағы Бекежанды үш найзамен жерге қадағандай көшеде тізерлетіп байлап қойды. Масқара,жұрт бетіме түкіруге кезекке тұрды. – Жегенің желкеңнен шықсын,тфу-деп,бір әже бетіме былш еткізді. – Халықтың ақшасына қақалып өл-деді манағы әйел түкіріп тұрып. – Ұятсыз,тфу... – Тамағыңа шөп кірсін,тфу. – Дүзқара,тфу... – Тфу,тфу... Көшеде бетіме түкірмеген жан қалмады.Бір оңбаған қақырып кетті.Үйге бет-аузым тү­кірік-түкірік болып еңбектеп әрең жет­тім. Бірақ,менің не кінәм бар? Бес күн болды дүкенге нан алуға шыға алмай отырмын. Ел «жексұрын,жемқор» деп бетіме ба­са­ды.Енді не істеймін?Түрімді өзгерт­кенім тіпті басыма пәле болып жабысты. Ақыр аяғында бетсіз қалдым. – Қап мұны білгенде есекке ұқсағаным жақсы еді...

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН