Ауыл дамыса, алға басамыз
Ауыл дамыса, алға басамыз
939
оқылды
Терең қатпарлы тарихқа жүгінсек, қай заманда болсын елдің бағын әділетті әрі білікті билеуші ашқан. Басшысының ойлағаны елдің мұңы, көптің жайы, болашақтың қамы болса, ол ел өркендеп, тасы өрге домалайды. Қазіргі за­ман­да да ісі сөзімен қабысатын, ұстанымы ұлттық мүддемен табысатын көш­басшысы бар елдер алға озып жатыр. «Бұл тұрғыда Қазақстанның қаншалықты жолы болды?» деген көкейкесті сауал туады. Оның өзекті жауабын білу үшін Президент пәрмен берген істердің қаншалықты жүзеге асып жатқанын тұрақты түрде сараптап тұруды жөн көрдік. Халқымызда «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан алдымен барша қазақтың алтын бесігі, дәурен-дәуір, өмір, тұрмыс-тіршілігінің қайнар көзі ауылдан бастасақ. Мемлекет басшысының ұлтымыздың берекелі бастауы – ауылды дамытуға баса мән беріп отырғанын мына бір деректен аңғаруға болады: ол 2022 жылғы 26 қарашада өзінің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығын ауылға арнады. Ұлықтау сал­танатынан кейін, дәл сол күні «Қазақ­станның ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырым­дамасы туралы» Жарлыққа қол қойды.
– Мен сайлауалды сөздерімде ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бү­гінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуы­ғы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп хал­қы­мыз бекер айтқан жоқ. Ауылдағы жағ­дайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мә­селесі туралы Жарлыққа қол қоямын. Осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамы­тудың бес жылға ар­налған нақты жоспарын әзірлеуді тапсы­рамын. Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауы тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземіз, – деді Қ.Тоқаев.
Президент ауылды гүлденту мәселе­леріне президенттік алғашқы мерзімінен бері ерекше назар аударып келеді. Мәселен, 2019 жылғы 20 маусымда Мемлекет бас­шысының Жарлығымен бекітілген «Пре­зиденттің «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасын және «Бірге» жалпыұлттық акциясы бары­сында алынған ұсыныстарды іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында» «Ауқатты және заманауи ауыл» деген тұтас тарау көзделген. Онда ауыл шаруашылығының барлық саласын қолдау, ауыл медицинасы мен білім беру жүйесін дамыту және басқа да ауылдықтар өмірін жан-жақты қамтитын ауқымды шаралар қарастырылған. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында ауылды ке­шенді дамыту жоспарланған. Бұл уәделер қазір қалай орындалуда? Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, 2023 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша республикада 6 293 ауылдық елді мекен бар. Онда 7,8 мил­лионға жуық адам (халқымыздың шамамен 40 пайызы) тұрады. Министр перспективті ауылдарды дамыту жұмысы 2019 жылдан бері «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жос­парлы түрде әрі басым тәртіппен жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Ауылға ар­нал­ған осы басты бағдарламаның мақсаты – ауыл инфрақұрылымын, яғни жолдарды, коммуникацияларды, байланысты, интер­нетті, әлеуметтік-мәдени және спорт объек­тілерін жаңғырту есебінен ауыл тұрғын­дарының өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдарды өңірлік стандарттар жүйесінің жоғарғы көрсеткіштері межесіне жеткізу. «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру үшін ауылдардың жалпы санынан даму әлеуеті жоғары, ауыл тұрғындарының 90%-ы тұратын 3,5 мың ауылдық мекен іріктеліп алыныпты.
– Оларға 2019-2022 жылдары респуб­ликалық бюджеттен 326 миллиард теңге бөлінді. Өткен төрт жылға жуық уақытта осы бағытта 3,7 мың жоба іске асырылды. Соның ішінде 334 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектісі, 1,2 мың әлеуметтік инфрақұрылым нысаны және 2,2 мың көлік инфрақұрылымы жаңадан салынды және жөнделді. Ауылда шамамен 30 мың жұмыс орны құрылды. 2022 жылы 577 ауылдық елді мекенде 1 мыңнан астам жобаны іске асы­руға 128 миллиард теңге бөлінді. 2023 жыл­дың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша об­лыс әкімдіктері бөлінген қаражаттың 94%-ын игерген, – деді Әлібек Қуантыров.
Жаңа 2023 жылы министрлік облыс әкімдіктерімен бірлесіп, 736 ауылда 143 миллиард теңге тұратын 1,5 мың жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын­дағы 119 жобаны, әлеуметтік инфрақұры­лымның 275 жобасын, оның ішінде 91 білім беру, 45 денсаулық сақтау, 139 мәдениет және спорт саласындағы жобаларды іске асыруға және ауыл ішіндегі жолдарды жақсартуға бағытталған 1,1 мың жобаны орындауға мүмкіндік береді. ауыл Ауылды өркендету бағдарламалары шағын ауылдарға да жарқын болашақтан үміттенуге мүмкіндік берді. Павлодар облы­сының Шарбақты ауданындағы Маралды ауылы 2022 жылы аталған жобаға ілігіпті.
«Соңғы жылдары мемлекет ауыл-ай­мақты дамытуда өте көп іс тындырып жатқанына куә болудамыз. Соның бір шарапаты бізге де тиер деп дәмелі болып жүргенбіз. «Ауыл – Ел бесігі» жобасына біз­дің ауылымыз қосылғанын білгенде тұрғындардың бәрі қатты қуанды. Әзірге бір көшені жөндеу жоспарланыпты. Біздің жаны сірі ауылымыздың жаңғыру әлеуеті зор. Әзірге 450-ден асатын тұрғынымыз бар. Республикалық трассаның бойында орна­ласқанбыз. Жанымыздан Маралды көліне апаратын жол өтеді. Көлге демалыс маусы­мында 20 мыңнан астам турист келеді. Олар тамағын, керек-жарағын біздің ауылға кі­ріп, сатып алады. Көліктер ерсілі-қарсылы шабылғанда, қатты шаң көтеріледі. Сон­дық­­тан бізге үлкен трассадан ауыл ішіне ас­фальт­ты жол салып беруін сұрап жүрміз», – дейді ауыл белсендісі Ризабек Жүнісов.
Ауыл әкімдігі ұзындығы 500 метрді құ­рай­тын жолдың жобасы дайын екенін ха­бар­лады. Бұл жол аталған ауылды өркениет стан­дартына жеткізетін, әл-ауқатының ар­туы­на, халқы санының ары қарай көбе­юі­не ықпал ететін бір инфрақұрылымға айналар еді. Экономика министрлігінің түсіндіруін­ше, республикалық бюджеттен «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2022 жылы Павлодар облысының Шарбақты ауданының инже­нерлік және көлік инфрақұрылымын дамы­туға 585,8 миллион теңге бөлінді. Оның 25,8 миллион теңгесі Маралды ауылындағы кө­шені жөндеуге жұмсалған. «Павлодар әкімдігінен аталған жолдың құрылысына қатысты бюджеттік өтінім түссе, министрлік Маралды ауылының сол жобасын қаржы­ландыру мәселесін қарастырады» деді ве­домство. Негізі, мемлекет ауылды дамытуға аста-төк қаржы бөлуде. Оны игеру үшін өтінімдері дайын, сай болғаны жөн. Яғни, бұл ауыл, аудан, облыс әкімдерінің әбжіл­дігіне, пысықтығына, біліктілігіне байла­нысты болмақ. Ал кержалқау, ынжық, жұ­мыс­қа ынтасы жоқ ауыл, аудан әкімдерін тұрғындар Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан әкімдердің сайлауында орнынан кетіре алады. Премьер Әлихан Смайыловтың айтуын­ша, 2027 жылға қарай Қазақстандағы әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдың бәрін Өңірлік стандарттар жүйесіне жеткізу жоспарланған.
«Оған сәйкес ауылдарда сапалы жолдар, мәдениет, спорт және денсаулық сақтау объектілері, мектептер міндетті түрде бо­лады. Ауыл инфрақұрылымын дамытуға баса мән беріледі. Басты мақсатымыз – ауылдағы өмір сапасын жақсарту. Қазірдің өзінде нақты нәтижелер бар. Атырау, Қос­танай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында жобаларды пайдалануға беру қарқыны жақсы. Ал Ұлытау, Батыс Қазақ­стан облыстары қаржыны игеруде артта қалып тұр. Осы өңірлердің әкімдері бұған ерекше назар аударуы қажет. Іске асыру мерзімдері бойынша артта қалуға жол бер­меу керек», – деді Ә.Смайылов.
Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіға­лиұлының мәліметінше, «Ауыл – Ел бесігі» аясында құрылыс-монтаждау жұмыс­тары­ның конкурстық рәсімдерін Қарағанды об­лысының құрылыс басқармасы 2022 жыл­ғы 14 маусым және 14 тамыз айлары аралығында өткізіп, келісімшарттар Ұлытау облысына тек 15 қазанда берілді. Жыл қо­ры­тындысында 358 млн теңге немесе қара­жаттың 56%-ы игерілді. Қаражаттың игеріл­меуі ауа-райы­ның жағдайына және Қара­ғанды облысынан шарттар бойынша мін­дет­темелердің кеш берілуіне байланысты болды. Тұтастай алғанда, Үкімет басшысының сендіруінше, 2027 жылға қарай ауылдарда судың сапасы мен жолдардың жағдайы жақсарады, инженерлік желілер жөнделіп, әлеуметтік, мәдениет және спорт объекті­лері салынады. Қорада мал ұстайтын бар­лық ауылдықтың тең жартысы кооперативтік кәсіпкерлікке тартылып, ауыл шаруашы­лығында 350 мыңнан астам сапалы жұмыс орны пайда болуы тиіс. Яғни, мемлекеттің ауылға қамқорлығы жалғасады. Оны қадам-қадаммен жүзеге асы­рылатын бес жыл бойғы нақты жоспары әзір. Әділетті Қазақстан «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз!» деген Бейімбет Май­линнің ұранын өз ұстанымына айнал­дыр­­ған­дай. Ауыл ажарланса – қазақтың да маң­дайы жарқырағаны, дамудың қарқын алғаны.