Бәйшешекті жұлғаны үшін 1,5 миллион теңге айыппұл салынады
Бәйшешекті жұлғаны үшін 1,5 миллион теңге айыппұл салынады
Фото: bash.news
571
оқылды
Қазақстанда бәйшешек жойылып барады. Қазақ өсімдікті қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарының айтуынша, кейбір түрлері сирек кездеседі. Алматы маңында «Қызыл кітапқа» енген аппақ бәйшешектер, Алатау жауқазыны, Алматы шиқылдағы, Алтай ашықтұқымды өсімдігі өседі. Олардың нақты санын білу үшін арнайы есеп жүргізілмейді. Ғалымдар қала аумағы кеңейіп, ғимараттардың көптеп салынуы табиғатқа кері әсер етіп отырғанын айтады. Гүл жарған бәйшешектерді тамырымен жұлып алатындар да көп. Бәйшешектер пиязшық түйіннен көбейеді. Сондықтан мамандар бәйшешекті ерекше қорғау қажет дейді.
Ж. Жиембаев атындағы қазақ өсімдікті қорғау және карантин ҒЗИ бөлім меңгерушісі Нұржан Мұхамадиев: «Бәйшешектердің таралу аймағы тарылып бара жатыр. Тау бөктерінде буферлік және қорық аумақтарын құруды ұсынып отырмыз. Соның арқасында Алматы мен Іле Алатауының табиғатының биологиялық әртүрлілігін сақтауға болады. Бұл жерлерде сирек кездесетін өсімдіктер көбейе алады. Осындай аймақтардың арқасында бәйшешектерді де сақтап қалуға болады», – дейді.
Заңнамаға сәйкес, бәйшешектерді жұлғаны үшін 1,5 миллион теңге айыппұл салынады. Құқықбұзушылықтың ауырлығына байланысты үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы да заңда қарастырылған.