Мемлекет басшысы VIII сайланған Парламенттің алғашқы сессиясында сөйлеген сөзінде ұстаздарға қойылатын талаптың жоғары болуы тиіс екенін, мектепке кез келген адамды жұмысқа ала беруге болмайтынын айтты. Осыған орай, Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменовадан білім саласындағы түйткілді мәселелерді сұрадық. – Барлық мұғалім білікті емес. Мұғалімдерді конкурспен жұмысқа қабылдау білім саласында педагогтер тапшылығын туғызбай ма?
– Мұғалімдердің біліктілігін арттыруға ден қоюымыз қажет. Әлі де педагогтерді жұмысқа конкурспен қабылдау тетіктерін жетілдіре түсу керек. Ең үлкен мәселе, 2021 жылдан бастап педагогтерге қатысты іргелі реформалар жүзеге асырылды. 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Бұл заңда мұғалім мәртебесін көтеруге байланысты нақты жолдар қарастырылған. 2021 жылдан бастап педагогикалық мамандықтарға талапкерлерді қабылдаудың ҰБТ-дағы шектік балы 85-ке дейін көбейту мәселесі қойылды. Былтыр физика, математикаға мұғалімдікке тапсырған түлектердің шектік балы 103-тен басталды. 2021 жылдан бастап басқа мамандықтардың шәкіртақысы 38 мың болса, болашақ педагогтердің шәкіртақысы 58 мыңды құрады. Білім деңгейінің сапасы мұғалімнің біліктілігіне тікелей байланысты. Сондықтан мұғалімдердің біліктілігін арттыруды бұдан әрі жалғастыруымыз керек. Дәл қазір жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін педагогтердің мектепке келіп қайта сынақ тапсыру мәселесін де қайта қарастырғанымыз жөн. Студенттер университетте диплом алмай тұрып, біліктілік тестін тапсырса. Студент сынақтан өтпеген жағдайда оқу орындарына шара қолдану керек. Сондықтан педагогтерді даярлайтын оқу орындарының жауапкершілігіне де назар аударылуы қажет. Мұғалімдерді жұмысқа қабылдау кезіндегі талаптарды, сабақ беру методикасын меңгеруге қатысты талаптарды жыл өткен сайын күшейте беру қоғамның талабы.
– Мұғалімдердің, директорлардың және педагогикалық оқу орындары түлектерінің көпшілігі Ұлттық біліктілік емтиханынан өте алмады. Кейбір тәжірибелі ұстаздар тиісті министрлік дайындаған тапсырмалар тым күрделі деп шағымданыпты. Біліктілік емтиханын жеңілдету керек пе?
– Былтыр Конституциялық реформа кезінде мектепте отыз жылдан астам уақыт бойы үздіксіз еңбек еткен ұстаздар біліктілік емтиханы туралы пікірлерін айтты. Олар біліктілік емтиханының сабақ беру методикасына, жалпы сол пәндегі біліктілікке қатысы жоқ екенін айтып шағымданғаны рас. Менің ойымша, емтихан мұғалім қай пәннен сабақ берсе, сол пәндегі біліктілік деңгейін көрсететіндей болуы керек. Сол пәнді балалардың меңгеруіне байланысты педагогикалық методикаларды толыққанды меңгеруін тексеретіндей тест болуы қажет. Бүгінде ұстаздардың тарапынан айтылып жатқан пікірлердің дені біліктілік тестінде теориялық-психология, теориялық-педагогикалық мәселелердің бар екендігі және тестің практикамен ұштаспайтыны. Сондықтан біліктілік емтиханы пәнге қатысты біліктілік деңгейін, жаңа методикаларды сабақта қолдана алуына байланысты тапсырмаларды қамтуы керек. Яғни, білім сапалы және қолданбалы болуы керек. Сонымен қатар сыныптағы жақсы оқитын оқушы мен артта қалған балалардың айырмашылығы аз болуы керек. Бұл әрине, мұғалімнің методикасына, біліктілік деңгейіне тікелей байланысты. Біліктілік емтиханының осы мәселені қамтығаны абзал.
– Білім сапасын, әсіресе орта білімнің деңгейін арттыру үшін оқу орындарын материалдық-техникалық жабдықтау ісі қаншалықты маңызды?
– Білімнің сапасы оқу орындарындағы қолайлы білім беру ортасына тікелей байланысты. Орта білім деңгейін арттыру үшін 6 мыңнан астам ауыл мектебінде қолайлы білім беру ортасын, оның ішінде материалдық-техникалық жабдықталуын, биология, физика, химиядан лабораториялардың болуын, сонымен қатар робототехника, нанотехнология сияқты қазіргі таңдағы заманауи білім үдерістерін қарастыратын кабинеттердің болғаны абзал. Біз ауыл мектептерін аралаған кезде ескі стандарттарда салынған бір спорт залда бірнеше сыныптың сабақ оқитынын көрдік. Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бастау алды. «Самрұқ қазына» ұлттық әл-ауқат қоры осы жобаны жүзеге асырып жатыр. Жобаға қатысты сын, пікірлерімізді оқу-ағарту министрлігіне айтып жатырмыз. «Жайлы мектеп» аясында салынатын мектептерде әр баланың дамуына тиісті жағдай жасалады. Бұл мектептер бұдан әрі осы стандартпен салынатын болса, елімізде заманауи мектептер жасақталады. Материалдық-техникалық база дегеніміз – тек компьютер ғана емес, домбыра, еңбекке баулу, шығармашылық, ғылыммен айналысуға мүмкіндік қарастыру. «АMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында 3 мыңнан астам ауыл мектептерін, яғни жыл сайын мың мектепке күрделі жөндеу өткізуді қарастырдық. Осыны үкіметтен талап етіп, ары қарай жүзеге асыруды негізге алатын боламыз. Бүгінде орта білім саласындағы мектептердің материалдық-техникалық жабдықталуына қатысты екі мәселенің бары анық. Бірінші шешімі – «Жайлы мектеп» жобасының аясында, екінші шешім жыл сайын ауылдағы мың мектепке күрделі жөндеу өткізу. Сонымен қатар партияның сайлауалды бағдарламасында 5 мың пәндік кабинет ашу мәселесі қарастырылған. Бұл жұмысты табанды түрде жүзеге асырамыз.
– Президенттік жастар кадр резерві сияқты білім саласына өзгеріс әкелетін 1 мың маман арнайы дайындықтан өтетін болды. Осыған орай, тиісті бағдарлама қабылданады. Бұл жас педагогтердің мансаптық өсуіне тиімді ме?
– Негізі, әрбір салада кадрлық резерв қалыптастыру мәселесі өте өзекті. Бұл тек қана білім саласында емес. Медицина, әлеуметтік салада да кадрлық резерв қалыптастыру керек. Елімізде 650 мыңнан астам педагог мамандар жұмыс істейді. Оның 500 мыңы орта білім саласында. Сондықтан кадрлық резерв жобасының білім саласынан бастау алғаны дұрыс шешім. Айталық, мұғалім мәртебесі заңы қабылданғаннан кейін, қазір дәрігерлер мәртебесін көтеруге қатысты заң жобасын қарастырып жатырмыз. Әрине, қазір елімізде демографикалық өсім жоғары. Сәйкесінше, жаңа мектептер де қарқынды салынып жатыр. Тиісінше, сол мектептерге жаңа кадрлар керек. Осыған орай, 1 мың маман арнайы дайындықтан өтеді. Бұл қолайлы мектепте заманауи деңгейде жұмыс істейтін азаматтарымыздың жан-жақты дайындығын көрсетеді. Бұл жоба жыл сайын жалғасын тауып отырады. Кадрлық резерв жобасы ары қарай да жалғасады. Мақсат – мұғалімдердің біліктілігі мен білім сапасын арттыруда. Ауыл және қала мектептеріндегі білім сапасының алшақтықтарын азайту. Сондықтан да сапалық өсу болған жерде, мансаптық та өсу болады.
– Әңгімеңізге рақмет!