«Біз дизель отыны мен битум үшін бір ай бұрын алдын ала төлем жасап қойғанбыз. Енді соған қарамастан қазір көліктерімізді қаңтарып қоюға мәжбүр болып отырмыз. Күн сайын қажетті 15 тоннаны емес, ары кетсе 3 тонна ғана беріп отыр. Жинаған қор да таусылды. Жыл сайын осы мезгілде дизель отынына тапшылық туындайды. Былтырғы жұмысты да зорға бітірген едік. Қазір бізге дизель отыны жөнелтіліп жатқан жоқ, себебі зауыт жөндеуге тоқтап қалды дейді. Сонымен бірге бізге жанармай құю бекеттері арнайы техникаларымызды осында әкеліп толтырыңыз дейді. Ыдыстарға құйып бермейміз деп отыр. Бірақ біздегі кран мен экскаватор сынды бірқатар құрылысқа қажетті техника жанармай құю станциясына жете алмайды. Сондықтан бір жұмыс үшін бір-біріне байланған техникалар жұмысты тоқтатуға мәжбүр. Алайда біз бекітілген мерзімді бұзғалы отырмыз. Бұл үлкен айыппұлға алып келеді. Дизель отынын қалайша өндірушілерден тікелей жеткізуге болмайды? Құрылыс салатындарға мемлекеттік бағдарламалар аясында дизель отынын үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етуді ұйымдастыру аса қиын ба?», – деп ашынды «Корпорация Береке А» құрылыс компаниясының бас директоры Еркінгүл Оспаналиева.Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында өткен жиынға жиналғандар осылайша құрылыс жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр екенін айтып, билікке жанайқайын жеткізді. Кәсіпкерлердің айтуынша, Шымкенттегі жанар-жағармай құю станцияларында дизель отыны жоқ. Барының өзі ұзын-сонар кезек. Көлік және құрылыс компаниялары жанармай жеткізушімен қолданыстағы келісімшарт болған күннің өзінде аз мөлшерде ғана ала алады. Ал бөлшек саудаға мүлдем жоқ. Кәсіпкерлер бірнеше күн бойы бір жанармай құю бекетінен екіншісіне жүгіріп, ақыры отынды жоғары бағамен сататын делдалдарға тап болған.
«Дизель отынының жеткіліксіздіне қатысты жағдайдың шиеліністі деңгейге жетуіне Шымкент мұнай өндіру зауытының жөндеуге жабылуы себеп болып отыр. Дизель отынының жетіспеушілігі кәсіпорындардың тоқтап қалуына және шығындарға тап болуына әкеледі. Одан бөлек, жүргізушілердің еңбекақысы төмендейді. Тапсырыс берушілермен екеуара шарттардың орындалу мерзімі мен сапасына әсер етеді. Ал кәсіпкерлердің шығындарын айтпаса да түсінікті», – деді жиынды жүргізіп отырған Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сабира Адамбекова.Ал «Атамекен» өңірлік кеңесінің кеңесшісі Тахирбек Нишанбаев шағын жанармай құю бекеттерінде дизель отынының қажетті көлемі болмағандықтан 230 теңгеден сата алмайтынын айтады. «Petrosan» наурыз айында барлық шағын жанармай құю станцияларына 20 тонна ғана дизель отынын берді. Бұл сома бір аптаға жетеді. Қазір шағын жанармай құю бекеттерінде дизель отыны таусылды», – деп атап өтті ол.
«Жанар-Жағармай» бірлестігінің төрағасы Қайыпбек Қамбаров болса, басты мәселе – ашықтықтың жоқтығында дейді. «Қанша мұнай өңделеді, қанша мұнай өнімі қайда берілуде? Оның қайда кететінін білмейміз. Олар соңғы тұтынушыға жеткізе ме? Бізде мұндай нақты ақпарат жоқ. Қоғамдық, уәкілетті орган – әр облыстың әкімдігі бар, солар бақылауға алып, есеп жүргізуі керек деп есептеймін. Соңғы тұтынушыға жету үшін кері байланыс болуы керек», – дейді ол.Кәсіпкерлер жыл сайын жұмыс қызатын науқан кезінде жыр болатын осы жағдайға тағы бір мәселенің түрткі болатынын жеткізді. Отандық мұнай өнімдерін жақын маңдағы мемлекеттерге заңсыз әкету бойынша жылдар бойы жолға қойылған схемалардың бар екенін жоққа шығармады. Бұған көрші елдердегі жанар-жағармайдың қымбаттығы сеп болып отыр. Мәселен, елімізде дизель отыны 260 теңге деп белгіленсе, Ресейде 367, Қырғызстанда 408, ал көршіміз Өзбекстанда дизель отыны 544 теңге болып тұр. Демек, Шымкентке бар-жоғы 120 шақырым қашықтықтағы Өзбекстанмен баға айырмашылығы жер мен көктей. Яғни, жасырын сауданың болуы әбден мүмкін. Біздегі қордың Өзбекстан асып жатпасына кім кепіл?! Сондықтан жиналған бизнес өкілдерінің бірі көрші елмен бағаны теңестіру керек деген пікірін айтып қалды. «Дизель отыны қымбат болса да, болғаны дұрыс» дейді олар. Кәсіпкерлер сонымен бірге сараланған тарифтен бас тартуды ұсынды. Мұнда да сыбайлас жемқорлық схемалары бары айтылды. Сондай-ақ кәсіпкерлер көрші елдерге дизель жіберіп жатқан кеден бекеттерінде бақылауды күшейтуді сұрады. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов болса, кәсіпкерлердің көзін бақырайтып қойып, «қалада дизель отынына тапшылық жоқ» деді.
«Шымкентте 9 мұнай базасы мен 196 жанармай құю станциясы жанармай сатады. Бүгінде 71 ірі жанармай құю станциясында талон арқылы шектеулі көлемде дизель отыны босатылуда. Тәуліктік мөлшері жеңіл автокөліктер – 100 л, жүк көліктері – 300 л көлемінде алуда. Айтып отырғандарыңыздай, дизель отыны тек жоғары бағамен жеткізілетін шағын жанармай құю бекеттерінде ғана жоқ. Қалаға Атырау мұнай өндіру зауытынан 900 тонна келе жатыр. Қаланың ай сайынғы дизель отынына деген қажеттілігі 10 мың тоннаны құрайды», – деп атап өтті Мақсұт Исахов.Оның айтуынша, билік дизель отынына мұқтаж құрылыс компанияларымен жұмыс істеуге дайын. Қала әкімінің орынбасары «көтерілген мәселелер бойынша энергетика министрлігіне шығып, тіпті қажеттілік туындаса, оларды Үкіметке жеткізуге дайынбыз дейді. Жалпы аталған ұсыныстардың барлығы қала басшысымен талқыланып, компаниялармен келіссөздер арқылы шешімін табуы мүмкін. Қалай болғанда да ірі құрылыс компаниялары зардап шегудің алдында тұр. Құрылыс компанияларынан бөлек, дизель отынының жыры шаруаларға да едәуір зиянын тигізіп келеді. Жыл сайын болатын жырдың шешімін қанша жерден жиналып талқыласа да, қайталана беретіні түсініксіз...
Шымкент қаласы