Бизнестің жол картасын қаржыландыру көлемі 224 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды.
Үкімет биыл 20 мыңнан астам жобаны субсидиялауды көздеп отыр
1,461
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңес басталды. Жиында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов баяндама жасады. 

Ол кәсіпкерлікті дамыту үшін енгізіліп жатқан өзгерістерді атап өтті. 

Оның айтуынша, қазіргі уақытта республикада бизнеске қатысты кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеуші саясат енгізіліп жатыр. Атап айтқанда, қаңтар айынан бастап Міндетті талаптар реестрі ашық түрде жарияланды. 

«Енді Реестрде жоқ талаптар бойынша тексерулер жүргізілмейді. Биыл заңнамадан бизнес үшін 10 мың керексіз талаптар алынып тасталады. Бұл тексерулердің санын едәуір қысқартады. Сондай-ақ осы жылдың соңына дейін тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыру толығымен аяқталады», – деді Премьер-министр.

Биыл шағын және орта бизнесті жүйелі түрде қолдау шаралары кеңейтілді. 

Өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында қолдау көрсетілетін қызмет түрлерінің тізбесі (жеңілдетілген несиелер және қаржылық лизинг) 116-ға ұлғайды. 

Бірқатар басым қызметтер бойынша проценттік мөлшерлемені субсидиялау мерзімі 5 жылдан 7 жылға дейін ұзартылды. Бизнестің жол картасын қаржыландыру көлемі 224 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. 

Шағын және орта бизнесті қолдау шеңберінде биыл 20 мыңнан астам жобаны субсидиялау, 18 мыңнан астам жобаға кепілдік беру көзделіп отыр. 

Орта бизнесті қолдау бойынша қосымша шаралар қабылданады.