Соңғы жылдары балалардың құқығын қорғау әрі елдегі жетімдер үйінің санын қысқартамыз деген желеумен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды жаппай отбасы қамқорлығына беру қолға алынды.
Жерде жетім жыласа...
1,692
оқылды

Жетімдер үйінің атауын ауыстырып, қиын өмір жағдайындағы балаларды қолдау орталығы құрылды. Сөйтіп, атқамінерлер елдегі бала құқығын қорғау туралы жекелеген құқық қорғау ұйымдарының ұсынған жобасын құп көріп, орталықтағы балаларды үлестіруге кірісті. Осы арқылы мемлекет жетімдер санын іс жүзінде емес, қағаз жүзінде азайта бастаған. Алайда бір қайнауы ішінде қалған бұл жобаның азабын бүгінде кейбір отбасыларға асырауға берілген  балалар тартып жатыр. 

Статистикаға сенсек, қазір елде жетім балалар мен ата-ана қам­қор­лығынсыз қалған балалардың жал­пы саны төрт мыңнан асады. Ал ба­ланы отбасына қабылдағысы ке­ле­­тін­дер­дің кезегі  7000-ға жуық­та­ған. Бы­лай қарағанда бала асырап алушы­лар­дың саны артып отырғаны жақ­сы. Де­генмен «балалар үйі азай­ды», «ба­­ла асырап алатын ата-ана­лар кө­бейді» деп бөрікті аспанға ату­ға әлі ерте. Өйткені мемлекет қам­қор­лығынан ата-ана тәрбиесіне алынған балалар­дың барлығы бір­дей шекесі шылқып жүр деу­ге келмейді. Жеке отбасын­да­ғы же­тімдердің жағдайын былай қой­­ғанда, асырап алған ба­лаларды қа­жет­сіз зат секіл­ді қайта­рып бере­тін отбасылар да бар. Мыса­лы, 2019 жы­лы – 220, 2020 жылы – 176, 2021 жы­лы – 193, ал был­тыр 216 бала мем­­лекеттің қара­уына кері қайтарылған. 

Оқу-ағарту министрлігі Бала­лардың құқықтарын қорғау коми­теті қайтару фактілерінің бар екенін жасырмайды. Олар потенциалды ата-аналардың ауруы, отбасылық қиындықтар, психологиялық үйле­сімсіздік, балалардың жиі ауруын кері қайтарудың негізгі себебі ретінде көрсетіп береді. Негізі бізде балаларды асырап алатын ата-аналарды түрлі тексерістен өткізетін орталықтар жұмыс істейді. Сондай-ақ комитет оралу себептерін мүм­кіндігінше азайту үшін 2020 жылдан бастап әлеуетті асырап алушыларды міндетті психологиялық-педа­гогикалық даярлауды қоса енгізген. Дейтұрғанмен, әлгінде айтқандай, бірнеше тексерістен өтіп, арнайы сертификат алған соң да баланы кері қайтаратындардың саны өскен. Бірақ заңда баланы асырап алу ісіне саналы түрде барып, артынша ойы­нан айнып қалатындарға ешқандай жауапкершілік қарастырылмаған. Бала асырап алушылардың қара тізіміне енгізілмесе, мемлекет бер­ген біржолғы жәрдемақыдан бөлек, ай сайын төленетін қаражатты қай­таруға да міндеттелмейді. 

Әр дерек жеке зерттелуі керек

Шикілігі әлі де көп жобаны о баста балалар омбудсмені Аружан Сайын ұсынған. Сол се­бепті жетім балаларды асырап алу­шылардың заң алдында жауапкер­шілігін арттыру мәселесі туралы ойын білдік. Оның айтуынша, соң­ғы төрт жылда патронаттық тәр­биедегі балалардың интернаттық меке­мелерге қайта­рылу саны бірде азайып, бірде өсіп отыр. Соның ішінде Шығыс Қазақстан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыс­тарының қорғаншылық ор­гандарына қайта оралған бала­лардың саны 10 және одан да көп пайызды құрайды. «Бізде балаларды отбасына орналастырудың үш формасы бар. Бала асырап алғандар балаға барлық құқықтарын, тегін, мұрагерлік құ­қықтарын және т.б. береді. Одан кейін қамқоршылық және патронат. Қазір ата-анасының қамқорлы­ғын­сыз қалған 23 мыңнан астам бала болса, оның 17 мыңнан астамы қам­қорлықта, ал патронаттық отба­сыларда 1750-ден астам бала бар. Міне, сол ата-анасы қайтыс болса немесе ата-ана құқығынан айы­рылған жағдайда баланың туыс­қан­дары қамқорлыққа немесе патро­натқа алады. Ал қайтарудың көп бөлігі осындай қамқоршылардың отбасыларына да тиесілі. Қаржылық қиындықтар, ата-аналардың да­йын­дығы жеткіліксіз болатын се­бептер бар. Ең қызығы, мемлекет патронаттық отбасыларға одан әрі көмектесудің орнына, жақында мұн­дай көмектің қазіргі жағдай­ларын жақсарт­пай­тын, керісінше оларды нашар­лататын НҚА қабыл­дады», – дейді омбудсмен. 

Сондай-ақ ол «Бала асырап алған отбасылардан балаларды қайтару мәселесін түбегейлі шеш­кен ел жоқ, бірақ біз осы сандарды барынша азайту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Қазыналық мекеме­лер­дің орнын ата-анасы тастап кеткен баланы қамқорлыққа алатын отба­сыны қолға алдық», – дейді. Ал жа­уапкершілік мәселесіне келсек, ом­будсмен балаларынан бас тарта­тын, ата-аналық міндеттерін орын­дамайтын биологиялық ата-ана­лардың өзіне жауапкершілік қарас­тырылмағанын тілге тиек етті. Оның сөзінше, жауапкершілікті арт­­тыру үлкендерден гөрі балалар­дың өміріне қауіпті болуы мүмкін. Бізде туған баласынан бас тартқысы келетін ата-аналардың өзіне бала­сын перзентханада қалдыра алатын мүмкіндікті заңдастырып береді. Сон­дықтан Аружан Сайын өгей ата-аналар үшін қандай да бір әкім­шілік жауапкершілікті белгілеудің қажеті жоқ деп санайды. Оның ор­нына бар күшті патронаттық ата-ана­ларды дайындауға, барлық мүм­кін қиын­дықтар туралы білім беру­ге, бар тә­жірибені дұрыс пайдалана ал­са жетіп жатыр. Одан бөлек, өмір­дің қиын жағдайына тап болып, ата-ана құ­қығынан айы­рыл­ғандарға мемле­кет тарапынан қол­дау көрсе­тіліп, балалардың биоло­гиялық отбасына оралуын ойлас­тыру маңызды. 

Елордадағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Марс Ғалиев те «Әрбір фактіні жеке зерттеп, талдау жасамай жатып патронаттық ата-аналардың жауапкершілігін кү­шейту – балаларды қайтару мәсе­лесін шешуге ықпал етпейді» деп санайды. 

Қорқыныш құшағындағы өмір

Шындығында да өгей ата-ана­ларға жауапкершілік қарастырсақ, отбасында қалған баланың тағдыры ары қарай қалай өрілетіні одан да қорқынышты болуы мүмкін. Мүм­кін дейміз-ау, бұл солай болып та жатыр. Құқық қорғаушы Дина Тәң­сәрі қазірдің өзінде күн сайын «Не­молчи KZ» қорына асырап алынған балалардың ауыр тағдыры туралы хабарласатындар баршылық екенін айтады. Себебі патронаттық отба­сы­ларды бақылауға алатындардың әрекеті қарынды ашқызады. «Тараз­да патронаттық тәрбиедегі жетім бала асырап алынған отбасында тұрғысы келмегендіктен, биік үйдің терезесінен секіріп, сынған аяқ-қолына қарамай, жорғалап жүріп қашуға әрекет еткен. Бірақ қалалық білім бөлімі баланы әлгі отбасына қайтару үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Ауруханадан баланы бейімдеу орталығына алдыртып, пси­хологиясын «түзетіп», қорқы­тып-үркітіп түрлі тәсілмен баланы кері қайтаруға мәжбүрлеген. Біз ештеңе істей алмадық. Баланың пси­хикасы бұзылды, тағдыры тал­қан­далды. Сондықтан бұл жүйені бақылау керек деп санаймын. Біз­дегі балалардың құқығы, оның ішінде жетім балалардың тағдыры, ой-пікірі, психологиясы ешкімді ойландырмайды. Әсіресе, жетім балалардың тағдырымен ойнау дәл осы орталықтардан басталады. Әлгіндегідей әдіс-тәсілдер арқылы баланы патронаттық отбасыға күш­теп қайтарудың амалын қарас­тырады. Мысалы, орталықтағы балаларды түрмедегідей ұстайды. Телефонын тартып алады, доста­рынан оқшаулайды, оған қонаққа келуге болмайды. Бала толығымен сыртқы әлеммен байланысын жо­ғалтады. Бізде бір оқиға болды. Анасы ішкілікке салынғандықтан 16 жасында орталыққа түскен қыз болды. Бұл жердегі сұмдықты көз­бен көрген соң агрессор анасына қайта оралды. Анасының өгей әке­лерінен зорлық көрсе де орталықтың түрмесіне қайта оралғысы келген жоқ. Өйткені мемлекет балаға осын­дай адам төзгісіз жағдай жаса­ғандықтан», – дейді ол. 

Патронаттыққа алған отба­сы­ларда да жақсы ата-аналар бар. Сол секілді балаларды жұмыс күші ре­тінде құлдыққа пайдаланып жатқан отбасылар жетіп артылады. Тіпті, асырап алған отбасыларда қыз балаларға зорлық көрсеткен жағ­дайлар болған. 

Сол үшін балаларды орталықтан өз еркімен қашуға мәжбүрлейтін сұмдық әдіс-тәсілдер қолданылып, екінші ата-анасын тезірек табуға «көмектеседі». Агрессорлардың аш­са алақанында, жұмса жұдырығында қалған жетімдерді қорғауды алысқа бармай, Грузияның тәжірибесінен алып жатса, жетіп жатыр.

«Бұл елде адам құқықтарын қорғайтын ұйымдардың адамдары патронаттық тәрбиедегі балалармен тәулік бойы байланыста. Біздегі тәлімгерлік институты демонстра­циялық қойылымға көбірек ұқсай­ды. Олар балалар үйіне келетінін ресми түрде алдын ала айтады. Олар­ды орталықта комиссия сияқ­ты күтіп алады. Балалармен сенімді қарым-қатынас жоқ. Сол үшін біз­дегі патронат ата-аналардың жауап­сыздығы артады. Өйткені өздерінің мүлдем бақылаусыз екенін түсінеді, тексеру келсе де, келісімге келе ала­тынын жақсы біледі. Мысалы, про­куратура отбасына жылына 1 рет келеді. Оның өзінде 10 күн бұрын хабарлауы керек. Он күн ішінде от­басында «түсіндіру» жұмысы жү­ретіні заңдылық», – дейді Дина Тәңсәрі. 

Сенатор Амангелді Толамисов болса, ақшасы үшін жетімдерді «жұбатқысы» келетін отбасылар да болуы мүмкін екенін айтады. Мұндай отбасында қауіп-қатер көбейсе, керісінше балаларды орталыққа қайтарту керек. Бірақ баланың тағдырына жүрдім-бардым қараған ата-аналарды қара тізімге іліндіріп қана қоймай, оларға берілетін барлық жәрдемақыларды белгілі бір деңгейде қайтарту мәселесін заңмен қарастыру қажет.

Тоқсан ауыз сөзді түйіндесек, туа салып тағдырдың теперішін көрген тастандыларға таңдау құқы­ғын беруді қарастырған абзал. Мем­лекеттің саясатына құрбандық ре­тінде шалып, жетімдерді еркінен тыс мәжбүрлейтін қазіргі жүйе ба­ла­лардың құқықтарын аяққа тап­таумен бірдей. Олар да басқа бала­лар секілді білім алып, толық да­муына жол ашылуы керек. «Ауруын жасырған өледі» демекші, жараның іріңін жасырып, Жетімдер үйін жап­қанымызбен, жетімдердің санын қолдан азайта алмасымыз белгілі. Олай болса, құқық қорғаушылар айт­қандай, шалағай жүйенің құр­бан­дарын қорқыныш құшағынан құтқару уақыт күттірмеуі тиіс.

Жадыра МҮСІЛІМ