Алматыда Kazakhstan Fashion Week ұлттық сән апталығының 32-маусымы аяқталды. Онда отандық және шетелдік 17 дизайнер өз топтамаларын ұсынды.
Сенсацияға толы сән апталығы
1,173
оқылды

Бұл жолғы апталықтың тақырыбы қонақтарға ә деген­нен-ақ белгілі болды: подиум айналасына тігілген ақшаңқан киіз үйлер мен декоративті ағаш-бұталар іс-шараның көркін келтірді. Kazakhstan Fashion Week жобасының негізін салушы әрі арт-директоры Алексей Чжей түп-тамырымызға тереңінен үңі­ле­тінімізді, сондықтан топтама­ларда, безендіруде, сондай-ақ стилизацияда этникалық эле­мент­­тер басым болатынын мә­лім­деді. Сән көрсетіліміне келген қонақтардың өзі бірі – тақиясын, бірі – шапанын киіп, енді бірі ұлттық әшекейін тағып келген. 

Ұлттық сән апталығының 32-маусымында халықаралық бай­қаулардың лауреаты, моде­льер Адиля Ботабаева Қазақ­стандағы алғашқы трансфор­мерлер бренді YANG LAIN-нің «Ozgeshe» топтамасымен жұрт­шы­лықты таңғалдырды. Топта­ма­ның атауы жайдан-жай таң­дал­маған екен. Yang Lain сөзі ма­лай тілінен қазақ тіліне аудар­ғанда «ешкімге ұқсамайтын» де­ген мағынаны білдіреді. Көшпен­ділер бейнесінен шабыт алған ди­зайнер қазақ мәдениетінің заманауи интерпретациядағы кейпі болып саналатын 12 транс­формер бейнесін жасаған. 

«Бренд тұжырымдамасы өн­дірушінің де, тұтынушының да саналы болуын көздейді. Функ­ционалды трансформерлерді жасау – бұл сән индустриясының қоршаған ортаға теріс әсерін азайтудың амалы. Бұл топтамада киімнің бір бөлігін немесе аксессуарды бірнеше түрде қол­дануға болады. Жаңа топтамада барлық бұйым Zero-Waste әдісі­мен жасалған: матаның қалдық­тары да кәдеге жаратылды», – деп атап өтті дизайнер.

Брендтің атап өтетін тағы бір ерекшелігі – авторлық принттер. Жаңа топтама арқылы дизайнер Адиля Ботабаева табиғатпен те­рең байланысы бар қазақ мәде­ние­тінің философиясын жеткіз­гісі келетінін айтты. Принттің негізгі элементі – түйе. 

Сән апталығында Zalkar брендінің «Аян» топтамасы да көзге түсті. Бренд дизайнері Залқар Асқаралиевтің айтуынша, топтамадағы барлық киім зығыр және мақта секілді табиғи мата­лардан тігілген. 

Ал елордалық танымал ди­зайнер Динара Сатжан Kazakhstan Fashion Week сән апта­лығын­да этно-стильде кескінделген топтамасын ұсынды. Жібек мата мен киіздің күрделі үйлесімі көрер­менді бей-жай қалдырмады.

Айтпақшы, бұл іс-шарада биылғы ең сәнді түс те аталды. Шара қатысушысы әйгілі дизай­нер Аида Кауменова өз топтама­сында таңқурай түстес киімдерді ұсынды. Дизайнердің сөзінше, Viva Magenta 18-750 деп аталатын бұл түс биыл сәнде. Ол шынайы қуанышты, өзін-өзі таныту ер­кін­дігін, оптимизмді және ша­бытты білдіреді. Айта кету керек, жылдың үздік түсін америкалық Pantone институты арнайы зерт­теулерге сүйене отырып бел­гілейді. 

Еске сала кетейік, Kazakhstan Fashion Week ұлттық сән апта­лығы 2004 жылдан бастап өткізі­ліп келеді. Еліміздің басты по­диумы республиканы ғана емес, шет елді мойындатқан бірқатар отандық дизайнердің бағын ашты. 

Ботагөз ИКРАМОВА