Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы Қазақстан – Түрікменстан мемлекеттік шека­ра­сының режимі туралы келісімді рати­фика­циялау туралы» заңды қарады және өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.
Құқықтық қатынастарды реттеуді көздейді
350
оқылды

Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев алдымен Мемлекет басшысының еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте берген тапсырмаларынан туындайтын міндеттерге тоқталып өтті. Палата Төрағасы оларды іске асыру үшін Сенат Мәжіліспен және Үкіметпен бірлесіп әрекет ететінін айтты.

«Мемлекет басшысы өңірлердегі бірінші кезекте шешуді талап ететін мәселелерге тоқталып, оған Үкіметтің және жергілікті биліктің назарын аударды. Сенат Президентіміз белгілеген міндеттерді іске асыруға қажетті заңнамалық шешімдерді Мәжіліспен және Үкіметпен бірлесіп қабылдайды. Сондай-ақ айтылған мәселелерді жұмыс барысында басшы­лыққа алып, оларды Сенаттың негізгі іс-шаралар жоспарын іске асыру кезінде жан-жақты ескереді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыс барысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкі­ме­ті арасындағы Қазақстан – Түрікменстан мемле­кет­тік шекарасының режимі туралы келісімді рати­фикациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады.

Бұл Келісім Қазақстан мен Түрікменстан ара­сындағы мемлекеттік шекараға қатысты құқықтық қатынастарды реттеуді көздейді. Атап айтқанда, заң нормалары арқылы мемлекеттік шекараны күтіп ұстау, оны кесіп өту және шекара арқылы жүктер мен өзге мүлікті өткізу тәртібі айқындалады. Сондай-ақ құжатта мемлекеттiк шекарада, шекаралық бел­деу­лер мен сулар шегiнде кәсіпкерлік, балық аулау не­месе басқа да қызметті жүргізу, қоғамдық-әлеу­меттік iс-шаралар өткiзу мәселелері қамтылған. Бұл орайда шекарада құқықтық тұрғыдан туындауы мүмкін оқиғаларды шешу жолдары да реттелетінін атап өткен жөн.

Сонымен қатар палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жариялады.