Мәжілістің кезекті жалпы отырысы өтті. Осы жиында және комитеттермен өткен жұмыс отырысында кешегі Мемлекет басшысының еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңесте айтылған бірқатар мәселеге тоқталдым.
Президент тапсырмалары жауапкершілік жүктейді
955
оқылды

Бірінші. Президент экономиканы қайта жандан­дыру бойынша үлкен міндеттер қойды. Отандық өндірісті дамытуға негізгі басымдық берілуге тиіс. Соның ішінде шетел инвестициясын тарту мәселесі де ескерілгені жөн.

Агроөнеркәсіп кешенінің өнімділігін арттырудың маңызы зор. Бұл ретте өнімді тек шығарып қана қой­май, сақтау қажет.

Шағын және орта бизнесті, әсіресе ауылды жер­лерде дамытуды ынталандыру маңызды.

«Қазақстанда жасалған» өнімдер бәсекеге қабі­летті және қолжетімді бағада болуы керек.

Баға өсімімен күресіп, қазақстандықтардың табысын арттырудың бірден-бір жолы осы.

Екінші. Мемлекет басшысы ондаған жыл бойы жинақталған инфрақұрылым мәселелерін шешу және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаң­ғыртуды қолға алуды тапсырды. 

Халық пен бизнес үшін тарифтерді көтеріп қана қоймай, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын инвесторларға ұзақ мерзімге тартымды ету маңызды. Бұл жерде Президенттің «Инвестицияға айырбас тарифі» бастамасының әлеуеті мол. Инвесторларға мемлекеттің кепілдігімен әділ әрі қолайлы жағдай жасау қажет. Бұл осы салаға жеке қаржы тартуға жол ашады.

Депутаттық корпус Меншік иелері қауымдастығы мәселелерін шешу үшін көзқарасын білдіріп, ұсы­нысын беруге тиіс. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты мәселелер бойынша да өз пайымымыз бар.

Үшінші. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған конституциялық реформалардың нәтижесінде Мәжіліс еліміздегі негізгі заң шығарушы алаңға айналды.

Сондықтан депутаттық корпус Президент жүк­теген міндеттердің барлығын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етуге бүгіннен бастап кіріседі.

Бұл жұмыс конструктивті диалог арқылы Үкі­мет­пен, әкімдіктермен тығыз қарым-қатынаста атқа­рыл­уы керек. Депуттар осы ұстанымды толық қол­дайды және нәтижелі жұмыс істеуге дайын.

Мәжіліс Президент реформаларын қоғамның белсене қатысуымен талқылауға арналған ашық диалог алаңы болмақ.

Осыған орай ертең төменгі палатада агро­өнер­кәсіптік кешенге жеңілдетілген несиелерді бөлу, сондай-ақ әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру бойынша екі бейінді комитеттің отырысы өтеді.

Сонымен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыруда қазақстандық үлесті арттыру мәсе­ле­лері бойынша «AMANAT» фракциясының оты­рысы болды. Алдағы 5 жылда 401 мектептің құры­лысына 2,6 триллион теңге бағытталады. Бұл жобаға отандық бизнес барынша атсалысуы қажет. Сонда ғана бөлінген қаржы экономикаға оң әсер етеді.

Мәжілістегі барлық іс-шара дәстүрлі түрде бұқаралық ақпарат құралдарының және қоғам өкілдерінің қатысуымен өтеді. 

Төртінші. Мемлекет басшысы еліміздің 2025 жылға дейінгі жаңа Ұлттық даму жоспарын әзірлеуді тапсырды. Оған Мәжіліске өткен партия­лардың сайлауалды бағдарламаларындағы ең маңызды тармақтар енгізіледі.

Бүгінде Мәжілісте саяси партиялардың алты фракциясы, сондай-ақ бірмандатты округтерден сайланған 29 депутат қызмет атқарады. Олардың барлығы сайлауалды науқан кезінде жұртшылықпен белсене кездесіп, халыққа біраз уәде берді.

Сол фракцияларға Ұлттық жоспарға енгізілетін ұсыныстарды қазірден бастап дайындауды ұсындым.

Мәселен, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында ауылдағы жас дәрігерлердің көтер­ме жәрдемақысын 10 миллион теңгеге дейін арттыру туралы ұсыныс болған. Бұл – медицина қызмет­керлерінің тапшылығын жоюға жасалған игі қадам. Ауыл тұрғындарының, кәсіпкерлік субъек­тілерінің, жастардың, бюджет саласы қызмет­керлерінің табы­сын арттыру, жаңа өндірістер ашу бойынша да тиісті шаралар қарастырылған.

Осының барлығы Ұлттық даму жоспарында көрініс табады. 

Мемлекет басшысы тапсырмаларының еліміздің одан әрі дамуы, азаматтардың тұрмысын жақсарту үшін маңызы зор. Бұл – Мәжіліс депутаттарының ортақ пікірі.

Енді халық пен бизнестің мүддесін, эко­номика­ның мүмкіндіктерін ескере отырып, алға қойған мін­деттердің нақты әрі тиімді орындалуын қам­тамасыз етуге тиіспіз.

Ерлан ҚОШАНОВ,

Мәжіліс Төрағасы