Бірер күн бұрын Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуі­мен өткен еліміздің әлеумет­тік-экономикалық даму мә­селелері жөніндегі кеңей­тілген кеңесте қазақстан­дықтардың ре­фор­маларға зор үміт артып отыр­ғаны ай­тылды.
Самат Нұртаза: Елдік мүдде бәрінен маңызды
1,138
оқылды

Ел дамуының ал­да­ғы мақсат-міндеті айқын­далған жиында атқарушы және өкілетті билікті ортақ мүдде жолына жұмылдыру жайы сөз болды. 

Әлем сипаты өзгерген қазір­гідей ал­мағайып шақта үлкен өзгерістерге жол ашатын саяси-эко­номикалық реформа жүргізу­дің маңызы зор. Көзделген мақ­са­тына жетсе, бұл өзгерістер елдің халық­аралық аренадағы беделін биіктетудің алғышартына айналмақ. Мәжілістегі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Самат Нұртазамен әңгімеміз осы мәселелер төңірегінде өрбіді. 

– Самат Русланұлы, әдетте ре­фор­маларды елдің ішкі мәселесі деп қараймыз. Бірақ оның нәтижесі сыртқы саясат пен қауіпсіздігімізге де ықпал етуі мүмкін. Ке­лісесіз бе?

– Әлбетте солай. Дегенмен ре­формалар бірінші кезекте халықтың тұрмысын түзеп, қымбатшылықты те­жеуге бағдарлануы керек. Сол арқылы қордаланған әлеуметтік мәселелер ше­шілсе құба-құп. Содан кейін ғана халық­аралық аренадағы бедел туралы ойлана бастауға болады. 

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңесте Президент республикадағы көптеген өзекті мәселеге тоқталды. Алматы мен Астананың арасында жол жоқ. Баспанасыз жүргендердің қарасы қалың. Қылмыс деңгейі өршіп тұр. Әсіресе, Президент баса назар аударған жасөспірімдер арасындағы құқықбұзу­шылық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг фактілерінің жиілеуі алаңдатады. Демек, халықаралық аренада беделімізді қалыптастырамыз деп жүріп, осы мәселе­лер­дің бәрін кейінге қалдыруға болмайды. Өткен 30 жылдың өзі бізге мемлекеттің «сыртын бүтін, ішін түтін» етудің соңы қа­лай аяқ­таларын көрсетіп берді. 

Шындап келгенде ішкі саясат сыртқы саясатқа әсер етеді. Ал ішінде тұтас, тату, өзара бейбіт ұйымдастырылған мемлекетке сыртқы жау қауіпті емес. Сырт көз, мы­сықтілеу мемлекеттер кез келген елдің әл­сіз тұсын зерттей бастайды. Яғни, онда­ғы өзекті әлеуметтік мәселелерді, соны көтеріп жүргендерді анықтауға зерттеуге көшеді. Ішкі саясат реттелсе, соған сай мемлекеттің де сыртқы саясаттағы беделі биіктей түседі. 

– Жалпы, елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформаларға шетелдік сарапшы­лардың берер бағасы қандай?

– Байқауымызша, көпшілігі позитивті пікір б­ілдіреді. Біз жүргізіп жатқан рефор­маларды қолдайды. Дегенмен бұл рефор­маларды іске асыру­да шетелдік са­рап­шылардың ри­зашылығынан бұрын оның шарапатын отандастарымыз сезіне алатын жағдай жасау маңызды.

 – Сіздіңше, қазіргідей халықаралық жағдай шиеленіскен шақта сыртқы саясат жүргізудің басымдығы қандай болуы керек?

– Мұндай жағдайда сыртқы саясат бейтарап жүргізілуі керек деп ойлаймын. Себебі мемлекет территориясының орна­ласуын, аумақтық ерекшелігін, халықтың санын, оның құрамын ескерсек, біз үшін халықаралық қатынастағы ең тиімді жол – дипломатия және бейтарап позиция. 

– Ресейге салынған санкциялар Қазақ­станға саяси, экономикалық байланыстың жаңа арнасын түзуге шақырды. Дәл қазіргі сәтте Қазақстанның Орталық Азия ел­дері­мен байланыс құрудағы әлеуетін қалай бағалайсыз?

– Орталық Азия мемлекеттері қан­дай болсын одақ құрып, бірігіп, бір-біріне көмектесіп жүре береді. Олардың ара­сындағы стратегиялық, тату көрші және бауырлас мемлекет ретіндегі берік бай­ланыс бұған дейін де болған. Бұдан кейін де бола береді. 

Шындап қарасақ, осындағы 5 мемлекет әлі де Ресейдің ықпалында. Қырғыз Республикасы, Өзбекстан мен Тәжікстан халқының негізгі бөлігі Ресейде жұмыс істеп жүр. Сол секілді Түрікменстан газын өткеруде солтүстігіміздегі алпауыт мем­лекеттің нарығы үлкен мүмкіндік. 

Ал біздің жағдайымыз айтпаса да түсінікті. Ресеймен 7,5 мың шақырымдық ортақ шекарамыз бар. 8 облысымыз осы мемлекетпен шектеседі. Солтүстік өңір­лердегі халықтың саны да белгілі. Ме­нің­ше, қандай жағдай болмасын ал­пауыт мем­лекеттермен байланы­сымыздың үзілмегені жөн.

– Қазір бауырлас түркі жұртымен байланыс құруға айрықша басымдық беріліп жатыр. Оған жақындағы Әзербайжан президентінің сапары мысал бола алады. Сіздіңше, бұл бағыттағы байланысымыздың мүмкіндігі қандай?

– Әрине, Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы бауырластыққа негізделген, достық рәуіштегі байланысымызды дамы­туымыз керек. Дегенмен халықаралық бай­­ланыста өзара келісімнің нәтижелі іске асырылғаны маңызды. Кешегі Косово, Грузия, бертіндегі Украина мәселесінде көп­теген ірі мемлекеттің уәдесінен тайқып кететінін көріп отырмыз. Мұндай бай­ла­ныс­­та ең әуелі елдің мүддесі ескерілуі ке­рек деп есептеймін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Ш.АТЫХАНҰЛЫ