Арулар қазір қайда жүр?
Ең алғаш «Мисс Қазақстан» байқауы Кеңес үкіметі кезінде, яғни 1989 жылы басталды. Бұл титулды ең бірінші 20 жастағы балерина Сәуле Рахметова иеленген болатын. Ол бұған дейін 1988 жылы Алматы аруы атанған. Сәуле 1987 жылы Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі атанады. Кейіннен АҚШ, Ресейде өнер көрсетіп, 2008 жылы елге оралады. Бұдан кейін араға жылдар салып, «Мисс Қазақстан» ұлттық байқауы 1997 жылы өткізілді. Ұлттық сұлулық байқауының негізін San Bell агенттігі қалаған. Байқау Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылады. Сән додасы Алматы қаласында республикалық Оқушылар сарайында өткен. Бұл сында 20 жастағы алматылық студент Жәмиля Бисембиева жеңіп шықты. Ол жеңісінен кейін «Ред старз» сән агенттігімен біржылдық келісімшартқа отырады. Алайда Жәмиля сәнгерлікті емес, «Қазақтелекомда» жұмыс істеуді таңдайды. 1998 жылы 17 жастағы оқушы Дана Төлеш «Қазақстан аруы» атағын жеңіп алды. Ол өз сөзінде байқауға қатысу шытырман оқиғаға толы болды деп атаған. Қазір Дана табысты кәсіпкер, әрі үш баланың анасы. 1999 жылы еліміздің ең әдемі қызы атағын Әсел Исабаева, 2000 жылы алматылық Маргарита Кравцова иеленеді. Маргарита Ұлыбританиядағы «Әлем аруы» байқауында вице-ару атанды. Байқаудан кейін ол біраз уақыт шетелде тұрды. Кейін Қазақстанға оралып, «Тонаушылар Олимпиадасы» атты картинаға түсіп, телеарнада жұмыс істеді. Қазір үш қыз тәрбиелеп отыр. Осылайша, «Мисс Қазақстан» байқауы талай қыздың бағын ашты. Үздік үштікке ілінгендер де ескерусіз қалған жоқ. Алайда халық арасында «Қазақстан аруы» атану ақшамен, таныспен шешіледі» деген сыбыс кең таралған. Тіпті, сұлулық сынына түскендер жеңіске жету үшін түрлі қитұрқылыққа барудан да тайсалмайтын көрінеді.
– Байқауға қатысатын қыздарға қоятын талабымыз оңай емес. Себебі біз сұлулықты ғана бағаламаймыз. Бізге келген қыздардың жасы 17-25 жас аралығында және бойы 165-185 см болуы керек. Ешқандай жасандылықсыз табиғи келбет қажет. Яғни, тату, татуаж, еріндегі филлер деген дүниелерге тыйым салынған. Бұл тек келбетке арналған талаптарымыз. Ал ішкі дүниеге келер болсақ, «Сұлулық мейірімде» деген байқау тақырыбы айтып тұрғандай мейірім, иман, парасат пен білім де міндетті түрде бағаланады. Тіл білу де маңызды. Өйткені байқау жеңімпазы «Әлем аруы» байқауына қатысады. Сол жерде ағылшын тілі мен қазақ тілін білмей тұрғаны құптарлық жайт емес, – дейді «Қазақстан аруы» ұлттық байқауының президенті Айдай Исаева.
Байқау талабы жиі өзгереді
«Мисс Қазақстан» байқауы төңірегінде жиі дау туындайды. Мәселен, былтыр аталған жобаның басшылығы жаңа ереже енгізген. Соған сай өңірдегі додадан жеңіп шыққан кейбір сұлулар басты байқауға қатыспайтын болыпты. Осылайша, Петропавл, Ақтау, Тараз, Қызылорда, Өскемен, Орал, Талдықорғанның намысын қорғаған сұлулар республикалық деңгейде өнер көрсете алмады. Мұны байқау ұйымдастырушылары ереженің өзгергенімен түсіндірді. Дода қатысушыларының айтуынша, бұрын өңірлік байқаудан жеңіп шыққандар тікелей республикаға жолдама алса, былтырдан бастап республиканың өзіне тағы жартылай финал ұйымдастырған көрінеді. Мысалы, Таразда әу баста ұйымдастырушылар 400 қыздың ішінен Гүлжан Әуесбаеваны таңдап алған. Алайда соңында одан да бас тартқан.
– Қаншама дайындық, қаншама стресс, қаншама көз жасы десеңізші. Былайша айтқанда, қаншама қаражат кеткен кезде, «барамыз» деп тұрған жерде, біздің сағымызды сындырып, осындай дүние болғаны дұрыс емес деп санаймын. Бұл мемлекеттік деңгейдегі конкурс болғаннан кейін ұйымдастырушылар нақты бір себебін айтуы керек еді. Тізімін шығарып, осындай қыздар өтті, осындай қыздар өткен жоқ деп нақты айтпады. «Мұндай әділетсіздік болу себебі қандай?» деген сұраққа жауап алғымыз келеді,– дейді «Өскемен аруы – 2022» байқауының жеңімпазы Ариана Мұратханова.
Ал ұйымдастырушылар биыл байқау ережесін қатаңдаттық деп отыр. Айтуларынша, республикадан жеңген қыз әлемдік додаға қатысатын болғандықтан, барлық талапқа сай келуі керек екен. Сол себепті іріктеу өте қатал өткен.
– 7 өңірді таңдаған жоқпыз. Өйткені оның арасында 16 жастағы қыз болды. Кәмелетке толмаған қыздар бар. Былтыр жобаны ұйымдастырудан бастап, қыздарды іріктеуге дейін өзгеше болды. Мәселен, біз бұрынғы жылдары әр аймақта байқау жариялап, сол жерден іріктеп, тек жеңгендерді алып келіп, финалға қатыстыратынбыз. Осы жолы олай емес. Жалпы кастинг жарияладық, соған келген қыздарды ғана іріктеп алдық,– дейді Айдай Исаева.
Осылайша, республикалық байқауға жолдама алмаған 7 өңір сұлуларының орнына басқалар қатысты. Оларды кастинг арқылы таңдап алыпты. Айта кету керек, «Қазақстан аруы» байқауы біраз жылдан бері «Сұлулық мейірімде» атты ұранмен өтіп келе жатыр. Жер-жерден жиналған арулар қайырымдылық және әлеуметтік науқандарға қатысып, тұрмысы төмен отбасыларға, қарт адамдарға және балаларға қол ұшын созады.
Қаржысы жетпей тәжсіз қалды
«Қазақстан аруы» ұлттық сұлулық байқауы – «Ғалам аруы» (АҚШ), «Әлем аруы» (Ұлыбритания) және «Жер аруы» атты ірі әлемдік конкурстардың эксклюзивті лицензияларының жалғыз иегері. Сондықтан да байқауда жеңіске жеткен үш ару үш түрлі сында ел намысын қорғайды. Биыл 24 жастағы астаналық Томирис Кәкімова бас жүлдені иеленіп, «Әлем аруына» жолдама және 5 млн теңге алды. Ал 19 жастағы алматылық Диана Тәшімбаева «Әлем аруы Қазақстан» тәжін және «Ғалам аруына» жолдама иеленді. Алматылық тағы бір ару Дильназ Тилаеваға «Қазақстан жер аруы» атағы мен «Жер аруы» халықаралық байқауына жолдама бұйырды. Алайда байқаудан бірер апта өткеннен кейін «Ғалам аруы» атанған Диана Тәшімбетова өз атағынан да, арманынан да айырылды. Еліміздің атын әлемдік аренада танытуы тиіс сұлу дауды түсінбей дал болған. Айтуынша, халықаралық байқауға бекітілген арудың алдын орап, титулын тәркілеп, АҚШ-қа баруына тосқауыл болған.
– Бұл атақты жеңіп алғанда барлық шығынды өзім төлейтінімді ескертпеді. Жеңіске жеткен кез келген ару тыңғылықты дайындық пен ұйымдастырушылардың демеушілігін күтеді. Мен барлық жаңалықты «Ғалам аруы» байқауына тіркелгенде ғана білдім. Менің суретімді бекітіп, ақпаратты ұсынған. Аз уақыт қалып, қаржылай қиындықтар басталған кезде «барлық шығынды өзі көтеруі керек» деп айтты. Мен де, анам да мұндай жаңалыққа дайын болмадық. Біз сұлулық байқауына 10-15 млн теңге жұмсай алатын отбасы емеспіз, – деді Диана Тәшімбетова.
Ал Диананың анасы Қарлығаш Тәшімбетова бұл шудың негізгі мәселесі қаржылай қиындықтан туындағанын растады. Ол байқау ұйымдастырушыларының финалға өткен 12 аруды басқа мақсатта жабық іс-шараларға да апарғанын жасырмады.
– Алғашында бәрі жоспар бойынша болды. Диана дефилеге дайындалып, жалпы дайындықты бастап кеткен еді. Кейінірек ұйымдастырушылардың уақыт созып, маңызды жұмыстардың атқарылмай жатқанын байқадық. Қаржыландырудың жоқ екенін түсініп, ұйымдастырушылардан ашығын сұрадым. «Сіздер 1,5 млн теңгеге бағалаған көйлек, видео, жол шығыны қалай төленеді?» деп сұрадым. Оның барлығы бартер арқылы төленетінін айтқан болатын. Украина, Ресей елдерінде ұйымдастырушылар барлық шығынды өздері көтереді екен. Ал қатысушы тек психологиялық дайындық жасап, дене бітімін жақсартып, мәтін оқумен айналысуы керек. Бірақ мұның бірі де болмады. Негізгі мәселе ақшада, – деді Диана Тәшімбетованың анасы.
Бұқаралық ақпарат құралдарына осы дауды жариялағаннан кейін байқауды ұйымдастырушылар Дианадан тәж бен атағын тартып алған. Себебі ол келісімнің ең бірінші, басты шартын бұзған. Ал шартта: «Байқау мен байқауға қатысушы атағын кемсітетін әрекеттер жасамау керек» деп көрсетіліпті.
Бұл 25 жылдан бері өткізілетін сұлулық байқауының бізге мәлім болған бір шындығы ғана. «Мисс Қазақстан» байқауы тікелей жеке ұйымдастырушылар мен демеушілердің қаржысына өткізілетіндіктен, бұл салаға ешкім бақылау жасай алмайды. Сондықтан да қазір қоғамда мисс болуды мәртебе санайтындар азайып келеді.
Кербез ЕСІМ