Келісім түркі тілдес халықтардың құрлық ішіндегі көлік-транзит дәлізін дамытатыны сөзсіз. Алайда бұл бастама үлкен кеден одағының қабырғасына қаланған алғашқы кірпіш деп түсініп отырғандар қатары көп. Біз сөзге тартқан мамандар осы деңгейге жету үшін жеке мүдделерді ортақ іс үшін ысыра тұру, ортақ игілік жолында мемлекеттік көптеген ішкі құжатты біріздендіру секілді қыруар жұмыс тұрғанын алға тартады. Дегенмен бұл алынбайтын асу емес.
Кеден дәлізі құрыла бастады
Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасында жеңілдетілген кеден дәлізін құру туралы келісімге 2022 жылы 11 қарашасында Самарқанд қаласында ұйымға мүше мемлекет басшылары қол қойған. Ал Қазақстан Үкіметінің қаулысымен бекітілген келісім жобасын Қаржы министрлігі әзірлеп, «Ашық» НҚА порталында жариялады.
Былтыр қарашада Самарқандтағы жиынға қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев геосаяси, геоэкономикалық қайшылықтар салдарынан Еуразиядағы экономика және көлік-логистика жүйесі ыдырап бара жатқанына тоқталған еді.
Мемлекет басшысы түркітілдес халықтардың құрлық ішіндегі көлік-транзит дәліздерін дамытуы айрықша маңызды екенін жеткізіп, шекара бекеттерін жаңғыртуға, «цифрлық көлік жүйесін» қалыптастыруға баса мән берген болатын.
Жиында Әзербайжан, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Түркия және Өзбекстан өз араларында өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарына кедендік бақылаудың тиімділігін арттырып, оңайлатылған кеден дәлізінің дамуын және оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге уағдаласқан еді.
Келісім жобасын әзірлеген Қаржы министрлігінің түсіндірмесінде: «Құжатты ратификациялау кедендік бақылау рәсімдерін оңайлату және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасау нәтижесі ретінде, кедендік бақылаудың тиімділігін арттыруға және мерзімін қысқартуға, оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және Тараптар мемлекеттерінің аумақтары арасында өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарына қатысты ақпарат алмасуды дамытуға мүмкіндік береді» делінген.
Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бұған дейін бір сөзінде осы құжат өзара кедендік бақылаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік беріп, мемлекеттер арасында жүретін көліктер мен тауарларға қатысты мәліметтерді электронды алмасу жолға қойылатынын атап өткен еді.
– Кеден дәлізін құру арқасында біріншіден, кедендік бақылауды жүргізу мерзімдері қысқартылады, оның қауіпсіздігі артады. Екіншіден, түркітілдес мемлекеттер аумақтары арасында қозғалатын көліктер мен тауарларға қатысты ақпарат алмасу ісі дамытылады. Нәтижесінде, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар, мүше елдердің экспорттаушылары, импорттаушылары үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасалады, елдеріміз үшін кедендік бақылау рәсімдері оңайлатылады, – деді ол.
Аталмыш құжат 26 сәуірге дейін көпшілік талқылауында болады. Кейін Үкімет ұсынысымен Мәжiлiстің қарауына енгiзiледі.
Айта кетерлігі, осындай заң жобасын Әзербайжан парламенті қарастырып жатыр. Наурыз айында Милли Мәжіліс комитетінің отырысында талқыланған келісім жобасы Парламент отырысының қарауына ұсынылды.
Тауар айналымының әлеуеті жоғары
Қазақстанның сыртқы сауданың негізгі көрсеткіштерінде Түркі ұйымына мүше мемлекеттердің тауар айналымының жалпы көлеміндегі үлесіне көз салсақ, Қырғыз Республикасы – 0,8 пайыз, Түрікменстан – 0,3 пайыз, Өзбекстан – 3,7 пайыз, Әзербайжан – 0,3 пайыз, Түркия 4,7 пайызды иеленеді. Ұлттық статистика агенттігінің мәліметтеріне сүйенсек, Түркиямен байланыс біршама жоғары деңгейде, ол импорт пен экспорттағы негізгі әріптес елдердің қатарына кіреді. Қазақстандағы импорттың үлесі – 3,2 пайыз (1,6 млрд) және экспорттағы үлесі – 5,6 пайыз (4,7 млрд). Одан кейінгі орында Өзбекстан тұр, экспорт – 4,4 пайыз (3,6 млрд) пен импорт – 2,6 пайыз (1,2 млрд).
Жоғарыда келтірілген деректерді назарға алсақ, Түркі ұйымына мүше мемлекеттер өздерінің арадағы сауда-саттық әлеуетін толыққанды пайдаланып отырмағанын көреміз. Қазақстанмен шекаралас елдердің өзімен тауар айналымы бойынша алғашқы бестікке де ілікпейді. Сондықтан жақыннан өзара алыс-берісті жақсартып, экономикалық даму қарқынын арттыру үшін кедендік жеңілдіктер барлық тарап үшін оңтайлы болып шықпақ. Алайда ол үшін алдымен кеден бекеттерін жаңғырту, электронды ақпарат алмасу тетіктерін жолға қою және осы бағыттағы қолданыстағы заңнамалық актілерді біріздендіру үшін біршама іс атқаруға тура келеді.
Еске сала кетсек, Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Ташкентте өткен 4-өңіраралық өзбек-қазақ бизнес-форумы барысында 2022 жылдың 10 айында Өзбекстанмен арадағы өзара сауда қатынасы 35 пайызға өскенін атап өткен еді. Ал Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев 2021 жылғы желтоқсандағы Қазақстанға мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша екі ел үкіметтерінің алдында сауда көлемін 10 млрд долларға дейін жеткізу міндеті тұрғанын мәлім еткен болатын.
Әзербайжанмен экспорт былтыр шамамен 30 пайызға артып, 375,3 млн долларға жеткен. Алайда экспорт көлеміндегі үлесі 0,4 пайыз ғана. Ал импорт 0,2 пайыз болса да рекордтық 95 пайызға жоғарылап, 86,6 млн долларға жеткен.
Еске сала кетсек, сәуірдің басында Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің Астанаға ресми сапары аясында өткен кеңейтілген құрамдағы кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізе аламыз деп мәлімдеген еді.
Мемлекет басшысы сауда-экономикалық серіктестік әлеуеті әлі бар екенін айтып, экспорттық-импорттық тауарлар тізілімін одан ары кеңейту үшін пәрменді іс-шаралар қабылдауға уағдаластық жасалғанын мәлімдеді.
Қырғыз Республикасымен экспорт 0,9 пайызға (156,8 млн), ал импорт 0,8 пайызға (383,9 млн) тең. Қазақстан мен Қырғыз Республикасы екі ел арасындағы тауар айналым көлемін 2 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отыр. 2021 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 17 пайызға өскен. Қазір екіжақты сауда-саттық көлемін 2 млрд долларға дейін жеткізу мақсаты жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр.
Біз сөз етіп отырған жеңілдетілген кеден дәлізін құру жөніндегі келісім жемісті боларына сарапшылардың күмәні жоқ. Өйткені оған бәсекелес үлкен транзиттік-логистикалық дәліздің ең ірісі санкция бұғауында қалды. Сонымен қатар кеден дәлізі дефицит өнімдерді импорттауға және дайын ішкі өнімдерді экспорттауға тең мүмкіндік тудырады.
Солтүстіктің «салқынынан» сақтанудың жолы
Біз сөзге тартқан сарапшылар кеден саласындағы бастамаларды түбінде Түркі елдерінің кеден одағына айналдыруға кедергі жоқ екенін айтады. Өйткені қазіргі геосаяси ахуал оған оңтайлы сәтті тудырды. Сонымен қатар тоғыз жолдың торабында орналасқан Орталық Азия елдерін батыс шығыс арасындағы қауіпсіз дәлізге айналдыру пен саяси-экономикалық зор мүмкіндік ұсынып отыр.
Халықаралық заңгер, аймақтанушы Мақсат Жақаудың айтуынша, осындай келісімдер арқылы Орталық Азия елдері арасындағы шекарадан өтуге қатысты және кеден саласына қатысты ұсақ-түйек кикілжіңдерден бас тартуы керек.
«Кедендік жеңілдіктер мүмкіндігі дегеніміз – ең алдымен макроэкономикалық тұрғыдан қарайтын болсақ, аймақтық интеграцияның тереңдей беруі екенін көреміз. Бұл жерде түркітілдес халықтардың ауызбіршілігі бұл рухани-мәдени тұрғыдан ғана емес, экономикалық тұрғыдағы интеграциялану процесіне терең әсер етеді. Кез келген кедендік одақтың құрылымын саралап қарасақ, ол интеграцияның тереңдеуінен басталатын көреміз. Еуроодақтың құрылуы кезінде дәл осындай процестерден басталды, ЕАЭО-ның да қалыптасуы алғашында Кедендік одақтың құрылуынан басталды. Сондықтан бұл қадамдарға бару үшін әуелі осындай түрлі экономикалық келісімдердің негізін, әсіресе кедендік жеңілдіктерге қол жеткізу мүмкіндіктерін қарастыру қажет. Сонда өзара тауар айналымы жеңілдей түседі, сондықтан процесті тоқтатпау қажет», – дейді аймақтанушы.
Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, экономист Қайырбек Арыстанбековтің айтуынша, Украинадағы соғысқа дейін Қазақстан импортының 40 пайызы көршіміз Ресейден келді. Сарапшы ұлттық мүдде тұрғысынан бұл көрсеткіш 15 пайыз шамасынан аспауы керек екенін айтады. «Геосаяси жағдайлардың шиеленісіп кетуіне байланысты осы импорт көлемі азайып келеді. Ресейдің өзінен немесе Ресей арқылы транзитпен келетін тауарлардың бізге жетуі қиындады. Осы тауарлардың көбінің бағасы өсіп кетті. Сол себептен біздің билік Түркі әлемі платформасын пайдалану үшін осындай шешімге барды. Әлбетте, кез келген оңайлатылған кеден режимінің макроэкономикалық тиімділігі бар. Ол ішкі бағалардың төмендеуіне әкеледі. Әрине, құқықтық жағынан бұл келісім ЕАЭО шартының баптарына қайшы келмеуі тиіс, осыны да пысықтаған дұрыс», – дейді ол.
Қайырбек Арыстанбеков Ресей арқылы келетін импорт жолынан басқа екі бағытты дамытуды қолға алуды ұсынды.
«Біріншісі – түркі әлемі, Орталық Азия арқылы Түркияға кететін бағыт, екіншісі – Қытай бағыты. Қандай бір жағдайда осы үш бағыттың біріне қауіп-қатер төніп жатса, онда басқа балама бағыттар осы жүктемені өз мойнына алып, ұлттық экономикалық мүддеге жұмыс істей бастайды. Басқа елдерден, әсіресе инвестициялық тауарлар келген жағдайда оңайлатылған процедуралар болса, ол әрине өте тиімді. Жоғарыда айтылған жеңілдетілген кеден дәлізіне қатысты келісімнің біздің экспортқа да пайдасы бар. Біз құр импорт қана емес, сонымен қатар өз өнімімізді сол елдерге де шығарамыз. Сол жағынан да пайдалы болмақ. Өйткені бұл шаралар екіжақты болуы тиіс. Қазақстан ғана емес, келісімге қосылған мемлекеттер де біздің қолға алған ісімізге сәйкес келетін шешімдерге баруы қажет», – дейді экономист.
Ал аймақтанушы Мақсат Жақау Қазақстанның кеденге байланысты бірнеше одақ құрамында болуына кедергі жоқ екенін жеткізді. «Әлемдік тәжірибеде бір мемлекет бірнеше кедендік одаққа мүше болып кіре алады. Ондай жағдайлар тәжірибеде болған», –деді сарапшы.
Сарапшы Ресейге санкциялар салынғандықтан, ол жақтағы транзиттік-логистикалық байланыстар әлсіреп, оның орнына оңтүстік дәліздерді ашу қажеттілігі туындады деп санайды.
«Оңтүстік дәліздер дегеніміз – Орталық Азия мемлекеттері аумағы арқылы өтетін жолдар. Қазір ол жерде бір мемлекеттен екіншісінің аумағына өткен жағдайда транзиттік, логистикалық ахуалдарда кедендік кедергілер бар. Сондықтан да осы оңтүстік дәлізді күшейту керек. Жалпы, батыстан Ресей аумағы арқылы тауар тасымалдау толығымен тоқтап тұрса, бұл оңтүстік дәліз арқылы тауар тасымалдауға жаңа мүмкіндіктер ашады. Ал ол мүмкіндіктерді пайдаланып қалу үшін кедендік жеңілдіктер енгізу қажеттілігі туындайды», – деді Мақсат Жақау.
Аймақтанушы болашақта кедендік одақ қалыптастыру ұсынылып жатса, одан бас тартпау керек деп санайды.
«Кезінде Еуропадағы 27 мемлекеттің ұйысуындағы түрлі бағыттағы келісімдердің негізгі тұсы да осы кедендік одақ мәселесі болды. Ол Еуропалық одақтың қалыптасуына мүмкіндік берді. Сондықтан бұл жерде кедендік келісімдер тұтас тек қана экономикалық интеграциялық процестердің оңтайлануына үлкен ықпалын тигізетін алғышарт деп қабылдау керек. Өйткені бұл саяси одақ емес, экономикалық интеграциялық одақ болып қалыптасуға мүмкіндік береді. Бұл жерде тілі, ділі, діні бір түркі тілдес мемлекеттердің арасындағы сауда-саттықтың тереңдеуі барысында өзара тауар айналым, қызмет көрсету, тәжірибе алмасу бағытында үлкен мүмкіндіктері бар ауқымды нарық кеңістігі ашылады», – дейді Мақсат Жақау.
Оның айтуынша, кеден одағы құрыла қалса, ол жерде ЕАЭО секілді бір ғана монополист мемлекеті бар ұйым секілді емес, барлық елге экономикалық тең мүмкіндіктер беріледі.
Сарапшы осындай ауқымды нарық кеңістігінде кедендік жеңілдіктер, кедендік ережелердің ортақ талаптары қалыптасуы керек екендігін атап өтті. Сол кезде ғана еліміздің экономикалық интеграциялық даму мүмкіндігі артып, инвестициялық ахуалдың күшеюіне де мүмкіндік туады.
Қысқасы, кеден саласындағы жеңілдетілген режимнен бірер жылда толыққанды одақ құрыла салады деп күту асығыстық болар еді. Алайда бұл терең экономикалық интеграцияның бастауы екенін ешкім жоққа шығармайды. Сонымен қатар санкциялар соғысы кезінде елімізге батыстан жеткізілетін тауардың ағыны баяулап, оларды тасымалдаудың балама жолдары ізделіп жатқаны белгілі. Сондықтан бұрын ортақ шешімге тоқайласа бермейтін Орталық Азия елдері ішкі мүдделерінен бас тартып, ауқымды логистика-транзиттік жобасының негізін қалауға атсалысуына тура келді деп түсінеміз. Осы тұста ортақ интеграцияға бет бұру үшін тек қана ниет жеткіліксіз болатынын түсіндік. Оның іске асуына геосаяси, геоэкономикалық оңтайлы ахуал қажет, қазір сондай күн туып тұр.
Жәнібек АМАНГЕЛДІ