Экономистер мен болжаушылардың пікірі инфляция әлі де төмендейді дегенге саяды.
Экономистер Қазақстандағы инфляция деңгейін қайта қарау туралы ұсыныс білдіруде
4,235
оқылды

Назарбаев Университеті Жоғары бизнес мектебінің профессоры Йозеф Кеннингс жасаған зерттеуге сүйенсек, Қазақстанда ең тиімді инфляция деңгейі 5-7% аралығында болуы керек екен.

Экономист бұл зерттеу нәтижесін «Ақша-кредит саясатының стратегиялық мәселелері. Жаңа экономикалық сын-қатерлер» атты үшінші халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда жария етті.

«Түрлі мәліметтер жиынтығының негізінде біз Қазақстан үшін инфляцияның тиімді көрсеткіші 5-7% аралығы екенін таптық. Біз бұл бағалауды басқа тағы екі модельмен де салыстырып отырмыз (зерттеу микроэкономикалық тәсіл негізінде жүргізілді)», – дейді Йозеф Кеннингс.

Өз кезегінде Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов реттеушінің қалыптасқан сын-тегеуріндерге инфляцияның мақсатты бағдарлары қаншалықты сәйкес келетінін талқылауға әзір екенін атап өтті.

«Соңғы жылдары біз жоғары белгісіздік пен құбылмалылық жағдайында өмір сүріп, шешім қабылдап келеміз. Ондаған жылдар бойы қалыптасқан экономикалық байланыстар жаңа сипат алуда. Сауда құрылымы да өзгеріп келеді. Қазіргі жаңа экономикалық шынайылық оңтайлы ақша-кредит саясатын жүргізуде кеңесіп пішкен тонның келте болмайтынын көрсетіп отыр»,–  деді ол.

ХВҚ-ның Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия елдері үшін әлеуетті дамыту өңірлік орталығының экономисі Нұрдәулет Әбілов монетарлық реттеушілер ақша-кредит саясатын жұмсарту туралы мәселені инфляция 12-13% деңгейіне дейін төмендегенде ғана айта алады деп мәлімдеді.

«Экономистер мен болжаушылардың пікірі инфляция әлі де төмендейді дегенге саяды. Базалық мөлшерлемені төмендету қажеттілігі инфляция айтарлықтай төмендегенде, яғни ол 12-13 % деңгейіне жеткенде ғана туындайды», – деді экономист.