Қарағанды қаласында «Қарағанды көктемі» атты ха­лықаралық поэзия фестивалі өтті. Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының директоры, ақын Жанат Жаңқашұлы мен ақын Асхат Қажытайдың идеясын Алаштың адуынды ақыны Серік Ақсұңқарұлы бастаған әдеби орта қолдап, жұдырықтай жұмылып, ауқымды шара өз деңгейінде ұйымдастырылды.
«Қарағанды көктемі» жырдан шашу шашты
706
оқылды

Фестивальдің ашылу сал­танаты мен аймақтардағы әдеби ахуал хақында келелі мәселелер ортаға салынған дөңгелек үстел Достық үйінде өтті. Онда қара­ған­дылық ақын Ерқанат Кеңес­бекұлы мен керекулік шайыр Серік Елікбай тұщымды баян­дама жасады. Шаһизада Әбді­кәрімов, Светқали Нұржан, Сұраған Рахметұлы, Маралтай Райымбекұлы, Бауыржан Баба­жанұулы, Ғазиз Ештанаев, Дәулеткерей Кәпұлы, Қалқаман Сарин, Сағыныш Намазшамова сияқты ақындар да сөз сөйлеп, жас қаламгерлердің әлеуметтік жағдайы мен шығармашылық әлеуетінің артуы турасында ой білдірді. Түстен кейін Түркия мен Әзербайжаннан келген Ekber Qoşalı, Yılmaz Okuklu, Selim Yuxai секілді құрметті қонақ­тарға Қарағандыны аралап көрді. Қасіретті «ҚарЛаг» саяси-тұтқындар лагерінің мұражайы­мен таныстырып, мұнда жазық­сыз жапа шеккендердің рухына тағзым етілді. 

Поэзия кеші Е.Бөкетов атын­дағы Қарағанды универ­ситетінің Студенттер сарайында дүркіреп өтті. Қазақ һәм түрік жұртының белгілі ақындары арқаланып өлең оқып, дүлдүл әншілер әуелете ән шырқады. 

Сонымен қатар Ербол Алшынбай, Руза Алдашева, Салтанат Қайырбек, Жоламан Айткен, Әлия Іңкәрбек секілді ақындар Жазушылар одағына мүшелікке өтті. 

Екінші күні Қарағандыдағы «Қасым үйіне» экскурсия жаса­лып, жас ақындарды екі сек­цияға бөліп, аға буын оларға дә­ріс оқып, өлеңдерімен таны­сып, арасынан жырларының бәсі биік деген екі ақын таңдал­ды. Олар – Абзал Мақаш пен Роза Аспанқызы.

 Алдағы уақытта Қарағанды университетінің ректоры, меце­нат Нұрлан Дулатбековтің қол­дауымен таңдалған екі ақынның кітабы жарыққа шығады.

Әдебиет ЖҰМАНОВ,

Қарағанды облысы