Елордада 1 мыңнан астам салалық білімі жоқ балабақша тәрбиешісі қайта даярлаудан өтуде. Өйткені жалпы мамандардың 32 пайызында арнайы білім жоқ.
Арнайы білімі жоқ тәрбиеші көп
695
оқылды

«Кадр – маңызды мәселелердің бірі. Қа­зір мектепке дейінгі білім беру ұйым­дарында 4 209 педагог еңбек етіп жатыр. Оның ішінде 2 719 маман мемлекеттік бала­бақ­шада жұмыс істейді. Педагогтерді аттес­тациядан өткізгенде қойылатын талап­тардың бірі – олардың біліктілігін көтеру. Биылғы оқу жылында 651 педагог білік­тілігін арттыру курсынан өтті. Атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, кадр бойынша проблема бар. Мәселен, елордада балабақша педагогтерінің 32%-ның арнайы білімі жоқ, яғни олар педагог, бірақ, мек­тепке дейінгі білім беру бойынша емес», – деді Қасымхан Сенғазыев елорда мә­слихатының отырысында.

Оның айтуынша, бүгінде білімі сәйкес келмейтін 1 053 тәрбиеші қайта даярлаудан өтіп жатыр. Тағы қайта даярлаудан өтуі тиіс мемлекеттік балабақшаларда 770, ал жеке­меншік балабақшаларда 312 тәрбиеші бар. Кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін қала әкімдігі жыл сайын педагогикалық колледждерге мемлекеттік тапсырыс бө­луде. Биыл 500 орынға мемлекеттік тап­сырыс берілген екен.