Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Абай облысының әкімшілік орталығы – Семей қаласының Бас жоспарын әзірлеу жұмыстары басталды. Бас жоспарда шаһардағы қозғалысты жақсарту үшін бүгінде сауда-саттық жүргізіліп жатқан Аймауытов, Чехов және Шұғаев көшелерінің учаскелерін ашу көзделіп отыр.
Семейде жаңа жолдар ашылады
635
оқылды

Бұл туралы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев қаладағы сауда орындары мен базарлардың аумақтарын аралаған кезде хабар­лады. 

 Қазір «Ақшың», «Арғымақ» және «Мереке» базарлары орна­ласқан ауданда сауда контейнер­лері, қоршаулар мен автотұрақтар орналасқандықтан, қозғалыс қиын. Қаланың бұл бөлігі соңғы жылдары ең көп көлік ағынының орнына айналды. Орталық базар ауданында жаңа жолдарды ашу көшелердегі кептелісті азайтуға мүмкіндік бергелі тұр. Осыған байланысты қала тұрғындарының жүріп-тұруына ыңғайлы болу үшін автовокзалды қаланың бас­қа бөлігі Алматы тас жолының шы­ға берісіне көшіру жоспар­лану­да. Семей қаласының басқа бөлігінде тағы бір автовокзал орналастыру мүмкіндігі қарас­тырылуда. 

Өңір басшысы аталған көше­лердің учаскелерін босату бойын­ша барлық жұмыстар бизнестің мүдделерін ескере отырып, жос­парлы түрде жүргізілетінін атап өтті.

– Қалада тәртіп болуы керек, ол барлық қала тұрғындары мен Семей қонақтары үшін ыңғайлы және қауіпсіз болуы қажет. Көше­лерде өтпелі қозғалысты ашу бойынша жұмыс қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң жүргізі­летін болады. Бұл ретте кәсіп­керлер үшін жаңа сауда орындары айқындалады, – деп атап өтті өңір басшысы.

Семей қаласының Бас жоспа­рын әзірлеуді жыл соңына дейін аяқ­тау жоспарланып отыр. Аяқ­тал­ған­нан кейін қоғамдық тың­дау­лар, сондай-ақ экологиялық және мемлекеттік сараптамалар өткізіледі. Бас жоспар Үкіметтің қаулысымен бекітіледі.