Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың 2019 жылғы Жолда­уында халыққа жағымды бірқатар жайт айтылған еді. Оның ең маңыздысы – азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілегін жедел әрі тиімді қарасты­ра­тын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рымдамасын іске асыру. Қазір тұжырымдаманың тиімділігі артып келеді.
Жетісайлық шаруа неге шырылдайды?
1,511
оқылды

Сонымен қатар мемле­кет­тен жерді тегін жалға алу құқығына ие болған­дардың көпшілігі жерді игермей, босқа ұстап отырғанын қадап айтқан. 

«Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Ауыл тұрмы­сының сапалы болуын қамтамасыз етпей, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру мүмкін емес» деген Президент Үкімет пен Пар­ламентке осы түйткілді реттеудің тиімді жолдарын ұсынуды жүк­теген. Маңыздысы – тапсырманың қаншалықты, қай деңгейде орын­далып жатқанында емес. Сеңнің қозғалғанында! 

Ауылдағы ағайынның жан-жа­расына айналған жер мәселесіне қатысты жаңалыққа елең еткен жұрт мәселесін ашық айта бастады. Ата-бабасынан мұра болып қалған иен даланы мал жайылымына пайдалана алмай, егінін еге алмай қор болған ауыл жұрты Мемлекет басшысының бұл пәрменіне қуа­нып, үмітін үкілеп отыр. 

Молчанов салып кеткен ылаң

Жетісай ауданының Абай ауыл округінде де осындай үлкен мәсе­ленің шешімі табылмай келе жат­қанына бірнеше жыл болған. Пре­зиденттің пәрменінен соң қай­та атқа қонған ел кезінде өзге­лердің меншігіне өтіп кеткен же­рді қайтарып алсақ деп арман­дайды. 

Абай ауылы – кезінде жүзім өсіруден даңқы облыс, республика көлемінен асып, күллі одаққа бел­гілі болған мекен. Кеңшарды ұзақ жыл басқарған Алексей Молчанов есімді азамат ауылдың жартысынан астам суармалы жерін меншіктеп алып, тұрғындарды негізгі күнкө­ріс көзінен айырған. Салдары әлі күнге дейін сезіліп келеді. Көзін ашқалы атакәсібі болған жерден нәпақасын тауып жүрген ауыл тұр­ғындарының біразының отба­сы­лық үлес пайызы 1 гектарға да жетпейді. Тіпті, үлес-пайдан құр қалғандар да бар. Есесіне гектарын 500-700 мың теңге көлемінде қар­жыға жалға алып, егін егуде. Жер жырту, дән себу, дәрілеу сияқты жеміс жетіліп, пісіп болғанынша кететін шығыннан диқанға тиын қала ма, жоқ па? Ол жағы бұлың­ғыр. Ауылда одан басқа нан табар тіршілік те жоқ. «Қармаққа жармақ болар» деген үмітпен жылда жерге соқа салады. 

Қош, сонымен Абай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Дүйсенбек Торыбаев «Молчановқа өтіп кеткен жер кері қайтарылып, жоқ-жітікке таратылып берсе» дей­ді. Яғни, кеңшар басшысы бол­ған Молчанов жекешелендіру ке­зінде біраз жерді заңсыз иемденген екен. «Қазір оның өзі де, жұбайы да өмірден өтіп кетті. Ауылда жүрген баласы ішкілікке салынып, кейін ол да бақилыққа аттанды. Өзбек­станнан жиені келіп, жерді қал­талы азаматтарға сатып кетті. Жо­ғары жақтан өкілдер келіп тек­серіп, халыққа тиесілі жерді мұқ­таж жандарға берсе дұрыс бо­лар еді. Қазір елдің күнкөрісі жақ­сы емес. 200-ден аса қандас бауыр да көшіп келген. Оларға да жер ке­рек», – дейді ақсақал. Қарияның айтуынша, Молчановтың мұрагер­лікке қалдырып кеткені, жалпы жердің біраз бөлігін заңсыз ием­денгені жайлы аудандық соттың шешімі де бар. Аудандағы белгілі журналист, бүгінде марқұм болған Болат Көмеков бұл мәселе бо­йынша зерттеп, ауыл тұрғындары атынан №3 Мақтаарал аудандық сотына арызданып, сотта оң ше­шім алған екен. Сот шешімімен Молчановтың меншігіндегі заңсыз иеленген жерлер мемлекет мен­ші­гіне қайтарылып, сатып алу құқы­ғымен ауылдағы тұрмысы төмен азаматтарға жеңілдікпен берілуі тиіс болатын. Яғни, журналистің талап арызы қанағаттандырылған. Алайда жәбірленуші жақ облыстық сотқа арызданып, аудандық сот­тың шешімінің күшін жойды. Міне, содан бері қарапайым тұр­ғындардың үкілеген үміті де сөне бастаған. Бірақ бүгінде суармалы жердің тапшылығынан зардап ше­гіп отырғандықтан және ел Пре­зидентінің жекешелендірілген жерді қайтару бойынша айтқан мәлімдемесі халықты жігерлен­діргенін жоғарыда айттық. 

Совхоз мүлкінің бір бөлігі – директорға тиесілі 

Енді жұрт биліктен тиесілі жерді қайтарып берудің амалын тауып беруді сұрайды. Абай ауыл округіне қарасты Жүзімдік елді мекенінің тұрғыны Жасұзақ Сейіт­бековке 49 сотық пай үлесі тиген. Отбасындағы 7 жанға бар болға­­ны — 49 сотық. Ауған соғысының ардагері Абдықахар Алтауов та үйіндегі 7 жанға 77 сотық жермен «шықпа жаным, шықпаның» күйін кешіп отыр. «Былтыр 2 гектар жерді 400 мың теңгеден жалға алған едім. Одан нәтиже болмады. Биыл жалға алуға да қаржы жоқ. Бұл не деген сұмдық? Қалай күн көреміз? Мен ғана емес, ауыл тұр­ғындарының барлығы да шырыл­дап отыр», – дейді ауған соғы­сының ардагері. 

Ал Таулы Қарабақ соғысына қатысқан ардагер Тоқболат Буфи­наевтың отбасындағы 11 жанға тигені 1,22 сотық жер. 30 жылдан бері соны пайдаланып келе жатқан ол бала-шағасының басы көбейіп, немерелерінің саны артқан сайын бұл жердің түкке де жетпейтінін айтып шырылдайды. «Күнкөріс қиындап кетті. Жаңа бір жаңа заң­дарымен қарапайым халыққа пай­дасы тиер шешім шығып қала ма деген үмітіміз бар. Жеріміз құ­нарлы, бірақ аз. Баяғы Молчанов жерін жалға алайық десек, оған шамамыз келмей жатыр. Жердің жалға алу құнының нарқы – 500-600 мың теңге. Ол бізге қолжетімсіз. Халықтың көбі отырып қалды, жастар қалада жұмыс істеп жүр. Егер жер халықтың өзіне қайта­рыл­са, едәуір жеңілдік болар еді», – дейді ауыл ағасы. 

Мәселенің анық-қанығын ау­дандық әкімдіктен сұрағанбыз. Әкімдік ҚР Президентiнiң 1994 жылғы 9 наурыздағы «Совхоздар мүлкiнiң бiр бөлiгiн директор­лардың меншiгiне беру туралы» №1 585 Жарлығына және Қа­зақ­стан Республикасы министрлер ка­би­нетінің 1994 жылғы 24 ақ­пан­дағы «Мемлекеттік ауылшаруа­шы­лық кәсіпорындарын азаматтар­дың жеке меншігіне сату туралы» №216 қаулысына сәйкес «Киров» атын­дағы жүзім-жидек совхо­зы­ның директоры А.Молчановқа сол совхоздың пайдаланудағы егістік жерлерінің ішінен жалпы көлемі 1485,0 гектар жер учаскесі бөлініп берілгенін айтты. «Бұл мәселе ке­зінде аудандық және облыстық деңгейдегі соттарда қаралып, берілген жерлердің заңға сәйкестігі сот шешімдерімен анықталған. Азамат А.Молчанов қайтыс болған соң Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі талаптарына сай мұрагерлері анықталып, жер солардың пайдалануына өткен. Қазір Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларына сәйкес, аталған жерлер басқа ша­руа қожалықтарының пайдала­нуына өтіп, мақсатына сәйкес пай­далануда», – деп жауап берді ау­дан әкімінің орынбасары. 

1 адамға – 1 472 гектар, 7 жанға – 49 сотық жер

Біз Молчановтың ауыл бай­лығының жартысынан көп аума­ғын қалай иемденгені жөнінде зерттеп көрдік. «Бақсақ бақа екен» демекші, жоғарыда айтып өткен әкімдіктің жауабына сай жеке­ше­лендіру басталған тұста Прези­денттің Жарлығына орай 20 жыл бір орында жұмыс істеген дирек­торға шаруашылық мүлкінің 10 пайызы жерімен қосып тегін бе­ріл­ген. Сонымен, Молчановқа сов­хоздың 288 гектар мүлкі жері­мен қосып сыйға берілген. Бірақ «дәніккеннен құныққан жаман» дегендей, кеңшар директоры мұ­нымен тоқтамаған. Министрлер кабинетінің қаулысы негізінде ұжымдық кәсіпорынның тағы 20 пайыз мүлкін жерімен қоса аук­цион арқылы сатып алады. Одан соң бір жылдан кейін ұжымдық кәсіпорынның тағы 21 пайыз ­мүл­кін жерімен қосып меншік­тейді. Осылайша, қолынан келіп тұр­ған­да, қоныштан басып, кең­шардың шұрайлы суармалы жері­нің 51 па­йызын, яғни 1 472 гектар жерді меншіктейді. Ал қалған 49 пайыз­ды 7 476 адамға, әр отба­сына 0,76 гектар жерден ғана бөліп береді. Демек, ауыл халқының ата-баба­сынан қызғыштай қор­ғалып жет­кен жерінің 51 пайызы әп-сәтте бір ғана адамның менші­гінде кете барады. 49 пайыз 7 476 адамға бө­лінеді! Есебіне жете бері­ңіз. Бая­ғының бай-манаптарының әрекеті көзге елестейді екен. 

2003 жылы Молчанов өмір­ден өткен соң ауыл тұрғындары 2004 жылы оның иемденген же­рі­нің заң­сыздығын айтып, сотқа арыз­­данады. Сонда аудандық сот біраз былықтың бетін ашады. Жер иесі ауруханада қайтыс болған соң оның әйелі жерді түгелдей өзіне мұрагерлікке жазып кетті деп сотқа құжат өткізеді. Алайда сот сарап­тамасы мұрагерлік құжаттың жал­ған екенін дәлелдеп береді. Ең алдымен ондағы қойылған қол Молчановқа тиесілі болмай шы­ғады. Одан бөлек, Молчанов Таш­кент қаласында ауруханада жатқан соң онда мұрагерлікті құжат­тан­дыру шараларына барған елшілік қызметкерлерінің мөрі жалған болып табылады. Себебі сенбі – жексенбі елшілікке демалыс және ол күні мөр басылмайды. Тіпті, елшілікке мұрагерлікке қатысты тіркелген арыз да Молчанов қай­тыс болып кеткеннен кейін екі күннен соң тіркелген. Молчанов болса сенбі күні қайтыс болған. Сондай-ақ нотариус мұрагерлік жайлы куәлікті 6 ай өтпестен оның жұбайына беріп жіберуі де заңсыз деп танылған. Молчановтың бір­не­ше жылдан бері бірге тұрып келе жатқан азаматтық некедегі жұбайы сотта куәлік беріп, Молчанов мұ­рагерлік туралы айтпағанын, соң­ғы кездері қайта-қайта ауырып, «ауыл тұрғындарына обал болды, ауруханадан шыққан соң жерді өздеріне қайтарып беремін» деп айтып жүргенін атап өтті. Аудан­дық соттың судьясы Т.Ерімбетов осылайша халықтың жағына шығып, тұрғындардың атынан арызданған Болат Көмековтің арызын қанағаттандырады. Онда 30 гектар жерді мұрагерлеріне жал­ға беру және жеңілдікпен сатып алу құқымен қалдыруға, қалған 1 123 гектар жер бұрынғы Киров ұжымдық шаруашылық мүшелері мен тұрмысы төмен тұрғындарына жалға беру және жеңілдікпен са­тып алу құқын беру бойынша ше­шім шығарады. Ал облыстық сот бұл шешімді жоққа шығарады. 

Енді осынау даулы мәселеге 20 жылдан аса уақыт өтсе де, қара­пайым халық жылт еткен үмітті күтіп отыр. Иә, жеке тұлға жеке азаматтарға сатып кеткеннен кейін оған бір нәрсе деу қиын. Қалай болғанда да мұның бір шешімі бо­луы керек. Баяғы қаулыны көтеріп, оны бұздыру да биліктің қолындағы тірлік. «Бұл ай-күннің аманында жерге егін салуды ғана білетін, құ­жаттандыру шараларына аса құлық танытпаған қарапайым халықты қанау емей немене?! Бұған қалай жол беріп қарап отыруға болады?! Мәселе шешімін таппаса, Астана жаққа жол тартамыз» деп білек сыбана кірісіп отыр ауылдықтар. 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы