Ассамблея этномәдени және басқа да қоғамдық бірлестіктердің қызметіне айрықша назар аударуы қажет.
Президент: Ассамблеяның қызметін ұлттың ықпалдастық әлеуетін күшейтуге бағыттау керек
1,121
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясының отырысы өтіп жатыр. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.  

Жиында Президент осы жерде тұратын әрбір азамат береке мен бірліктің ұйытқысы болу керегін тілге тиек етті.  

«Ассамблеяның қызметін біртіндеп ұлттың ықпалдастық әлеуетін күшейтуге бағыттау керек. Сондай-ақ Ассамблея этномәдени және басқа да қоғамдық бірлестіктердің қызметіне тың серпін беру мәселесіне айрықша назар аударуы қажет. Олар этносаралық коммуникацияның тиімді жолдарын қалыптастыруы тиіс.

Түрлі этностардың мәдениет қайраткерлері арасында қоғамдық диалогтің болуы өте маңызды. Жұмыс тәсілі қазіргі заманға сай болғаны жөн. Үкімет осы айтылған мәселелерге назар аударуы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ осы жиында Мемлекет басшысы Еліміздің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы бәрінен қымбат екенін айтты.