Шетелге қашқан генерал-майор Серік Күдебаев Қазақстанға жеткізілді.
Генерал Серік Күдебаев қанша жылға сотталуы мүмкін?
1,452
оқылды

Бас прокурор Берік Асыловтың айтуынша, оны  Түркияда ұстап, Қазақстанға алып келген. Тергеу изоляторына қамалды. Бұл туралы Aikyn.kz сайты КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Сот процесіне онлайн қатысып жүрген Серік Күдебаевқа 3 сәуірде халықаралық іздеу жарияланды. Шекараны 23 наурызда кесіп өткені белгілі болды. Бішкектегі «Манас» әуежайынан Стамбұлға ұшқан. 

Күдебаев «Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтегі әрекетсіздік» бабы бойынша айыпталған болатын. Тергеу мәліметінше, Қаңтар оқиғасы кезінде ол Алматы облысының коменданты бола тұра, полиция департаменті ғимаратын тастап кеткен. Прокурор оны 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. 

Денсаулығы нашар екенін желеу етіп, сотқа қатыспағандықтан отырыс төрт рет кейінге шегерілді. Іс бойынша үкім 3 сәуір күні шығуы тиіс еді. 

Алайда шетелге қашып кеткендіктен сот процесі уақытша тоқтатылды. Заңгерлердің айтуынша, оның заңсыз шекара кесіп қашып кетуі негізгі айып бойынша қарастырылған жазаға қосымша бірнеше жыл қосылуы мүмкін.

Заңгер Сергей Уткин: «Мәселен, АҚШ-та мұндай жағдай үшін едәуір жыл қосады. Оларда қалыпты жағдай. Бізге ондай тәжірибе тән емес. Сондықтан оған тағылған айыптар бойынша ең ұзақ мерзім 9 жыл болса, солай қалады деп есептеймін. Қосымша жыл қосылады деп айту қиын», – дейді.

Бұған дейін Серік Күдебаев шекараны тау арқылы кесіп өтуі мүмкін деген болжам айтылған еді.

Фото: М,Казачковтың Telegram арнасынан алынды.