Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палатаның отырысы өтті. Онда сенаторлар «1996 жылғы 26 тамыздағы Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Респуб­ликасы арасындағы азаматтық және қылмыс­тық iстер жөніндегі өзара құқықтық көмек көр­сету туралы шартқа өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы хаттаманы ратифика­циялау туралы» заңды қарап, Үкіметке өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.
Өзара құқықтық көмек көрсетуді көздейді
880
оқылды

Отырысты ашқан Палата Төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының 32-сессиясында тоқталған міндет­терге назар аударды. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жолында бірлесіп әрекет етудің маңызы зор екенін айтты.

«Президентіміз қоғамдық келісім мен жалпы­ұлттық бірлікті қамтамасыз етуге арналған бірқатар міндеттерге тоқталды. Сенат үшін бұл сала – басым бағыттардың бірі. Қазіргі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері – бес әріптесіміз және басқа да сенаторлар этносаралық ынтымақтастықты арттыруға арналған жұмыстарға белсенді қатысып келеді. Сенат алдағы уақытта да еліміздегі бірлік пен тұрақтылықты одан әрі нығайтуға өз үлесін қоса береді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыс барысында Палата депутаттары «1996 жылғы 26 тамыздағы Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы азаматтық және қылмыстық iстер жөніндегі өзара құқықтық көмек көрсету туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң­ды қарап, мақұлдады. Бұл Келісім екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуді, азаматтық және қыл­мыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көр­сетуді көздейді. Заң нормаларына сәйкес екі елдің заңнамасын ескере отырып, Шарттың бірқатар бап­тарына өзгерістер енгізіледі.

Сонымен қатар отырыста сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады.

Жанболат Жөргенбаев Алматы және Жетісу облыстарының шаруаларымен кездесу кезінде көтерілген мәселеге назар аударды. Соған сәйкес депутат «Қорғас», «Өсек», «Тышқан» өзендерінің мүмкіндіктерін ескере отырып, өңірде су қоймаларын салу қажеттігін қарастыруды ұсынды.

Нурия Ниязова денсаулық сақтау саласындағы мекемелерде – балалар үйлерінде жұмыс істейтін педагогтардың әлеуметтік мәртебесін арттыру мәсе­лесін алға тартты. Депутаттың айтуынша, бұл қыз­мет­керлер қазір қолданыстағы «Педагог мәртебесі туралы» заңда қарастырылған нормалармен қам­тылмаған.

Руслан Рүстемов Қызылорда облысының мұнай экспортына арналған квотасын ұлғайту керектігін айтты. Сенатордың сөзіне қарағанда, бұл қадам өңірдегі кәсіпорындарда жұмыс істейтін қызметкер­лердің табысы мен салық түсімдерінің артуына оң әсерін тигізеді.