Кеше Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен және Астана Мемлекеттік қызмет хабының қолдауымен «Ашық үкімет және басқарудың жаңа мә­дениеті: есту, түсіну, әрекет ету» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.
Ашықтық принципіне негізделген конференция
461
оқылды

Конференцияның мақсаты – мемлекеттік басқару­дың өзекті мәселелерін талқылау және прак­тикалық ұсыныстар әзірлеу, оның ішінде «Ашық үкі­метті» енгізудің үздік тәжірибелерін зерделеу, Invisible Government – мемлекеттік қызметті цифр­ландырудың негізгі аспектілерін талдау, мемлекеттік қызметте HR-менеджментті дамыту, азаматтық қоғам, бизнес және мемлекет арасындағы ашық диалогты нығайту.    

Іс-шараға Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Президент Әкімшілігі Басшы­сының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов, Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы коми­тетінің төрағасы Әлихан Байменов, БҰҰ-дағы Қазақстан Республикасының тұрақты үйлестірушісі Фриберг-Стори Микаэла, экономика профессоры – Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Раев Квон Чунг, сондай-ақ отандық және АҚШ, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Болгария, Польша, Тәжікстан елдерінен келген сарапшылар, отандық ғалымдар, мемлекет және қоғам қайрат­керлері, мемлекеттік органдар, жоғары оқу орындары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

МҚІА төрағасы Дархан Жазықбаев елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың басты мақсатының бірі – ашықтық принципіне негізделген жаңа басқару мәдениетін қалыптастыру екендігін атап өтті.

– Мемлекет басшысының «Біз адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген негізгі қағи­даны айқын ұстанатын боламыз» деген пікірі – «Ашық үкіметтің» негізіне айналуы тиіс іргелі прин­цип. Себебі жаңа басқару мәдениеті «Ең алдымен адамдар» қағидатына негізделеді. Мемле­кеттік орган­дар үшін негізгі мақсат – мемлекет пен қоғам қатынасын үйлестіруде бюрократияға жол бермейтін басқарудың проактивті, сервистік және азаматтардың сұраныстарына ден қоя алатын үлгісіне көшу. Сонда ғана біз шын мәніндегі Жаңа басқару мәдениетіне көшіп, Ашық Үкіметті қалыптастырамыз, – деді МҚІА басшысы.

Дархан Жазықбаевтың айтуынша, жаңа басқару мәдениетіне сай, еліміздегі реформалар, бағдар­ламалық құжаттар мен ұлттық жобалардың тиімділігі  олардың халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапа­сына тигізген оң әсерімен өлшенуі керек. Бұл ретте, кез келген маңызды бастаманы жүзеге асыру жиі қоғамдық талқылауды, жан-жақты саралап зерделеуді талап етеді.

Мемлекеттік органдардың өкілдері, отандық және шетелдік сарапшылар қауымдастығы, ғалымдар мен зерттеушілер арнайы сессиялар аясында  «Ашық үкіметті» енгізудің халықаралық және отандық тәжірибесі, мемлекеттік басқаруды цифрландырудың негізгі аспектілерін талдау, сервистік мемлекеттік аппаратты және басқарудың жаңа мәдениетін қалыптастыру туралы мәселелерді ортаға салды.