Ақтөбеде ана мен баланы өлтіріп, қызды пышақтаған қаскөй ұсталып, қамауға алынған еді. Күдікті тергеу изоляторында өз-өзіне қол жұмсады. Мұны ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті растады. Бұл туралы Aikyn.kz сайты Zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
«Күдіктіні түнде мекеме қызметкерлері анықтады. Кезекші ауысым дереу алғашқы медициналық көмек көрсетті. Алғашқа көмек көрсетілгеніне қарамастан, тергеудегі адамды аман алып қала алмады. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем бригадасы адам өлімін растады», – делінген ресми хабарламада.
Оқиға орнына жедел тергеу тобы келді. Оқиға ТЖҚБ тіркелді, Қылмыстық кодекстің 105-бабы («Өзін-өзі өлтіруге итермелеу») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Сондай-ақ комитет Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері «ішкі аудит тағайындап, оның қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қолданылатынын» хабарлады.
Айта кетейік, биыл 29 наурызда Ақтөбеде 35 жастағы әйел мен оның 16 жастағы ұлының мәйіті табылды. Марқұмның 13 жастағы қызы ауруханаға жеткізілді.
Қылмыстық кодекстің 99-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
11 сәуірде Ақтөбеде күдікті ретінде 23 жастағы жергілікті тұрғын ұсталған болатын.