Премьер-министр Әлихан Смайылов пен TAV Airports холдингінің президенті Серкан Каптан авиация саласындағы ынтымақтастық және Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамыту мәселелерін талқылады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Әлихан Смайылов Түркия – Қазақстанның сауда-экономика, инвестиция, сондай-ақ көлік саласындағы негізгі серіктестерінің бірі екенін атап өтті.
«Біз еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға үлкен көңіл бөлеміз. Бүгінде Үкімет алдында Қазақстанның сенімді континенттік транзиттік хаб ретіндегі рөлін күшейту міндеті тұр», – деді ол.
Премьер-министр TAV Airports холдингінің Алматыдағы жаңа халықаралық терминал құрылысы бойынша ірі инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруға қатысуы маңызды деп атап өтті.
«Бұл – Орталық Азиядағы ең ірі әуежайлардың бірі әрі стратегиялық маңызы зор. Жаңа терминал құрылысы жолаушылар тасымалын айтарлықтай арттырып, ұшу географиясын кеңейтеді. Мегаполис тұрғындары мен қонақтарына жоғары деңгейдегі жайлы қызмет көрсетеді деп күтеміз», — деді Премьер-министр.
Өз кезегінде Серкан Каптан компанияның Қазақстандағы қызметі мен өндірістік мәселелері жайлы, сонымен қатар еліміздегі басқа да жобаларға қатысуды жоспарлап отырғанын айтты.
«Біз үшін Алматы әуежайы – маңызды жобалардың бірі. Өйткені ол Орталық Азияның қақ ортасында орналасқан және қала үшін де, бүкіл Қазақстан үшін де маңызды рөл атқарады. Сондықтан біз оны мүмкіндігінше тезірек дамытуға тырысамыз. Жаңа терминал келер жылы жұмыс істей бастайды деп үміттенеміз», – деді ол.
Айта кетейік, Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайының күл-талқаны шыққан болатын.