Форум аясында студент жастарға арналған бос орындар жәрмеңкесі өтті.
Алматыда Digital Farabi IT форумы өтті
1,026
оқылды

Алматыдағы  әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Digital Farabi студенттік ІТ форумы өтті. Іс-шара барысында осы саланың білікті мамандары, ірі компания басшылары, бизнес өкілдері мен инвесторлар бас қосты.

Форумның мақсаты – ІТ мамандарын даярлаудағы сапаны арттыру, бітіруші түлектерге арналған бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастыру, студенттік ІТ стартаптарды дамыту.

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев бұл форум студенттердің IT-технологиялар саласында құнды тәжірибе жинақтап, өз дағдыларын нығайтуға жол ашатынын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «2025 жылға қарай кемінде 100 мың жоғары білікті IT-мамандар даярлау» міндетін қойды. Президент өз сөзінде әлемдік нарықта IT саласында100 миллион маманның жетіспеушілігі туралы айтты. 2025 жылға қарай бұл сұраныс 200 миллионға дейін артады. Сондықтан, бүгінгі шараның маңызы жоғары. ҚазҰУ әрдайым студенттерге сапалы білім беруге және олардың өзін-өзі жан-жақты дамуы мен шығармашылық жұмысын іске асыруға барлық жағдай жасауға тырысады. Біздің университет әр салада жетістікке жеткен азаматтар мен талантты жастардың басын қосатын диалог алаңына айналып келеді.  Бүгінгі басқосу сіздерге тиімді тәжірибе  болады деген үміттемін», – деді Жансейіт Түймебаев.  

 

 

Еркін форматта ұйымдастырылған кездесуде ASUS компаниясының техникалық менеджері Амантай Алтанұлы, Factorial Incubator бағдарламасының негізін қалаушы Арман Сүлейменов, Цинхуа университетінің профессоры Чжан Вушэн, ZTE маркетинг бойынша жетекші сарапшысы Егор Манюков, Baiterek Venture Fund директорлар кеңесінің мүшесі әрі кәсіпкер Дана Блиева және т.б. сарапшылар мен кәсіпкерлер баяндама жасап, IT әлемінің өзекті мәселелерін талқылады.

Қатысушылардың пікірінше, конференция IT саласында елімізде жұмыс істейтін компанияларды жандандыруға, кәсіби дағдыларды дамытуға және өз мүмкіндіктерін көрсетуге жаңа серпін береді.

Форум аясында студент жастарға арналған бос орындар жәрмеңкесі өтті. Жастарға мемлекеттік мекемелер, ЖШС, екінші деңгейдегі банктер, ірі компаниялар жұмыс ұсынды. 

Сонымен қатар студенттер аталған мекемелерден жазғы өндірістік тәжірибеден өтуге мүмкіндік алды. 

Келушілер назарына студенттік ІТ стартаптар көмесі ұйымдастырылды. Шараның  мақсаты – университеттегі жас ғалымдардың инновациялық жобаларын көпшілікке кеңінен таныстыру. Сондай-ақ білім алушы жастар арасында «FIFA PS5» ойынынан жарыс өтті.

Форум соңында үздік стартаптардың авторлары мен FIFA PS5 ойынының жеңімпаздары  анықталып, қазылар алқасы жүлдегерлерді диплом және бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Нұрболат АДЫРБЕК, Алматы