Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында ақын-музыкант Мақпал Жұмабайдың Erten атты жеке концептуалды концерті өтті.
«Ертең» концептуалды концерті өтті
907
оқылды

Өнер иесі өз шығармаларында жасанды интеллектіні қолдана отырып, бүгінгі заманның өзекті мәселелеріне арналған перформанстар мен толғаныстардың үйлесімін бейнелейді. Аталған бірегей концертті көпшілікпен бірге Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған бір топ Палата депутаттары да тамашалады.

Сенат жұмысындағы басым бағыттардың бірі – ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Сенаторлар бұл міндетті шығармашылық индустрия өкілдерімен бірлесе отырып, жұмысты ерекше сипатта жүргізуге ниеттеніп отыр.

Мақпал Жұмабайдың айтуынша, өзінің шы­ғармашылық мақсаты – қазақ поэзиясын заманауи музыка және жалпы өнер арқылы жетілдіру. Им­провизациялық Erten туындысы – адамның өткен мен бүгінді зерделей отырып, ертеңге дайын болуын мақсат тұтады.

«Мақпал шердің» музыкалық-поэтикалық жо­басы 15 жыл бойы поэзия, музыка, кескіндеме, ани­мация, спектакль көріністері арқылы шығарма­шылық қызмет түрлерінің арасындағы шекараны ашып, қазақ поэзиясын жаңа биікке көтерді. Топ құрамында түрлі ұлт өкілдері мен әр жастағы музыканттар бар. Олар өнердің көптеген қырлары мен қазіргі заманға деген көзқарастарын тыңдарман қауымға әуен арқылы жеткізеді.

Лондондағы «АУА» концерті әйгілі топтың ха­лықаралық аренадағы ерекше қолтаңбасы екенін атап өткен жөн. Аңызға айналған Брюнель мұра­жайында өткен концерт музыкадағы жаңа ағымдар мен өнердегі есімдерді әйгілеген жер екені белгілі.